Франция президенті елге алғаш рет ресми сапармен келді
- авторjambylinfo.kz
- 23 қараша, 2023
- 230
Астана бұл аптада саяси оқиғаларға толы болды. Қарашаның алғашқы күнінен Ақорда еуропалық меймандарды бірінен соң бірін қарсы алды. Алдымен елімізге Франция президенті Эмманюэль Макрон алғаш рет ресми сапармен келді. Макронның ізін ала келесі күні елордаға Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан келіп жетті. Ал, кеше Түркі мемлекеттері ұйымының мерейтойлық Х саммитіне қатысу үшін Астанаға алдымен Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиев, одан кейін Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған мен Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, іле-шала Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев, Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов келді.
Макронмен келіссөздің маңызы зор
Бүгінде Қазақстан мен Франция арасындағы ынтымақтастық жақсы дамып келе жатыр. Дегенмен, екіжақты қарым-қатынасқа тың серпін беру керек. Сондықтан, Қазақстанға ресми сапармен келген Франция президенті Эмманюэль Макронның сапарын тарихи әрі өте маңызды деп айтуға болады. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Макронмен жүргізген келіссөз барысында айтты. Мемлекет басшысы Франция Қазақстанның Еуропа одағындағы басты және сенімді серіктесі, сондай-ақ ел экономикасының ірі инвесторының бірі екенін атап өтті. Өз кезегінде Эмманюэль Макрон Қазақстан мен Франция арасындағы байланыстарға жоғары баға берді. Екіжақты кездесуден кейін мемлекеттер басшылары келіссөздерді екі ел делегацияларының қатысуымен кеңейтілген құрамда жалғастырды.
Былтыр Франция мен Қазақстанның өзара тауар айналымы 30 пайызға өсіп, 4 миллиард долларға жетті. Биылғы сегіз айда екіжақты сауда-саттық көлемі өткен жылмен салыстырғанда 21 пайызға артты. Яғни, 2,7 миллиард долларды құрады. Сарапшылардың пайымынша, Франция басшысының сапары осы серіктестікті жаңа сатыға көтеруі мүмкін. Қос мемлекеттің алыс- берісі көп. Франция бұған дейін ел экономикасына шамамен 18,7 миллиард долларға жуық инвестиция салған. Энергетика, құрылыс, аэроғарыш, фармацевтика, тау-кен және химия өнеркәсібі, машина жасау салаларында бірлескен жобалар жүзеге асырылып жатыр. Келіссөз барысында тараптар «жасыл» энергетика, логистика, транзит, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, цифрландыру және білім беру салаларындағы алдағы ықпалдастықтың басым бағыттарын айқындады.
Эмманюэль Макрон екі ел арасындағы стратегиялық әріптестік туралы келісімнің қабылданғанына 15 жыл толғанын атап өтіп, Францияның өзара мүддені көздейтін түрлі саладағы екіжақты байланыстарды одан әрі нығайтуға ниетті екенін растады. Келіссөздер нәтижесінде Қазақстан мен Франция басшылары бірлескен мәлімдеме жасады және екі елдің ресми делегациясы бірқатар құжаттарға қол қойды. Сондай-ақ, Қазақстан мен Франция арасындағы экономикалық-стратегиялық әріптестікті одан әрі дамыта түсетін маңызды келісімдерге қол қойылды.
Екі елдің президенттері қазақ-француз бизнес-форумының ашылуына қатысты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінде елімізде 200-ге жуық француз компаниясы жұмыс істейтінін айтты. Сонымен қатар, Президент өзара ынтымақтастықтың басым бағыттарына тоқталды. Ықпалдастықты дамытуда энергетика секторының әлеуеті зор. Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан – Франция нарығына шикі мұнай жеткізетін негізгі мемлекеттің бірі. Еліміз экспорт көлемін арттыруға дайын. Қазақстан уран өндірісі бойынша әлемде бірінші орында және Еуропа тұтынатын ядролық отынның төрттен бір бөлігінен астамын қамтамасыз етіп отыр. Атом энергетикасы Францияның энергетика секторында 63 пайызды құрайды. Осыған орай, ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге орасан зор әлеуетіміз бар. Жаңартылатын энергия көздеріне келер болсақ, жел, күн және гидроэнергетика бағыттарындағы ірі жобаларды жүзеге асыру үшін халықаралық көптеген ірі компания Қазақстанға келіп жатыр. Жалпы қуаты 1ГВт болатын жел станциясы паркін салу мақсатында француздық Total Energies компаниясының 1,3 миллиард доллар көлемінде инвестиция құюға ниет білдіруі – соның айқын дәлелі. «Жасыл» сутегі саласы да зор әлеуетке ие. Жоба табысты жүзеге асырылса, Қазақстан экспорттаушылардың ондығына кіре алады.
