жексенбі, 29 қыркүйек, 2024 22:42

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Бүгін Сәбит Мұқановтың туған күні

Бүгін Сәбит Мұқановтың туған күні
ашық дереккөзі
Бүгін Сәбит Мұқановтың туған күні
Бүгін қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі, қоғам қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстан Ғылым академиясының академигі Мұқанов Сәбит Мұқанұлының туған күні. Сәбит Мұқанұлы 1900 жылы 26 сәуірде қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданына қарасты Сәбит Мұқанов атындағы ауылда туған. Омбыдағы оқытушылар курсын, Орынбордағы жұмысшылар факультетін, Мәскеудегі Қызыл профессорлар институтының әдебиет бөлімін бітірген. Ауыл молдасынан оқып, хат таныған. Жасынан ел аузындағы жыр-толғауларды, қисса-дастандарды жаттап, мақамдап айтып үйренген. 14-15 жасынан өлең-жырды ауызша да, жазып та шығара бастайды. 1918-1919 жылдары Омбыдағы оқытушылар курсында білім ала жүріп Мағжан Жұмабаевқа хатшылық еткен. Қазақстанның халық жазушысы әдебиетке араласқаннан бастап-ақ дәуір, заман алға қойған тақырыптарға қалам тербеді. Ол қазақ әдебиетінің барлық жанрында өндіре еңбек етті. Жазушы қаламынан туған әдеби мұра сан жанрлы, мол көлемді, идеялық-эстетикалық мәні жоғары да бағалы. Ол 80 мың жолға жуық лирикалық өлең, жиырмаға тарта поэма, бірнеше повесть пен роман, көптеген әңгіме, очерктер, оннан астам пьеса, жоғары оқу орындарына арналған оқулықтар, қазақ ақын-жазушыларының шығармаларын талдайтын монографиялар, қазақ мәдениетінің тарихы және этнографиясы туралы зерттеу еңбектер, тағы басқа сан-салалы кітаптар жазды. Қаламгердің «Адасқандар» романы қазақ әдебиетіндегі тұңғыш романдардың бірі саналды. Сәбит Мұқанов есімі қазақ әдебиетінің «алыптар шоғыры» қатарында аталады. Оның шығармалары әлемнің 46 тіліне аударылған. 1956-1966 жылдары Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық комитетінің мүшесі болды. 2-8 сайланған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, КСРО Жазушылар одағының басқарма мүшесі болып сайланып, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының 1-лауреаты атанған. 2 рет Ленин орденімен, 2 рет Еңбек Қызыл Ту орденімен, «Құрмет белгісі» орденімен, көптеген медальдармен марапатталған. 2000 жылы қаламгердің 100 жылдық мерейтойы қарсаңында есімі Алматы қаласындағы көшеге, туған ауылына, ондағы мектепке, облыстық кітапханаға, облыстық драма театрына берілген. Алматы қаласында Сәбит Мұқанов атындағы көшеде ескерткіш мүсіні орнатылып, әдеби мемориалдық мұражай-үйі жұмыс істейді.  
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар