Елімізге ресми сапармен Германияның Федералдық канцлері Олаф Шольц келді
- авторjambylinfo.kz
- 16 қыркүйек, 2024
- 396
«Ақорда» резиденциясында Қазақстанға ресми сапармен келген Германияның Федералдық канцлері Олаф Шольцті салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Бұл туралы Ақорда хабарлады деп жазады Jambylinfo.kz.
Қазақстан Президенті мен Германия Федералдық канцлері бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылының бастығы мемлекеттер басшыларына рапорт беріп, екі елдің әнұрандары орындалды.
Салтанатты рәсімнен кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Олаф Шольц келіссөз залына барып, шағын құрамда келіссөз жүргізді
Мемлекет басшысы шақыруын қабыл алып, Қазақстанға ресми сапармен келгені үшін Олаф Шольцке ризашылығын білдірді.
– Германия Үкіметінің басшысы соңғы 14 жылда елімізге алғаш рет сапармен келіп отыр. Сондықтан бұл қадамыңыздың тарихи мәні зор. Екіжақты ынтымақтастықты дамытуға және тауар айналымының көлемін ұлғайтуға тың серпін береміз деп сенемін. Германия – біздің Еуропадағы, тіпті жаһандағы негізгі серіктесіміз. Бұл – өте маңызды. Біз қарқынды дамып келе жатқан көпқырлы ықпалдастығымызға баса мән береміз. Өзара байланыстарымызды одан әрі тереңдетуге және нығайтуға барлық жағдайды жасаймыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Германия Канцлері Олаф Шольц қонақжайлық танытқаны үшін Қазақстан Президентіне алғыс айтып, қазақ-герман қарым-қатынастарын өркендетудің маңызды екенін жеткізді.
– Еліңізге сапармен келуге шақырғаныңызға, екіжақты байланыстарды талқылауға және ынтымақтастығымызды ілгерілетуге мүмкіндік жасағаныңызға ризашылығымды білдіремін. Менімен бірге іскер топтардың белді өкілдері келді, – деді Федералдық канцлер.
Әңгімелесу барысында екі елдің саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық байланыстарын нығайту мәселесі талқыланды. Атап айтқанда, энергетика, «жасыл» трансформация, өнеркәсіп, тау-кен өндірісі, көлік-логистика, климаттың өзгеруі, экология, ауыл шаруашылығы және білім беру салаларындағы ықпалдастыққа айрықша мән берілді.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Ұқсас жаңалықтар
«1 млн. 107 600 теңге»: Жамбылдық ұстаздар ақшалай сыйақыға ие болды
- авторjambylinfo.kz
- 20 желтоқсан, 2024