Кәрі құрлықтағы қуатты елмен байланысты одан әрі нығайта беру маңызды екені белгілі. Өйткені, Франция – Еуроодақтағы жетекші елдердің бірі. Құрлықтағы еуропалық интеграция мен мәдениеттің негізін қалаушы мемлекет десек болады. Сол үшін бұл сапар Қазақстан мен Франция ғана емес, тұтас Еуропалық одақпен байланысты арттыруға әсер етеді. Екі тарап та серіктестікті әрі қарай нығайтуға ниетті екенін сөзбен де, іспен де дәлелдеп келеді. Саясаттанушылардың пікірінше, Астанадағы келіссөз өзара диалогты нығайтатын маңызды оқиға болғаны сөзсіз. Франция президенті Эммануэль Макрон да әлеуметтік желілердің бірінде Қазақстанға жасаған алғашқы ресми сапарынан түйген ойын жазып: «Ұлы державалар қайта гегемон атануға ұмтылып жатқан, ал басқа елдер болжап болмайтын күйге түскен әлемде жаңа перспективалар құруға болатын серіктесің мен достарыңа арқа сүйей алатыныңды білген жақсы», – деді. Макрон Қазақстан мен Франция осындай елдер қатарында екенін атап өтті.
Орбан серіктестікке серпін беруге бейілді
Осы аптаның ортасында Қазақстанға келген Мажарстан (Венгрия) премьер-министрі Виктор Орбанның ресми сапарының мақсаты екі ел арасындағы ынтымақтастық аясын кеңейту болды. Мажарстан үкіметі басшысының Қазақстанға келуінің тағы бір себебі – Түркі мемлекеттері ұйымының саммиті. Осы күні Қасым-Жомарт Тоқаев пен Виктор Орбан шағын құрамда келіссөз жүргізді. Тараптар саяси диалогты нығайтуға, сауда-экономикалық ынтымақтастық пен мәдени-гуманитарлық байланыстарды тереңдетуге баса мән бере отырып, қазақ-мажар қарым-қатынасының қазіргі жай-күйі мен даму перспективасын жан-жақты талқылады. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Мажарстанның тарихи тамырластығы және тығыз байланыстары бүгінде екі ел арасындағы ынтымақтастықтың тереңдей түсуіне негіз болғанын атап өтті.
Бүгінде білімнен мәдениетке, саудадан байланысқа дейінгі барлық салада Қазақстан мен Венгрия арасындағы қарым-қатынас қарқынды дамып келеді. Қазір де екі ел арадағы сауда-саттық көлемін ұлғайтуға басымдық беріп отыр. Осы орайда ынтымақтастықты ырысты ете түсу үшін Мажарстан премьер-министрі Виктор Орбанның Қазақстанға ресми сапармен келуі үлкен маңызға ие.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Мажарстан арасында екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін жақсы институционалды негіз бар деп санайды. Мемлекет басшысының пікірінше, Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия мен Іскерлік кеңес екі елдің сауда қатынастарын дамытуда белсенді рөл атқаруы керек. «Геосаяси шиеленістерге қарамастан, былтыр тауар айналымы 20 пайыздан астам өсті. Таяу болашақта бұл көрсеткішті 1 миллиард долларға дейін жеткізуге толық мүмкіндігіміз бар екеніне сенімдімін», – деді Қазақстан Президенті.
