Қазақстанның ақылы жолдарында лазерлік қауіпсіздік жүйелері енгізілуде
- авторСадуақас Айсұлу
- Бүгін, 16:10
- 44
Соның бірі – ақылы автомобиль жолдарында лазерлік визуалды бағдарлау жүйелерін орнату, деп хабарлайды Jambylinfo.kz ҚазАвтоЖолға сілтеме жасап.
Аталған жобаны «Ақылы автомобиль жолдары дирекциясы» филиалы жүзеге асырып жатыр. Қазіргі таңда жұмыстар республикалық маңызы бар 22 жол учаскесін қамтиды. Олардың қатарында Астана – Щучинск, Алматы – Қорғас, Шымкент – Тараз, Орал – Ресей Федерациясы шекарасы бағыттары және басқа да маңызды көлік дәліздері бар.
Жаңа технология, ең алдымен, көріну деңгейі төмен кезде және түнгі уақытта жол қауіпсіздігін арттыруға бағытталған. Себебі дәл осы кезеңде жүргізушіге түсетін жүктеме артып, қателесу қаупі жоғарылайды.
Лазерлік құрылғылар жол бойына айқын жарық сызықтарын проекциялап, жүргізушіге нақты визуалды бағдар береді. Бұл:
– қозғалыс бағыты мен жылдамдығын уақытылы түзетуге;
– ұзақ әрі бірсарынды жолдарда қалғып кету қаупін азайтуға;
– жүргізушінің зейінін арттыруға;
– жол жағдайын дұрыс қабылдауға мүмкіндік береді.
Мамандардың айтуынша, мұндай жүйе әсіресе ұзақ қашықтықтағы трассаларда тиімді. Себебі дәстүрлі жол белгілері кей жағдайда анық көрінбеуі мүмкін.
Халықаралық тәжірибе де бұл технологияның тиімділігін дәлелдеп отыр. Шетелдік пилоттық жобалардың нәтижесіне сәйкес, лазерлік сигналдарға жүргізушілердің реакциясы жылдамырақ болады. Сонымен қатар мұндай учаскелерде жол-көлік оқиғалары 40–50 пайызға дейін азайған.
Айта кетейік, бұл жаңашылдықты отандық жүргізушілер де оң бағалап отыр. Олардың айтуынша, түнгі уақытта көлік жүргізу жеңілдеп, жалпы қауіпсіздік деңгейі артқан.
Жалпы, «ҚазАвтоЖол» компаниясы интеллектуалды көлік инфрақұрылымын дамыту жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыруда. Лазерлік жүйелерді енгізу – тек технологиялық жаңарту емес, жолдағы адам өмірін сақтауға бағытталған маңызды қадам.






