сәрсенбі, 18 маусым, 2025 3:04

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Бейбіт миссия – биік мәртебе: Қазақстанның жаһандық жауапкершілігін арқалаған азаматтар марапатталды

Бейбіт миссия – биік мәртебе: Қазақстанның жаһандық жауапкершілігін арқалаған азаматтар марапатталды
Ақорда
Қазіргі таңда Қазақстан халықаралық қауіпсіздік пен бейбітшілікті нығайту жолындағы белсенді әрі сенімді әріптеске айналды.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық бітімгерлік құрам сапында табысты қызмет етіп, күрделі аймақтарда бейбітшілік орнатуға үлес қосқан офицерлер мен сарбаздармен кездесті. Бұл жүздесу Мемлекет басшысының бейбітшілік пен қауіпсіздік жолындағы ұлттық ұстанымына берік екенін тағы бір мәрте көрсетті.

Жоғарғы Бас қолбасшы кездесу барысында елге жүктелген жаһандық міндеттерді жоғары деңгейде орындап шыққан әскерилердің ерлігі мен кәсібилігін ерекше атап өтті. Қазақстанның бітімгерлік жолдағы қызметі – тек әскери миссия ғана емес, тұтас мемлекеттің халықаралық беделін арттыруға бағытталған кешенді стратегия.

«Бітімгер болу – бейбітшіліктің елшісі болу деген сөз. Бұл – үлкен абырой әрі зор жауапкершілік, нағыз ержүрек жауынгерлердің қолынан келетін іс. Баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін. Қазір әлемдегі жағдай аса күрделі екенін білесіздер. Түрлі қақтығыстар болып жатыр. Өкінішке қарай, оның бәрін келіссөз арқылы шешу мүмкін болмай тұр. Мұндай кезде бітімгерлік миссиялары айрықша рөл атқарады. Қазақстан – бейбіт ел. Біз әлемде тұрақтылық орнатуды көздейтін барлық бастаманы қолдаймыз», – деді Президент.

Қазақстан БҰҰ аясындағы бітімгерлік миссияларға 2014 жылдан бері белсене қатысып келеді. Осы уақыт ішінде 700-ге жуық әскери қызметші жаһандық қауіпсіздік операцияларына тартылып, 80 офицер штабтық және байқаушы миссияларына қатысқан. Бұл – еліміздің бейбіт бастамаларға стратегиялық тұрғыдан жүйелі үлес қосып отырғанын көрсетеді. Сонымен қатар, қазақстандық офицерлердің бір бөлігі Мали, Ливан, Батыс Сахара және Орталық Африка Республикасындағы БҰҰ миссияларында қызмет атқарды.

2023 жылы Қазақстан алғаш рет Біріккен Ұлттар Ұйымының Голан жоталарындағы (UNDOF) миссиясына жеке контингентін жіберіп, дербес бітімгерлік операциясын бастаған болатын. Бұл қадам еліміздің бітімгерлік әлеуетін жаңа сапалық деңгейге көтеріп, Орталық Азия аймағындағы бітімгерлік бастамалардың көшбасшысы ретінде танытты.

Президент Тоқаев елдің бітімгерлік әлеуетін кеңейтуге бағытталған тың бастамаларға да тоқталды. Қазақстан алғаш рет бітімгерлік операцияны дербес атқаруға кірісіп, Голан жоталарындағы миссия барысында халықаралық деңгейде сенімді әріптес ретінде мойындалды.

«Қазақстан алғаш рет бітімгерлік міндетін дербес орындауға кірісті. Голан жоталарындағы операция аясында Біріккен Ұлттар Ұйымымен қарым-қатынасымыз мүлде жаңа деңгейге көтерілді. Біз толыққанды бітімгерлік күштері бар елдердің қатарына қосылдық. Қазақстан – осы салада мол тәжірибе жинақтаған Орталық Азиядағы бірден-бір мемлекет», – деді Мемлекет басшысы.

