Жаңалықтар
Мақсат - Мемлекеттік қызметтің үйлесімді үлгісіне көшу
- авторjambylinfo.kz
- 23 қараша, 2023
- 244
Мақсат - Мемлекеттік қызметтің үйлесімді үлгісіне көшу
Өткен жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік қызметке іріктеу жүйесін одан әрі жетілдіру, меритократия қағидатын ілгерілету, мемлекеттік аппараттың сервистік моделін қалыптастыру жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыру туралы айтып, тиісті органдарға тапсырған болатын. Осыған орай, елімізде қолға алынған мемлекеттік басқарудың жаңа мәдениеті «Ең алдымен адамдар» қағидатына негізделуде. Мұндағы басымдықтардың бірі – мемлекеттік қызметтің барынша үйлесімді үлгісіне көшу. Себебі, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы ашықтық қағидатымен тығыз байланысты. Мемлекет басшысы: «Біз «адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» деген негізгі қағиданы айқын ұстанамыз. Біздің қоғам «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» ұғымын үлкен үмітпен қабылдады. Сондықтан мемлекеттік қызметшілер әрбір азаматтың үмітін ақтауға және тілектерін ескеруге барынша күш салуға тиіс», – деген сөзінде осы ашықтыққа үндейді.
Биыл Мемлекет басшысының мемлекеттік қызметті жаңғырту тапсырмасын жүзеге асыру аясында бірнеше заң қабылданып, бірқатар заңға тәуелді актілер дайындалды. Енді мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талаптар да күшейтіледі. Мемлекеттік қызметті заман талабына сай түбегейлі жаңғырту тек құқықтық-нормативтік құжаттарға өзгертулер енгізумен шектелмейді. Мұндағы басты міндеттің бірі – мемлекеттік қызметшінің кәсіби- тұлғалық болмысын жетілдіру. Ол үшін мемлекеттік қызметшіге саналы тұрғыда өзгеріс қажет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда: «Халқымыздың сана-сезімі, құндылықтары түбегейлі жаңаруы керек. Сонда ұлттың жаңа сапасы қалыптасады. Бір сөзбен айтқанда, барша еліміз жаңарады», – деп саналы өзгеріске деген қажеттіліктің пісіп-жетілгенін айтқан болатын. Осыған сәйкес, бүгінде Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің барлық бастамалары Мемлекет басшысының адамға және оның қажеттіліктеріне бағдарланған мемлекеттік аппараттың «халық үніне құлақ асатын», сервистік моделін қалыптастыруға бағытталған мемлекеттік қызметті жаңғырту бойынша қойған міндеттерін іске асыруға бағдарланған. Мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту бойынша да үздіксіз жұмыстар жүргізілуде.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті белгіленген құзыреттілік шегінде мемлекеттік қызмет, мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және мемлекеттік бақылау салаларында реттеушілік, іске асыру және бақылау функцияларын жүйелі жүзеге асырып келеді.
Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында мекеменің өткен 6 айда атқарған жұмыстары туралы есеп берген мемлекеттік қызмет істері департаменті басшысының міндетін атқарушы Руслан Шариповтың айтуынша, облыста мемлекеттік қызметшілердің штат саны 4475- ті құрайды, оның ішінде саяси лауазымдар – 16, «А» корпусы – 1, «Б» корпусы – 4458.
Мемлекеттік қызметшілердің орташа жасы – 41 жас. Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын бітіргендер саны 40 болса, «Болашақ» бағдарламасының бір түлегі бар. Аймақтағы мемлекеттік қызметшілердің орташа қызмет өтілі 12,6 жыл.
Облыстық департаментте бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша таза ауысымдылық 105 қызметшіні немесе 2,3 пайызды құраған. Осы уақытта жоғары тұрған лауазымға 191 адам тағайындалса, меритократия принципін сақтау деңгейі 72,1 пайызға жеткен. Өткен 6 айда жалпы 1060 мемлекеттік қызметшіні оқыту жоспарланса, оның 654-і оқытылып, қайта даярлау курстарынан 154, біліктілігін арттыру семинарларынан 500 қызметші өткен. Тестілеуге қатысуға өтініш білдірген 2004 азаматтың 531-і оның шекті мәнінен өтті. Әкімшілік мемлекеттік қызметке тест тапсырған 1397 азаматтың 357-сі ғана жақсы нәтиже көрсеткен. Сонымен қатар, құқық қорғау қызметіне тестілеуден өтуге ниет білдірген 607 азаматтың 174-і тестілеу шегінен өте алды. Сондай-ақ, жыл басынан бері 568 азамат жеке қасиетін бағалау бойынша тестілеуге өтініш беріп, 496-сы тиісті нәтижеге қол жеткізген.
Руслан Шәмелұлы мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау бағыты бойынша бірінші жартыжылдықта Әдеп жөніндегі кеңестің мәжілісі 6 рет өткізіліп, онда 39 мәселе қаралғанын, оның ішінде 10 іс және 29 профилактикалық мәселелер болғанын айтты. Кеңес отырыстарында қаралған мәселелер бойынша 96 ұсыным қалыптастырылған, оның 9-ы тәртіптік іс, ал қалған 87-сі профилактикалық сұрақтарды қарау нәтижелері.
Тәртіптік істерді қарау нәтижелері бойынша 9 лауазымды тұлға тәртіптік жазаға тартылды. Оның ішінде мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтар жасағаны үшін 1 қызметшіге «атқаратын мемлекеттік лауазымынан босату», 7 қызметшіге «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» және әдеп нормаларын бұзғаны үшін 1 қызметшіге «ескерту» түріндегі тәртіптік жаза қолданылды. Тәртіптік жауапкершілікке тартылған 9 тұлғаның барлығы жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері.
Жыл басынан бері Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері түрлі мәселелер бойынша 30 жеке қабылдау ұйымдастырып, 83 азаматты қабылдады. Мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманы және әдеп нормаларын түсіндіру бойынша 43 іс-шара өткізілді.
Тәртіптік жаза қолдану тәжірибесі бойынша өткен 6 айда мемлекеттік қызметшілерге 526 тәртіптік жаза қолданылған. Әдеп нормаларын бұзғаны үшін жауапкершілікке 12 қызметші тартылған. Қарамағындағы қызметшілердің сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін басшылардың тәртіптік жауапкершілігі мен отставкасына жүргізілген мониторинг нәтижелері жайлы айтатын болсақ, жыл басынан мемлекеттік органдардың 14 басшы лауазымдағы қызметкерлері бағынысты қызметкерлердің сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Оның 8-і құқық қорғау органдарының, 5-еуі орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінің, 1-еуі жергілікті атқарушы органдардың басшылары.
Департамент басшысының міндетін атқарушы Руслан Шарипов мемлекеттік көрсетілетін қызметтер сапасын бақылау саласы бойынша облыста мемлекеттік қызметтердің 373 түрі көрсетілетінін айтты. Жылдың бірінші жартыжылдығында 7 миллион 180 мың 831 қызмет көрсетілсе, оның 98,2 пайызы электронды форматта ұсынылған.
Өткен жылмен салыстырғанда электронды түрде көрсетілген қызметтердің саны 1,2 пайызға артқан. Осы кезеңде мемлекеттік қызмет көрсету саласында азаматтардан 20 шағым түсіп, оның 10-ы құзыреттілікке сәйкес қарау үшін өзге мемлекеттік органдарға жолданса, 5-еуі бойынша қарауды тоқтату туралы шешім қабылданып, 4-еуі бойынша түсіндірме берілді. Жыл басынан бері жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп 4 ішкі бақылау жұмысы жүргізіліп, нәтижесінде 34 заң бұзушылық анықталған.
Заң бұзушылықтарға жол бергені үшін 5 қызметкер тәртіптік жазаға тартылып, рұқсат беру құжаттарының мерзімі мен тәртібін бұзғаны үшін лауазымды тұлғаларға әкімшілік құқық бұзушылық туралы 9 хаттама толтырылған. Әкімшілік істер қысқартылған іс-жүргізу тәртібінде қаралып, 414 мың теңге көлемінде айыппұл салынды және ол мемлекеттік бюджетке толық өндірілді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 13 сәуірдегі №872 Жарлығына сәйкес, Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне мемлекеттік органдарды бюрократиядан арылту бойынша функциялар берілген болатын. Осы орайда, биыл департамент облыстағы қаржы және сауда салаларында мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту бойынша талдау жұмыстарын жүргізіп, ол бойынша агенттікке 44 ұсыныс енгізілді.
Сонымен бірге, бюрократиядан арылту мәселелері бойынша арнайы құрылған фокус- топтармен «Рұқсат беру рәсімдері мен монополияға қарсы заңнаманы бюрократиядан арылту», «Өндірушілер (зауыттар), экспорттаушылар, импорттаушылар тарапына қатысты әкімшілік рәсімдерді бюрократиядан арылту» және «Жер қойнауын пайдаланушылар тарапына қатысты әкімшілік рәсімдерді бюрократиядан арылту» бағыттары бойынша мониторинг жұмыстары жүргізіліп, жалпы 21 ұсыныс енгізілген.
Руслан Шәмелұлы мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамаға енгізілген бірнеше өзгерістерге де тоқталып өтті. Мәселен, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бастамасымен мемлекеттік қызметке кіруде артық кедергілерді жою және мемлекеттік қызметтен шығу тәртібін жеңілдету жөнінде заң қабылданды. Осы заңды іске асыру мақсатында ақпан айында Агенттіктің бұйрығымен Мемлекеттік басқару академиясының түлектерін өңірлердегі лауазымдарға, сондай-ақ, мемлекеттік грантпен оқу орындарын аяқтаған түлектерді аудан мен ауылда төменгі лауазымдарға конкурссыз тікелей тағайындау үшін оқу нәтижелері белгіленді.