Тараптар энергетика, көлік, логистика, металлургия, өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, фармацевтика, тамақ өнеркәсібі және туризм сияқты салалардағы байланыстарды дамытуға өзара мүдделі екенін білдірді. Сонымен қатар, келіссөз барысында екі елдің заң шығарушы органдарында жұмыс істейтін достық топтары арқылы парламентаралық байланысты нығайтудың маңыздылығы айтылды. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы екі елдің гуманитарлық байланыстарын нығайту мәселесіне де тоқталды, екіжақты сауда-саттық көлемін ұлғайтуға және инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға баса мән берді. Осы орайда тауар түрін көбейтіп, жаңа мүмкіндіктерді пайдалану аса маңызды. «Қазір еліміз Мажарстанға құны шамамен 700 миллион доллар болатын 95 түрлі тауар жеткізе алады. Энергетика, металлургия, мұнай-химия, машина жасау, ауыл шаруашылығы және құрылыс салалары бойынша өнім экспорттауға мүмкіндік бар», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент келіссөз барысында инвестициялық серіктестікті одан әрі жандандыру үшін ірі жобаларды бірлесіп жүзеге асыру жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілгенін мәлімдеді. Мемлекет басшысының айтуынша, екі ел арасында қаржы саласындағы байланыстар да қарқынды дамып келеді. Мемлекет басшысы келіссөз барысында жаһандық маңызы бар мәселелер бойынша пікір алмасқанын, бұл ретте екі елдің ұстанымдары ортақ немесе орайлас екенін атап өтті. Президенттің айтуынша, екі елдің серіктестігі БҰҰ, Түркі мемлекеттері ұйымы, ЕҚЫҰ сияқты құрылымдар аясында табысты дамып келе жатыр.
Қазақстан – Венгрияның сенімді стратегиялық серіктесі. Виктор Орбан осы серіктестікке серпін беруге бейілді екенін жеткізді, оның біздің елмен қарым-қатынасты жақсартуға құлшынысы көп. Былтыр Мажарстанмен арадағы тауар айналымының көлемі 100 миллион АҚШ доллары болса, биылғы тоғыз айда 24 пайызға өскен. 2023 жылдың қаңтарында Қазақстан мен Венгрия атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану бағытында білім беру бойынша Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Энергетикалық ынтымақтастық корпоративтік деңгейде де ерекше. Өйткені, Қазақстан нарығында көптеген венгр компаниялары бар. Елімізді Мажарстанмен ең алдымен терең тарихи байланыстар біріктіреді. Тегі қыпшақ мадиярлар өз түп-тамырын ұмытпай, ата-баба сабақтастығын ғасырдан-ғасырға жалғап келе жатқан ел. Соңғы онжылдықта ынтымақтастықты дамытуға көп күш жұмсалды. Әр бастама өзінің жемісті нәтижесін көрсетті. Екі ел арасындағы саяси-экономикалық және мәдени-гуманитарлық қатынастар аясы жылдан-жылға кеңейіп келеді. Екі ел арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға мажар премьерінің қосқан үлесі елеулі. Виктор Орбанның осы еңбегіне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев лайықты бағасын беріп, атажұртқа келген мейманды I дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.
Қазақ-түрікмен қарым-қатынасы табысты дамуда
Мемлекет басшысы Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедовпен кездесті. Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының Х саммитіне өзі арнайы қатысқаны үшін Бердімұхамедовке ризашылығын білдіріп, бүгінгі кездесу бауырлас екі ел мен оның халықтары арасындағы өзара серіктестіктің одан әрі нығаюына ықпал ететінін атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, қазақ-түрікмен қарым-қатынасы табысты дамуда және стратегиялық әріптестіктің деңгейіне толық сай келеді. «Қазақстанда сізді Түрікменстанның көшбасшысы, заманымыздың көрнекті мемлекет қайраткері ретінде таниды. Сіз Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы ынтымақтастықтың дамуына зор үлес қостыңыз. Сондықтан сіздің осы жиынға келуіңіздің және бүгінгі кездесуіміздің саяси мәні зор деп санаймын. Екі елдің ынтымақтастығын одан әрі нығайту тұрғысынан пысықтайтын ортақ істеріміз бар. Біз – бауырлас әрі көршілес елдерміз. Қазақстан мен Түрікменстан арасында ешқандай түйткіл жоқ. Екі ел бір-біріне қашанда тілеулес», – деді Мемлекет басшысы.
Өз кезегінде Гурбангулы Бердімұхамедов Түркі мемлекеттері ұйымының мерейтойлық саммитіне қатысуға шақырғаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, екі елдің ынтымақтастығын жоғары бағалады. Тараптар өзара сауда-саттықта оң динамика бар екенін атап өтіп, энергетика, өнеркәсіп, көлік, логистика және басқа да салалардағы жобалардың жүзеге асырылу барысын талқылады. Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Гурбангулы Бердімұхамедов мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі нығайтуға дайын екенін растады.
