дүйсенбі, 12 мамыр, 2025 23:01

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Енді баланың мектепте тегін тамақ ішкен-ішпегенін ата-ана бір түймені басып-ақ бақылай алады

Енді баланың мектепте тегін тамақ ішкен-ішпегенін ата-ана бір түймені басып-ақ бақылай алады
Pixabay.com
Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді

Қазақстан мектептерінде «Әлеуметтік әмиян» атты жаңа цифрлық жүйе сынақтан өтіп жатыр, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Бұл жаңашыл бастама – мемлекеттік қолдауды әділ, ашық және автоматты түрде көрсетуді көздейтін шешім.

Жүйенің басты артықшылығы – ата-аналардан анықтама не өтініш жинамайды. Барлығы – мемлекеттік деректер базасы арқылы жүзеге асады. Егер отбасы әлеуметтік көмек алуға құқылы болса, жүйе автоматты түрде баланың тегін тамақтану мүмкіндігін анықтайды. Содан кейін ата-ананың смартфонына хабарлама түседі. Келісім берген соң, eGov mobile қосымшасында балаға цифрлық тамақтану ваучері іске қосылады.

Мектеп асханасында оқушы арнайы сәйкестендіру әдістері – QR-код, карта немесе Face ID арқылы ыстық тамақ алады. Бұл сәтте ата-ананың телефонына баласының дәл сол күні ас ішкені жөнінде хабарлама келеді. Енді "тамақ берілмепті", "кезек жетпепті" деген әңгіме артта қалмақ.

Жүйе тек бақылап қана қоймайды, кері байланыс жасауға да мүмкіндік береді. Ата-ана ұсынылған тағам сапасына баға бере алады. Ал ай соңында мектеп пен жеткізуші арасындағы төлем нақты көрсетілген қызметтерге сай автоматты түрде жүргізіледі. Яғни, бірде-бір тиын желге ұшпайды.

Қазіргі таңда «Әлеуметтік әмиян» жүйесі Астана мен Қостанай облысындағы 20 мектепте сынақтан өтуде. Бұл кезең – жүйені нақты жағдайда тексеруге, ата-аналар, мұғалімдер мен жеткізушілерден кері байланыс жинауға және кеңінен енгізуге дайындыққа арналған.

Жуық арада бұл жүйе 1-4 сынып оқушыларына да енгізілмек. Нәтижесінде – әлеуметтік қолдаудың әділеттілігі артады, мектеп жұмысы жеңілдейді, ал ата-аналар үшін ыңғайлы әрі сенімді бақылау арнасы қалыптасады.

«Әлеуметтік әмиян» не береді?

Мемлекеттік көмек тек нақты мұқтаж жандарға жетеді;

Қызмет көрсету барысы ашық әрі бақылауға оңай;

Ата-ана баласының ас мәзірінен хабардар;

Мектеп әкімшілігінің жұмысы жеңілдейді;

Жеткізушілер нақты қызметі үшін әділ ақы алады.

 

Бақытжан Бекболат
Автор

Бақытжан Бекболат

Бақытжан Бекболат

Ұқсас жаңалықтар