Елімізде шекарадан көліктер мен жүктерді өткізу тәртібі өзгереді
- авторАяжан Дәулетбекқызы
- 28 маусым, 2025
- 187

Елімізде шекарадан көліктер мен жүктерді өткізу тәртібі өзгереді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Қазақстан Қаржы министрлігі мемлекеттік шекара арқылы автомобиль көліктерін, жүктер мен тауарларды өткізу қағидаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізуді ұсынды.
Министрліктің мәліметіне сүйенсек, жаңа қағидалар электрондық кезек жүйесін жетілдіруге және шекарадан өту процесінің ашықтығы мен тиімділігін арттыруға бағытталған.
Жедел өту үшін ақылы жүйе енгізу: кезектен тыс және жеделдетілген өткізу тәртібі сараланып, арнайы төлем арқылы жедел өту мүмкіндігі беріледі;
Тасымалдаушылардың жауапкершілігі күшейеді: дұрыс емес дерек енгізгені немесе броньдалған уақытқа келмегені үшін тіркелгі бұғатталып, кепілдендірілген қамтамасыз ету тетігі қолданылады;
Жергілікті әкімдіктерге жаңа міндеттер: өткізу пункттерінің жанында күту аймақтарын құру тапсырмасы бекітіледі;
Арнайы жүк санаттарына басымдық: тез бұзылатын өнімдер, қауіпті жүктар мен тірі жануарлар үшін жеке слоттар қарастырылады;
Фотофиксация және сәйкестендіру жүйелері нақтыланады: мемлекеттік дерекқорлармен (мысалы, VIN-код, сақтандыру) өзара байланыс нығайтылады;
• Брондау жүйесі реттеледі: бірнеше рет брондауға шектеу қойылып, бронь уақытын ауыстыру мүмкіндігі қарастырылады.
Қаржы министрлігінің пікірінше, бұл өзгерістер адал тасымалдаушылар үшін шынайы қолжетімділікті қамтамасыз етеді, логистикалық кептелістерді азайтады және көлік қауіпсіздігін арттырады.