Биыл балабақшалар ваучерлік қаржыландыру жүйесіне өтеді
- авторСадуақас Айсұлу
- 12 тамыз, 2025
- 497
2025 жылғы 12 тамызда өткен Үкімет отырысында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев еліміздегі барлық балабақшалар ваучерлік қаржыландыру жүйесіне толық көшірілетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Министрдің айтуынша, жаңа оқу жылында Қазақстан бойынша 11 800-ден астам мектепке дейінгі ұйымдарда миллионнан астам бала тәрбиеленіп, білім алатын болады.
«Жыл басынан бері ваучерлік қаржыландыру жүйесінің пилоттық жобасы еліміздің 20 қаласы мен 7 ауданында табысты жүзеге асырылды. Бұл кезеңде 461 мың ваучер беріліп, балабақша кезегі 93 мың балаға қысқарды. Сонымен қатар, жергілікті бюджеттен 7,7 млрд теңге үнемделді», – деді министр.
Министрдің мәлімдеуінше, қыркүйек айынан бастап жыл соңына дейін барлық балабақшалар кезең-кезеңімен толық ваучерлік жүйеге көшіріледі.
Сондай-ақ, министр бірқатар жаңа жобалардың іске қосылатынын атап өтті:
"135 балабақшада 7 мыңнан астам бала "Тілге бойлау" жобасы аясында мемлекеттік тілді меңгеру дағдыларын арттырды. Сонымен қатар отбасылық жағдайда 5 жасқа дейінгі балаларды дамытуға бағытталған "Бестен бұрын" жобасы жаңа оқу жылынан бастап мектепке дейінгі білім беру жүйесіне кеңінен енгізіледі. Қыркүйек айында балаларды еңбекке ерте жастан баулуға арналған жаңа пилоттық жоба басталады. Ол 100 балабақшаны қамтып, шамамен 12 мың баланы қамтиды", – деді министр.





