Буллингтің салдары балалардың психологиялық және физикалық денсаулығына елеулі зиян келтіріп қана қоймай, олардың оқу үлгеріміне және жалпы өмір сапасына теріс әсер етеді.
Буллингтің бірнеше негізгі себептері бар. Бірінші – отбасылық тәрбие. Балалар үйде көргенін мектепте қайталайды. Егер үйде агрессия, зорлық-зомбылық немесе қатал тәртіп қалыптасқан болса, бала да сол үлгіні мектепте қолдануы мүмкін. Екінші – әлеуметтік статус. Кейбір оқушылар мектептегі өздерінің әлеуметтік статусын арттыру үшін басқа балаларды қорлау арқылы өздерін мықты сезінеді. Бұл – әсіресе көшбасшылыққа ұмтылатын балалар арасында жиі кездеседі. Үшінші, түсінбеушілік және төзімсіздік. Осы ретте басқа ұлт өкілдері, дене бітімі немесе әлеуметтік жағдайы ерекше балалар көбіне буллингке ұшырайды.
Бүгінде буллинг әлем мектептерінде кеңінен таралып отыр. Буллинг сөзі – ағылшын тілінің «bully» яғни, қорқыту ұғымын береді. Бұл – физикалық агрессияны ғана емес, психологиялық қысым, қорқыту, тартып алу, қорлау дегенді білдіреді. Мұндай теріс әрекеттер физикалық байланыс, сөздер немесе басқа да әдістер түрінде болуы мүмкін. Мысалы, бет көрінісін өзгерту немесе әдепсіз қимыл сондай-ақ буллингтің құрбанын топтан, қауымдастықтан әдейі шығарып тастауға ұмтылу. Өкініштісі сол, 11-15 жастағы әрбір бесінші қазақстандық жасөспірім ай сайын буллингтің құрбаны немесе қатысушысы болады екен. Ал оған қатысу ұлдар арасында көбірек таралған.
Біраз аса уақыт бұрын еліміздегі Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының «Мектеп жасындағы балалардың денсаулыққа қатысты мінез-құлқы» («Health behaviour in schoolaged children») тақырыбындағы зерттеу тобы жасөспірімдер арасындағы денсаулық пен әл-ауқат көрсеткіштерін зерделеу мақсатында қазақстандық оқушылар арасында сауалнама жүргізген еді. Зерттеу тобы мұндай көрсеткіштерді әр 4 жыл сайын жинап зерттейді. Сауалнама жүргізу барысында оқушыларға буллингке немесе кибербуллингке қаншалықты жиі қатысқанын және өздері оның құрбандарына айналғаны жайлы сұрақтар қойылған. ДСҰО зерттеу тобы ғалымдарының айтуынша, буллинг құрбандарының да, қатысушыларының да ілеспе және болашақта психикалық денсаулыққа байланысты проблемалары бар. Белгілі болғандай, 11-15 жастағы жасөспірімдердің 17 пайызы мектепте айына бір немесе бірнеше рет буллинг құрбаны болған.
Бұл ретте ауылдықтармен салыстырғанда қала оқушылары жиі зардап шегетінін айта кеткен абзал. Ұлдар мен қыздар арасында буллингтің таралуы 15 жасқа жақындағанда азаяды. Сондай-ақ білім ордасында басқа адамдардың буллингіне айына бір немесе бірнеше рет 11-15 жастағы жасөспірімдердің 20 пайызы қатысады. Осы мінезқұлықтың таралуы 11 және 13 жастағы ер балалар арасында ең жоғары көрсеткішке ие екен. Сонымен қатар жаңа технологияларды дамыту және әлеуметтік желілерді танымал етумен буллингтің жаңа түрі – кибербуллингтің пайда болуына әкеп соқты. Кибербуллинг мысалдарына қорлау хабарламаларын жіберу (мәтін немесе интернет арқылы), әлеуметтік желілерде елемеушілік пікірлерді жариялау, кемсіту фотосуреттерін орналастыру сондай-ақ электронды нысанда біреуді қорқыту жатады.
Е.САҒЫНАЙҰЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Талас халық театры республикалық додада топ жарды
- авторБақытжан Бекболат
- 8 желтоқсан, 2025