Бұл – еліміздің халықаралық қауіпсіздік жүйесіндегі орнын нығайтумен қатар, Орталық Азиядағы тұрақтылықтың тірегі ретіндегі беделін де көрсетеді. Бүгінде 158 қазақстандық сарбаз Африка мен Таяу Шығыстағы миссияларда бейбітшілік орнату міндетін атқарып жүр. Болашақта еліміз басқа да аймақтарда өтетін БҰҰ миссияларына қатысуды жоспарлап отыр.

Бітімгерлік миссияларға қатысу арқылы Қазақстан тек тәжірибе жинақтап қана қоймай, жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздік архитектурасын қолдауға арналған халықаралық ынтымақтастықтың дамуына нақты үлес қосып келеді. Осы тұрғыда Қазақстанның бастамаларына халықаралық қолдау да артып отыр.

2025 жылдың наурыз айында Нью-Йоркте өткен БҰҰ-ның Бітімгерлік операциялар жөніндегі министрлер конференциясында АҚШ Мемлекеттік хатшысының көмекшісі Мишель Сиссон Қазақстанды «сенімді серіктес» деп атап, елдің жаһандық қауіпсіздікке қосқан үлесін жоғары бағалады. Ол Қазақстанның гендерлік теңдікке қолдау білдіріп, әйел бітімгерлердің миссияларға қатысуын арттыруын да ерекше атап өтті.

Сондай-ақ, Халықаралық Қызыл Крест комитетінің президенті Мирьяна Сполярич Эггер Қазақстанның бейбітшілік бастамаларын қолдап, елдің бітімгерлік қызметінің айқын және мақсатты бағыты халықаралық құқық пен гуманитарлық нормаларға сай екенін мәлімдеді.

Қазақстанның бітімгерлік тәжірибесін Орталық Азия аймағында тарату мақсатында Астанада арнайы бітімгерлік оқу орталығы құрылып, халықаралық стандарттарға сай жаттығу бағдарламалары енгізілуде. Бұл орталық өңір елдерінің де бітімгерлік қабілетін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Қазақстан БҰҰ жанындағы бейбітшілікке жәрдемдесу серіктестігіне (Partnership for Peace) белсенді қатысушы ретінде танылып отыр.

«Бұл әскеріміздің аса күрделі міндеттерді орындауға қабілетті екенін көрсетеді. Сіздер Сирия дағдарысының шешуші сәтінде ұтымды әрі батыл әрекет жасадыңыздар. Қазақстан армиясының кәсіби деңгейі жоғары екенін дәлелдеп бердіңіздер. Сол күндері қазақ жауынгерінің асқақ рухы мен қайсарлығына бүкіл әлем куә болды. Сіздер қауіпті аймақтарда жұмыс істеп, ерен ерлік көрсетіп, мол тәжірибе жинап келдіңіздер. Енді осы тәжірибені бөлісіп, басқа да әскери қызметшілерді үйрету қажет. Бітімгерлік миссия кезінде меңгерген жаңа дағдыларды еліміздің әскер даярлау жүйесіне енгізу өте маңызды», – деді Президент.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар әскери қызметкерді мемлекеттік наградалармен марапаттап, олардың отбасыларына шынайы алғысын білдірді.

«Қазақта «Ердің ісі – елдің ісі» деген сөз бар. Сіздер елдік пен ерліктің туын биік ұстап жүрсіздер. Алдағы уақытта да қасиетті Отанымызды қорғап, табанды еңбек етесіздер деп сенемін. Армиямыздың айбыны арта берсін! Еліміз аман, әскеріміз қуатты болсын!» – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстанның бітімгерлік жолдағы стратегиясы – тек әскери ғана емес, моральдық және дипломатиялық құндылықтарға сүйенген өркениетті таңдау. Бұл бағытта елдің болашақта да белсенділік танытып, жаһандық бейбітшілікке үлес қоса беретіні сөзсіз.

 

Арайлы Жақсылық
Автор

Арайлы Жақсылық

Арайлы Жақсылық

Ұқсас жаңалықтар