сейсенбі, 9 желтоқсан, 2025 21:04

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Баланы онлайн ортадан қалай қорғауға болады?

Баланы онлайн ортадан қалай қорғауға болады?
фото: almaty-akshamy.kz
«Ата-ана бақылауын күшейту өте маңызды. Бала қандай сайттарды қарайтынын, кіммен онлайн байланыс жасайтынын қадағалау қажет.

Сондай-ақ, құрылғыларда ата-ана бақылауы функцияларын қосып қойған жөн. Бұл қауіп-қатерді дер кезінде анықтап, баланы зиянды контенттен қорғауға мүмкіндік береді», – деп атап өтті ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.

Балалардың цифрлық ортада белсенді болуы және жасөспірімдердің виртуалды кеңістікке терең бойлауы мамандар мен ата-аналардан жаңа дағдыларды талап етеді. Онлайн кеңістікте баланы қорғаудың алғашқы әрі маңызды буыны – отбасы.

Қазақстанда балаларды зиянды ақпараттан қорғау жүйесі «Балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңының талаптарына негізделген. Аталған заң мемлекеттік органдардың өкілеттіктерін, сондай-ақ қауіпті контентке мониторинг жүргізу, талдау және бұғаттау тетіктерін айқындайды.

– Биылғы 25 қараша мен 10 желтоқсан аралығында елімізде «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күндік белсенді іс-қимыл» атты халықаралық акция өтуде. Бұл науқан әлем бойынша жыл сайын өткізіліп, қоғам назарын әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық проблемасына аударуға бағытталған. Акцияның мақсаты – зорлықзомбылықтың барлық түрлерінің алдын алу, жәбірленушілерге көмек көрсету, құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізу және қоғамда зорлыққа төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру. Елімізде атқарылып жатқан іс-шаралар аясында мектептер мен жоғары оқу орындарында түсіндіру лекциялары оқылып, дағдарыс орталықтарда ашық есік күндері, халыққа арналған флешмобтар ұйымдастырылып, челлендждер мен бейнероликтер жариялануда. Агрессорлармен және есептегі тұлғалармен профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Әлеуметтік желілер арқылы ақпараттық жұмыстар күшейтілуде. Аймақтық полиция бөлімшелері мен әкімдіктер, үкіметтік емес ұйымдар бірлесіп, жәбірленуші тұлғаларға психологиялық және заңгерлік көмек көрсетуде. Сонымен қатар «102», «111» «150» сенім телефоны тәулік бойы жұмыс істейді. Барша азаматтарды белсенділік танытып, зорлық-зомбылыққа төзбеуге шақырамыз, – дейді облыстық полиция департаментінің қоғамдық қауіпсіздік басқармасы отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің аға инспекторы, полиция майоры Жанар Қозыбакова.

 Айта кетейік, 2022 жылы заңнамаға «буллинг» және «кибербуллинг» ұғымдары енгізілді, ал 2024 жылдан бастап жәбірлеу үшін әкімшілік жауапкершілік белгіленді. Биыл 10 айдың қорытындысы бойынша 339 әкімшілік іс тіркеліп, олардың 198-і буллинг фактілері бойынша жауапкершілікке тартылды.

                                                                             

                                                                                                                                                                                                                                                  Н. МЭЛСҰЛЫ  

 

 

Бөлісу:
Садуақас Айсұлу
Автор

Садуақас Айсұлу

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар