Газ өңдеуде жаңа кезең: Бектенов төрт зауыттың құрылысын бақылауға алуды тапсырды
- авторБақытжан Бекболат
- 23 сәуір, 2025
- 164

Қазақстанда 2030 жылға дейін төрт бірдей газ өңдеу зауыты іске қосылады. Бұл туралы Энергетика министрі Ерлан Әккенжанов Үкімет отырысында мәлімдеді, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
«2026 жылдан бастап 2030 жылға дейін кезең-кезеңімен төрт зауыт іске қосылады. Оның екеуі – Қашаған кен орны негізінде салынады, қуаттылығы жылына 1 және 2,5 млрд текше метр. Сондай-ақ Қарашығанақтағы зауыт жылына 4 млрд текше метр газ өңдей алады. Ал Жаңаөзендегі "ҚазГӨЗ" зауытының жылдық қуаты – 900 млн текше метр», – деді министр.
Қашаған негізіндегі зауыттардың құрылысын қаржыландыру үшін катарлық UCC Holding компаниясы тартылған. QazaqGaz және UCC Holding жобаларды жүзеге асырудың соңғы шарттарын пысықтап жатыр. Қарашығанақтағы зауыт оператордың қаражаты есебінен салынады.
Премьер-министр Олжас Бектенов бұл жобаларды жедел жүзеге асыру – Үкіметтің басты міндеттерінің бірі екенін айтты.
«Бұл шаралар газ өнімінің қосылған құнын арттырып қана қоймай, еліміздің газ импортына тәуелділігін азайтады. Сонымен қатар, өзге де байланысты салалардың жұмысын жандандырады. Қазіргі таңда елдегі газбен қамту деңгейі 62,4 пайызды құрайды. Генералдық газдандыру схемасына сәйкес, бұл көрсеткіш 2030 жылға қарай 65 пайызға жетуі тиіс. Сондықтан бұл жобаларды үнемі назарда ұстау керек», – деді Үкімет басшысы.
Ол «Самұрық-Қазына» қорына Қашаған мен Жаңаөзендегі газ өңдеу зауыттарының құрылысын уақытылы аяқтауды ерекше бақылауға алуды тапсырды.