«ҚазМұнайГаз» 1,6 млрд теңгенің рейстерімен кімдер және қайда ұшатынын жасырып қалды
- авторjambylinfo.kz
- 12 ақпан, 2024
- 731
“ҚазМұнайГаз” Ұлттық компаниясы Jambylinfo.kz редакциясының ресми сауалына жауап бере отырып, мемлекеттік сатып алу сайтында жариялаған 1,6 млрд теңгелік лот бір жылда емес, 2024-2028 жылдар аралығында игерілетінін хабарлады. Бірақ, ол рейстер нақты қандай мақсатта ұшатынын, рейстермен кімдер және қайда бағыт алатынын жария еткен жоқ.
Естеріңізде болса, ақпан айының басында «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мемлекеттік сатып алу сайтында чартерлік рейстерді ұйымдастыру туралы лот жариялаған болатын. Компания осы мақсатта 1,6 млрд теңгеден астам қаражат жұмсайтынын көрсеткен.
Осыған байланысты біз «ҚазМұнайГаз» неге отандық әуе рейстерге емес , чартерлік рейстерді ұйымдастыруға мұқтаж екенін анықтау үшін компания өкілдеріне ресми сауал жолдауды жөн көрдік. Бірақ, компанияның баспасөз қызметінің жетекшісі Руслан Иманқұлов «Қазмұнайгаз» қай жылдан бері қазына ақшасына чартерлік рейстер пайдаланып келе жатқанын және былтыр бұған қанша қаражат жұмсағаны жайлы сұрақтарымызға жауап беруден бас тартты.
Ресми сауалда жазылғандай, “ҚазМұнайГаз” ҰК” АҚ-ның мемлекеттік сатып алу сайтында жариялаған «Чартерлік рейстерді ұйымдастыру қызметтері» жөніндегі ақпараты 2024-2028 жылдар аралығындағы 5 жылдық кезеңге арналған екен. Былайша айтқанда, компания 1,6 млрд теңгеден астам қаражатты көпшілік ойлағандай бір жылда емес, бес жылда жұмсауды жоспарлаған.
"Қазмұнайгаз тұрақты жолаушылар рейсі болмаған сәтте, чартерлік рейстерді тек іскерлік және өндірістік мәселелерді шұғыл түрде шешу үшін, сондай-ақ, төтенше және апатты жағдайлар кезінде пайдаланады. Ал алдын-ала белгіленген және жоспарланған іс-сапарлар барысында компания “Air Astana”, “SCAТ”, “Qazaq Air” секілді бірқатар әуе тасымалдаушыларының тұрақты рейстерін, сонымен қатар, теміржол көлігін пайдаланады", - деп сендірді Руслан Иманқұлов.
Мұнымен қоса, баспасөз қызметінің басшысы чартерлік рейстердің ақысы «нақты көрсетілген қызметке» сай төленетінін мәлемдеді.
"Яғни, чартерлік рейстерді пайдаланбаған жағдайда, ҚазМұнайГаз еш қаражат жұмсамайды", - дейді Руслан Иманқұлов.
Өз кезегінде, Jambylinfo.kz сайтының «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ қызметкерлері қай жылдан бері чартерлік рейстерді пайдаланып келе жатқаны және 2023 жылы бұған қанша қаражат жұмсалғаны жайлы сауалына компания үстіртін жауап қатты.
"2023 жылы чартерлік рейстерге жұмсалған шығын 2024 жылға жоспарланған қаражат мөлшерімен тепе-тең» деген баспасөз қызметі 2023 жылы бұл мақсатқа қанша қаражат кеткенін құпия қалдырды.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Ұқсас жаңалықтар
«1 млн. 107 600 теңге»: Жамбылдық ұстаздар ақшалай сыйақыға ие болды
- авторjambylinfo.kz
- 20 желтоқсан, 2024