«Заң және тәртіп»: мектеп – әрбір бала өзін қауіпсіз сезінетін орта болуы тиіс
- авторБақытжан Бекболат
- 21 қараша, 2025
- 15
Бүгінде облыс бойынша мектептердің 100%-ы бейнебақылау жүйесімен қамталып, олардың көпшілігі ішкі істер органдарына тікелей қосылған.
Бұл оқушылардың қауіпсіз қозғалысын бақылап, кез келген тәуекелдің алдын алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар білім беру мекемелерінде вахталық бақылау күшейтіліп, кіру жүйелері кезең-кезеңімен цифрландырылуда.
Жамбыл өңірінде балалардың психологиялық қауіпсіздігіне де басымдық берілуде. Мектептердегі психолог мамандардың жұмысы қайта қаралып, кибербуллинг, буллинг пен агрессияның алдын алу бағытында арнайы бағдарламалар енгізілді. «Қауіпсіз мектеп» жобасы аясында мұғалімдер мен ата-аналарға арналған тренингтер өткізіліп, оқушылар арасындағы жанжалдарды ерте анықтау әдістері жетілдірілуде.
Сонымен бірге, облыс көлемінде инклюзивті білім беру ортасының дамуы балалардың кез келген әлеуметтік, физикалық ерекшелігіне қарамастан мектепте өзін еркін сезінуіне жағдай жасайды. Бүгінде Жамбыл облысындағы көптеген мектепте инклюзивті кабинеттер жұмыс істеп, ерекше білім беруді қажет ететін балаларға психологиялық-педагогикалық қолдау көрсетілуде. Соның бір дәлелі – былтыр, яғни 2024 жылы облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің тікелей тапсырмасымен жаңадан құрылған – облыстық психологиялық қолдау орталығы. Білім басқармасына қарасты жаңадан құрылған орталық бала қауіпсіздігіне қарасты бірқатар тиімді әрі ауқымды шараларды қолға алып келеді.
– Жамбыл облысында 450 мемлекеттік жалпы білім беретін мектеп жұмыс істейді, оның ішінде қазақ тілінде оқытатын мектептер - 319, орыс тілінде оқытатын мектептер - 3, аралас (орыс және қазақ тілінде) оқытатын мектептер – 128. Қазақстан Республикасындағы Бала құқығы жөніндегі уәкіл Д.Зәкиеваның тапсырмасы бойынша «111» мемлекеттік байланыс-орталығының QR-коды облыстың барлық білім беру ұйымдарына орналастырылды. «Komek Stop Bullying» жобасы 450 мектептерге тегін орнатылды. Аталған байланыс орталығына облыстың 47 тұрғыны түрлі мәселелермен хабарласқан. Әрқайсысына жеке талдау жасалып, тиісті психологиялық көмектер көрсетілді. Оның ішінде 4 оқушыға ата-анасының рұқсатымен психологиялық орталықтың мамандары қолдау көрсетті. Сонымен қатар, «Жамбыл-109» Call орталығының бір желісі облыстық психологиялық қолдау орталығына беріліп, бүгінгі күні
24/7 арнайы орталықтың бекітілген психолог мамандары жұмыс жүргізуде. Аталған бағыттағы жұмыс нәтижесінде 62 өтініш тіркеліп, оның ішінде 12 оқушы ата-анасымен орталық мамандарының кеңесін алуда. «Облыстық психологиялық қолдау орталығы» тарапынан 2024-2025 оқу жылында 1524 адамға психологиялық көмек көрсетілді, – дейді аталған орталықтың әдістемелік бөлім басшысы Рахат Болтайұлы.
Баланың қауіпсіздігі – тек мектептің ғана емес, қоғамның ортақ жауапкершілігі.






