Бетті тұмшалауға тиым: СҚО-да полицейлер заң нормасын түсіндірді
- авторСадуақас Айсұлу
- 1 қазан, 2025
- 327
Бетті тұмшалауға тыйым: СҚО полицейлері жаңа заңды түсіндіруде, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
2025 жылғы 12 шілдеден бастап елімізде қоғамдық орындарда адамның бет-әлпетін тануға кедергі келтіретін киімдерге тыйым салу туралы заң күшіне енді. Бұл норманың негізгі мақсаты – қоғамдық қауіпсіздікті арттыру. Ол үшін адамның тұлғасын нақты тануға мүмкіндік беретін бейнебақылау жүйелерінің тиімді жұмыс істеуі қажет.
Аталған шектеу тек адамның жүзін толық жауып, жеке басын тануға бөгет жасайтын киім түрлеріне қатысты. Мысалы, балаклава, бетперде, никаб сынды элементтер. Бұл талап бет-әлпетті бүркемелемейтін діни киімдерге қатысты емес.
Сонымен қатар, ауа райының қолайсыздығы, медициналық жағдайлар, қызметтік міндеттер, төтенше жағдай талаптары, сондай-ақ спорттық немесе мәдени іс-шараларға қатысу секілді кейбір жағдайларда ерекшеліктер қарастырылған.
Полиция қызметкерлері бұл бағыттағы жұмыста азаматтарға алдын алу мен түсіндіру шараларына басымдық беруде. Учаскелік инспекторлар күн сайын тұрғындармен кездесіп, еңбек ұжымдары мен студенттер арасында жаңа заң талаптарын жан-жақты түсіндіруде.
Бұдан бөлек, полицейлер азаматтарды мүліктік қылмыстар мен интернет-алаяқтардың құрбаны болмау үшін сақтық шараларын ұстануға шақырып отыр. Қоғам бұл заңның енгізілуіне түсіністікпен қарап, жауапкершілік танытады деген үміт бар.