Осылайша, тиісті оқу нәтижесі 3,33 GPA, яғни дәстүрлі жүйе бойынша «жақсы» деген көрсеткіш немесе 100 балдық жүйе бойынша 85-89 деңгейінде бекітілді. Бұдан басқа, «Б» корпусының жоғары лауазымдарына конкурссыз тікелей тағайындау басталды. Сонымен қатар, Агенттікке біліктілік талаптарды келісу функциясы қайтарылды.
Биыл 20 наурызда мемлекеттік қызметті жетілдіру туралы қабылданған заңға сәйкес енгізілген өзгертулер мен толықтыруларға тоқталар болсақ, біріншіден, «келісімшарттық қызметшілер» ұғымы енгізілді. Мемлекет басшысы Мемлекеттік басқаруды дамыту тұжырымдамасында келісімшарттық қызметшілер институтын енгізуді тапсырған болатын. Олар мемлекеттік қызметші санатына жатпайды.
Бұл салалық жобаларды іске асыру кезеңіне арнаулы білімі бар кәсіби мамандарды тартуға мүмкіндік беретін болады. Келісімшарт мерзімі бір жылдан аспайды. Екіншіден, ротациялық төлем енгізілді. 2016 жылы мемлекеттік қызметшілердің ротациясы енгізілгені баршаға мәлім. Оның мақсаты – өңірлер арасында тәжірибе алмасу, қызметшінің тәжірибесін жан-жақты жетілдіру және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу. Қолданыстағы заңға сәйкес, өзге өңірге ротацияланатын қызметшіге уақытша үй берілуі тиіс.
Алайда, қызметтік пәтерлер жетіспегендіктен, ротацияланған қызметшілер өз қаражатына үй жалдауға мәжбүр. Бұл көптеген қызметшілердің ротациядан бас тартуына алып келуде. Ротациялық төлемді енгізу осы олқылықтардың орнын толтыруға бағытталып отыр.
Үшіншіден, мемлекеттік қызметте қашықтықтан жұмыс жасау және икемді жұмыс кестесін реттеу құзыреті агенттікке және оның аумақтық департаменттеріне берілді. Пандемия және жан-жақты цифрландыру үрдісі қашықтықтан жұмыс жасау, сонымен қатар икемді жұмыс кестесін қолдану мүмкіндігін көрсетті. Осыған орай, мемлекеттік қызметте қашықтықтан жұмыс жасау және икемді жұмыстың кестесінің нақты тәртібі агенттік арқылы белгіленеді.
Төртіншіден, мемлекеттік органдарда басшылар мен орындаушылар санын реттеу бекітілді. Қолданыста болған заңның редакциясына сәйкес, әр мемлекеттік орган өз штат кестесін өзі бекітетін.
Алайда, басшылар мен орындаушылар саны реттелмеген. Нәтижесінде бір басшыға кейде 1 немесе 2 орындаушыдан ғана келетін жағдайлар кездесіп жатады. Ал енді кейбір органдарда басшылар саны тіпті орындаушылардан да асып түседі. Осыған орай, мұндай олқылықтарды болдырмау мақсатында басшылар мен орындаушылар саны агенттіктің бұйрығымен реттелетін болады.
Бесіншіден, жалақы үшін мемлекеттік қызметшінің жұмыс өтілін есептеу тәртібін бекіту құзыреті енді агенттікке берілді. Баршаға белгілі, мемлекеттік қызметшінің жалақысы оның жұмыс өтіліне байланысты. Осылайша, қазіргі кезде Үкімет қаулысымен тиісті жұмыс өтілін есептеу тәртібі бекітілген. Үкіметтен құзыреттерді орталық органдарға беру саясаты аясында аталған тәртіпті бекіту құзыреті агенттікке берілді. Ең соңында мемлекеттік органдарда жұмыс кестесінің дұрыс сақталуын бақылауды жүзеге асыру қарастырылған.
Биыл ақпан айында «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодекске түзетулер енгізіліп, мемлекеттік органдарда жұмыс кестесін заңсыз бұзу туралы әкімшілік істерді қарау да агенттікке берілген болатын. Бұрын мұндай істерді әкімдіктердің еңбек инспекциясы қарайтын.
Аталған түзету 1 сәуірден бастап қолданысқа енгізілді. Осыған орай, «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңда агенттікке мемлекеттік органдарда жұмыс кестесінің дұрыс сақталуын бақылау функциясы бекітілді. Жоғарыда аталған жаңашылдықтар еліміздегі мемлекеттік қызмет саласындағы жұмыстардың жүйелі жүзеге асырылуына оң ықпал етері анық.
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Келесі мақала