Газадағы қираған ғимараттардың үйінділері астынан 280 палестиндіктің мәйіті табылды
- авторАяжан Дәулетбекқызы
- 18 қазан, 2025
- 315
Газадағы қираған ғимараттардың үйінділері астынан 280 палестиндіктің мәйіті табылды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Anadolu агенттігінің хабарлауынша, атысты тоқтату режимі күшіне енгеннен кейін құтқару топтары үздіксіз жұмыс жүргізіп келеді. Дегенмен үйінділер астында әлі де шамамен 10 мың адамның мәйіті бар. Махмуд Басалдың айтуынша, халықаралық қауымдастық пен гуманитарлық ұйымдар бұл бағытта әлі нақты әрекет жасамаған.
Азаматтық қорғаныс жасақтары тәулік бойы аса күрделі жағдайда жұмыс істеп жатыр. Бізге өз міндетімізді орындау үшін заманауи құрал-жабдықтар ауадай қажет, – деді Басал.
Оның айтуынша, ведомство халықаралық ұйымдарға құтқару жұмыстарын жүргізу үшін қажетті жабдықтар мен техниканың толық тізімін жіберген.
«Азаматтық қорғаныс бөлімшелерінің жұмысын қамтамасыз ету үшін халықаралық деңгейде шұғыл саяси шешім қажет», – деп атап өтті ол.
Махмуд Басал сондай-ақ халықаралық ұйымдардың екіжүзді ұстанымын сынға алды.
Әлемдік қауымдастық израильдік тұтқындардың денесін іздеуге ерекше көңіл бөледі, ал үйінді астында қалған мыңдаған палестиндіктердің тағдырына бейжай қарайды. Қызыл Кресттің араласуын күтіп, 10 мыңға жуық палестиндіктің денесі екі жылдан бері үйінді астында жатыр, – деді ол.