Түбі бір түркі баласы бас қосқан саммит
Кеше Астанада Түркі мемлекеттері ұйымының басшылары бас қосты. Биыл мерейтойлық саммитті Қазақстан ұйымдастырды. Ауқымды шараға ұйымға мүше мемлекеттер – Әзірбайжан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстан басшылары қатысты. Сондай-ақ, саммит жұмысына Мажарстан мен Түрікменстан бақылаушы ел ретінде қатысқанын айта кеткен жөн.
Түркі мемлекеттері ұйымының Х саммитінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев кіріспе сөз сөйлеп, ең алдымен Реджеп Тайип Ердоғанға және барша түрік ағайындарға Түркияның 100 жылдық мерейтойына орай құтты болсын айтты. Сондай-ақ, Ильхам Әлиевті және Әзірбайжан халқын ел іргесін бекемдеуімен құттықтады. Сонымен қатар, ұйымның қазіргі төрағасы Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевке түркі елдерінің ынтымақтастығын нығайтуға зор үлес қосқаны үшін ерекше алғысын айтты.
Президенттің сөзінше, Қазақстанның бастамасымен құрылған Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесі қазір толыққанды беделді халықаралық ұйымға айналды. «Түркі әлемінің келешегі – 2040» атты құжат бекітілді. Ең бастысы, бауырлас елдердің бірлігі бекемделе түсті. «Ортақ құндылықтарымызды төрткүл дүниеге таныттық. Біз бабалар өсиетін орындап, түркі елдерінің ынтымағын нығайтып келеміз. Ендігі мақсат – өзара сенімге және бауырластыққа негізделген бірлігімізді сақтап, өскелең ұрпаққа табыстау. Түркі әлемі жаһандық ықпалы бар елдермен тең дәрежеде қарым-қатынас жасап отыр. Басқа мемлекеттер біздің ұйымның ұстанымдарына баса мән беретін болды. Сондықтан, түркі халықтарының ықпалдастығын арттыра түсу – бәрімізге ортақ міндет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
«Түркі жұрты Байкалдан Балқанға дейінгі ұлан-ғайыр аумақты жайлап жатыр. Түркі әлемінің өркениеті Ұлы даладан бастау алатыны баршаға мәлім. Осы ортақ құндылықтарымыздың мұрагері – Түркі мемлекеттері ұйымы. Қазақстан Түркі мемлекеттері ұйымын одан әрі дамытуға мүдделі. Түркі ықпалдастығын тереңдету – ортақ мұрат. Біз «Түркі әлемі» атты жаңа брендті дәріптеуіміз керек. Сонда ғана түркі халықтарының ынтымағы барынша нығайып, әлеуеті арта түседі. Қазақстан ұйымға төраға ретінде өзара іс-қимылды жандандыруға баса мән беріп отыр. Сондай-ақ, біз түрлі саладағы байланысты орнықтыруға, халықаралық беделімізді көтеруге күш саламыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев саммитте жасаған негізгі баяндамасында.
Қазақстан Президенті Түркі мемлекеттері құрылымдарының туларын және эмблемаларын бір үлгіге келтіруді ұсынды. Мемлекет басшысының сөзінше, біздің тарихымыз, мәдениетіміз, тіліміз және діліміз – ортақ. «Осыған байланысты Түркі мемлекеттері ұйымының, оның құрылымдарының туларын және эмблемаларын бір үлгіге келтірген жөн. Бүгін өздеріңізге ұсынылған эскиздерді бірге қарап, ортақ шешім қабылдаймыз. Бұл тарихи сәт болмақ», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент баяндамасында Палестинадағы қазіргі ахуалға тоқталды. «Медиацияның (Mediation) рөлін арттыру – өзекті мәселе. Қазір айналамызда күрделі ахуал қалыптасып отыр. Солтүстікте Ресей мен Украина, Таяу Шығыста Израиль мен Палестина арасында қанды қақтығыс болып жатыр. Ауғанстанның жағдайы да тұрақсыз. Батыста заңсыз көші-қон мәселесі ушығып тұр. Бүгінде Газа секторындағы бейбіт тұрғындар, әсіресе, балалар және қарттар жанжал азабын шегуде. Олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басты міндет. Осы орайда, Қазақстаннан Палестина халқына 1 миллион доллар көлемінде гуманитарлық көмек беру туралы шешім қабылдадым.
