бейсенбі, 17 шілде, 2025 13:30

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Бата — халықтың рухани тірегі: Қордайда батагөй қариялар байқауы өтті

Бата — халықтың рухани тірегі: Қордайда батагөй қариялар байқауы өтті
ашық дереккөз
Қазақ «Батамен ел көгерер, жаңбырмен жер көгерер» деп тегін айтпаған. Елдің рухани тірегі – бата, халықтың рухани айнасы – батагөй қариялар.

Алайда бүгінгі күні жасы үлкен кейбір ақсақалдардың өзі бата айтуға именіп, екі ауыз сөзге тұтығып қалатыны – ащы шындық. Осындай олқылықтың орнын толтыру мақсатында соңғы төрт жылдан бері Жамбыл облысында «Батамен ел көгерер» атты облыстық батагөй ақсақалдар байқауы ұйымдастырылып келеді.

Биылғы байқаудың облыстық кезеңі Қордай аудандық мәдениет үйінде өтті. Іс-шараны облыстық ардагерлер кеңесі мен билер алқасы, Қордай ауданы әкімдігі бірлесіп өткізді. Байқаудың ашылу салтанатында Қордай ауданының әкімі Бегзат Болатбеков пен облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

— Бұл өңір — талай батырлар мен би-шешендер, өнер иелері шыққан қасиетті мекен. Батаны дәріптеу — ұлтты тәрбиелеудің бір жолы. Мұндай байқау — үлкен өнеге, – деді Еркінбек Солтыбаев.

Үміткерлер – әр саланың мамандары

Байқау шарты бойынша қатысушылар батаны жатқа айту, белгілі тұлғалардың баталарын орындау, ұлттық салт-дәстүрге қатысты сұрақтарға жауап беру сияқты кезеңдерден өтті. Қатысушылар түрлі саланың өкілдері болғанымен, барлығының жүрекжарды баталары мен өмірлік тәжірибелері — жастар үшін үлкен тағылым.

Мәселен, тараздық химик Сауранбек Жамалбеков, жамбылдық құрылыс инженері Бегалы Сқақов, жуалылық имам әрі жазушы Сейітқазы Медетбек, қордайлық музыкант Еркін Құттықов, байзақтық инженер Ерназар Монтыбаев — бәрі де дайындығы мықты, өнегелі сөз иесі екенін көрсетті. Әр ауданның ақсақалдары ел мен жердің береке-бірлігіне бағытталған баталарын ортаға салып, салмақты сөзбен сайысқа түсті.

Жүлдегерлер анықталды

Қазылар алқасының шешімімен қордайлық Еркінбек Құттықов байқау жеңімпазы атанып, 300 мың теңгелік жүлдеге ие болды. Екінші орын (200 мың теңге) жамбылдық Бегалы Сқақовқа, үшінші орын (100 мың теңге) тараздық Сауранбек Жамалбековке бұйырды. Сонымен қатар, Қыбырай бидің атындағы арнайы жүлде Ерғазы Бозшаевқа табысталды. Қалған барлық қатысушыларға ынталандыру сыйлықтары берілді.

Жеңімпаздарды Қордай ауданы әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай, қазылар алқасының төрағасы Жасұлан Әбдіхалық және облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев марапаттады.

Ұсыныс: Жүлде санын көбейткен жөн

Байқау жоғары деңгейде өтті. Дегенмен, ұйымдастырушыларға бір ұсынысымыз бар: жыл сайын түрлі ауданнан дайындықпен келген бірнеше үміткер лайық өнер көрсетеді. Бірақ жүлде саны аз болғандықтан, кейбірі үнемі "әттеген-аймен" қайтады. Екінші және үшінші орындарды екі-екіден белгілесе, бұл әрі әділ, әрі ынталандыруға мол мүмкіндік болар еді.

Қорыта айтқанда, Қордайдағы бұл игі бастама — батаның қадірін арттыру, үлкендердің өнегесін дәріптеу, ұлттық тәрбие мен рухани дәстүрді жалғастыру жолындағы нақты әрі тағылымды қадам болды.

Арайлы Жақсылық
Автор

Арайлы Жақсылық

Арайлы Жақсылық

Ұқсас жаңалықтар