Екі қола қоржында
Әуелі Үндістанда өтеді деп бекітіліп, кейіннен елдегі эпидемиялық жағдайдың нашарлығына байланысты Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай қаласына ауыстырылған бокстан ересектер арасындағы Азия чемпионаты қазақстандық былғары қолғап шеберлері үшін сәтті бастала қойған жоқ.
Бұрынғы сары құрлық бәсекелерінде кей салмақтағы боксшылар ширек финал, жартылай финал бәсекелеріне дейін жетіп сүрінетін болса, биылғы біріншілікте «ә» дегеннен-ақ екі жерлесіміз алғашқы жекпе-жектерінде қарсыластарынан жеңіліп қалды. Оның себебі де жоқ емес.
Мәселен, жарыстың алғашқы күнінде қарсыластарынан жеңіліп қалған екі жерлесіміз биылғы Азия чемпионатына өздерінің әдеттегі салмағында емес, бір саты жоғары салмақта жұдырықтасты. Атап айтар болсақ, былтыр ел чемпионатында 52 килода топ жарған Сабырхан Махмұт сары құрлық бәсекесіне 56 килода барды. Ал Токио Олимпиадасына 57 кило салмақта жолдама жеңіп алған Серік Теміржанов Дубай шаршы алаңында 60 килода өнер көрсетті.
Сабырхан алғашқы айналымда Үндістан өкілі Мохаммад Хуссам Уддинмен кездесті. Екі боксшы рингке көтерілген сәтте-ақ Мохаммадтың отандасымыздан әжептәуір ірі екені, ал Махмұттың дене бітімі 56 килоға сай келмейтіні бірден байқалды. Оның үстіне үнді боксшысының бойы да, қолы да Сабырханға қарағанда ұзын еді. Бұл – бокста үлкен рөл атқаратынын жанкүйерлер жақсы біледі. Отандасымыз өзінің өте шапшаң қимылдайтынының арқасында үндістандық боксшының біраз соққысын өзіне дарытқан жоқ. Дегенмен жеңіл салмақтың өкілі болған соң Мохаммад Сабырханның соққыларын шыбын шаққан құрлы көрмеді. Сөйтіп үш раунд бойы белсенді қимылдап, бірақ дөп соққыларының аздығына байланысты жерлесіміз өзінің алғашқы Азия чемпионатын бірінші айналымнан аяқтауға мәжбүр болды. Қорытынды есеп – 5:0, жеңіс үндістандық спортшыға берілді.
Ал Серік Теміржанов Токио Олимпиадасында 63 килода бақ сынайтын ирандық Даниял Шахбахшыдан тең дәрежеде өткен жекпе-жекте 2:3 есебімен жеңіліп қалды. Теміржановтың да бұл салмақта «бөтен» екені бірден байқалды.
Олимпия ойындарында 63 килода ел намысын қорғайтын құраманың ең тәжірибелі әрі егде жастағы боксшысы Зәкір Сафиуллин алғашқы айналымда Иран өкілі Ашкан Резаиды қапы қалдырып, жарысты сәтті бастағанымен, ширек финалда Азия құрлығының екінші нөмірлі боксшысы моңғолиялық Чинзориг Баатарсухтен (1:4) ұтылып қалды. Отандасымыздың бұған дейінгі жарыстардағы сүреңсіз өнері онсыз да жанкүйерлер көңілінен шықпай жүр еді. Азия чемпионатындағы жеңіліс бұл жағдайды одан әрі ушықтырып жіберді. Енді Зәкір Олимпия ойындарында жүлдеге ілігіп, жанкүйерлердің ренішін жуып-шаюы керек.
Қалған 7 салмақтағы отандастарымыздан Даниал Сәбит (49 кг), Әбілхан Аманқұл (75 кг) және Василий Левит (91 кг) Азия біріншілігін сәтті бастады. Ал Сәкен Бибосынов (52 кг), Абылайхан Жүсіпов (69 кг), Бекзат Нұрдәулетов (81 кг), құрама капитаны Қамшыбек Қоңқабаев (+91 кг) алғашқы жекпе-жектерін кеше кешкісін өткізді.
Ең жеңіл салмақта Азия чемпионатына алғаш рет қатысып жатқан Даниал Сәбит бірінші айналымда Индонезия өкілі Корнелиус Квангу Лангуді өте сенімді жеңді – 5:0. Бір жекпе-жекпен жартылай финалға шыққан Сәбит кем дегенде қола жүлдені нақтылап қойды. Отандасымыз финалға шығу үшін кувейттік қарсыласын техникалық нокдаунмен жеңген филиппиндік Марк Лестер Дуранспен жұдырықтасады.
75 килодағы Әбілхан Аманқұл жекпе-жексіз келесі айналымға жолдама алды. Ол алғашқы іріктеу кезеңінде кувейттік Саид Сальбраханимен кездесуі керек болатын, алайда қарсыласы шаршы алаңға шығудан бас тартты. Жерлесіміз кеше жарыстың ширек финалында 2019 жылы Тайландта өткен Азия чемпионатында отандасымыз Тұрсынбай Құлахметтен жеңіліп, күміс жүлдегер атанған үндістандық Ашиш Кумармен жартылай финал жолдамасын сарапқа салды.
91 кило салмақта жарыс фавориті саналған қазақстандық Василий Левит ширек финалда ирандық Эхсан Рузбаханиді 4:1 ұпайымен жеңіп, жартылай финалға жолдама алды. Бұл – Левиттің еншісінде де қола жүлде бар деген сөз. Рузбаханидің есімі қазақ жанкүйерлеріне жақсы таныс. 30 жастағы боксшы бір жылдары WSB жобасында бақ сынаған қазақстандық «Астана Арланс» клубында жұдырықтасқан еді. Сондай-ақ ол 2012 жылғы Лондон Олимпиадасының ширек финалында Әділбек Ниязымбетовтен 13:10 есебімен жеңіліп, қолда тұрған қола жүлдеден қағылған болатын.
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Ұқсас жаңалықтар
Жаңалықтар
Педагог категориясының өсуі жалақыға қаншалықты әсер етеді?
- авторjambylinfo.kz
- 24 қараша, 2024