Ондаған жыл бойы шешімін таппаған өзекті мәселелерді зорлық-зомбылық көрсету және лаңкестік әдістер арқылы шешу мүлдем дұрыс емес. Қазақстан мұндай тәсілдерді қатаң айыптайды. Ахуал ушығып кетсе, оның салдары тіпті ауыр болуы мүмкін. Бұл ретте кез келген жанжалды бейбіт келіссөз және дипломатиялық диалог арқылы ғана шешуге шақырамыз. Біз үшін әр елдің аумақтық тұтастығын сақтау және оның ішкі ісіне қол сұқпау – басты басымдық. Халықаралық құқық нормаларын сақтай отырып, Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесінің қарарларын мүлтіксіз орындау маңызды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Саммитте Мемлекет басшысы Қазақстанның Түркі мемлекеттері ұйымына төрағалық етуге ресми түрде кірісетінін мәлімдеді. «Өзбекстан біздің ұйымның игілігі үшін белсенді жұмыс істеді, бұл үшін алғысымызды білдіргіміз келеді. Қазақстан Түркі мемлекеттері ұйымына төрағалық етуді ресми түрде қабылдады. Бұл біз үшін үлкен жауапкершілік. Біз ұйымның игілігі үшін жұмысты жалғастырамыз», – деді Президент.
Түркі мемлекеттері ұйымының келесі саммиті Қырғызстанда өтетін болды. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты. «Кезекті XI саммит келесі жылы Қырғызстанда өтеді. Бүгін қабылданған шешімдер түркі елдерін одан әрі дамытуға ықпал ететіндігіне кәміл сенемін. Мен түркі әлемінің бірлігін күшейтуге қосқан елеулі үлесі үшін Өзбекстан Республикасының президенті Шавкат Мирзиёевті түркі әлемінің ең жоғары орденімен марапаттау жөнінде бастама көтердім. Менің ұсынысым бірауыздан қолдау тапты, ризашылығымды білдіремін», – деді Мемлекет басшысы.
Саммитте Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев, Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиев, Қырғыз Республикасының президенті Садыр Жапаров, Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған, Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов, Мажарстан премьер-министрі Виктор Орбан, Түркі мемлекеттері ұйымының бас хатшысы Кубанычбек Өмірәлиев сөз сөйлейді.
***
Түркі мемлекеттері ұйымы әу баста «Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі» деп аталған. Кейін «Түркі мемлекеттері ұйымы» болып өзгерді. 2021 жылы Ыстамбұлда өткен саммитте бауырлас елдер басшылары осылай деп өзгертуге келісті. Айта кетсек, құрылымға мүше елдер басшыларының алғашқы саммиті 2011 жылы Алматыда өткен. Ал, былтыр Самарқанда өткен саммитте келесі жиынның Астанада өтетіні белгілі болған еді.
Түркі әлемінің атажұрты саналған Қазақстан ұйымға мүше барлық елмен жан-жақты қарым-қатынасты дамытуға айрықша мән береді. Түркі ынтымақтастығына ұйытқы болған ұйымдардың тарихын зерделесек, олардың көпшілігіне Қазақстан бастамашы болған. Түріксой, ТүркПА және Түркі академиясы – соның айқын дәлелі. Бұл ұйымдар бауырлас елдердің мәдени-рухани жақындасуына өлшеусіз үлес қосып отыр. Әсіресе, кейінгі жылдары ұйым аясындағы байланыстар нығая түскен. Қазақстанның Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдермен өзара тауар айналымы да арта түсті. Дәлірек айтқанда, 2010-2022 жылдар аралығында еліміздің ұйымға мүше елдермен арадағы тауар айналымы үш есе өсті. Сөйтіп, 4,5 миллиард көлемнен 12,9 миллиард долларға жетті. Мәселен, жақында ғана еліміздің парламенті Түркі инвестициялық қорын құру туралы келісімді ратификациялады. Бұл дегеніміз, түркі мемлекеттерінің экономикалық дамуына маңызды серпін берілмек.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Ұқсас жаңалықтар
Мемлекет басшысы Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевты қабылдады
- авторСадуақас Айсұлу
- 24 желтоқсан, 2024