Кеніш қойнауынан табылған олжа
Жұмбаққа толы жер қойнауы адамзатқа беймәлім талай сырды бүгіп жатқаны анық. Бұлай дейтініміз, былтыр Қостанай облысындағы Қашар кенішінде өндірістік қазба жұмыстары кезінде осыдан 20 миллион жыл бұрын тіршілік еткен алып балықтың қаңқасы табылған.
Қашарлық кеншілер таяуда тағы да олжалы болып отыр. Бұл жолы кеніштің теңіз деңгейінен 30 метр биіктікте орналасқан солтүстік-шығыс беткейіндегі кенжардан алып ағаштың қалдықтары табылды.
– Ағашты экскаватор машинисі Анатолий Безбабный жұмыс кезінде байқап, бірден басшылыққа хабарлады. Нәтижесінде, жалпы салмағы екі тонна болатын алып ағаштың бірнеше бөлшегін қазып алдық. Оның ішіндегі ең үлкенінің ұзындығы – 7 метр. Ағашты қазып алу жұмыстарына жүк тиегіш, бульдозер сияқты арнайы техника мен 5 адам жұмылдырылды, – дейді «Қашар кен» АҚ тау-кен шебері Иван Голованов.
Геолог мамандар ежелгі ағаштың шамамен осыдан 30-35 миллион жыл бұрын өскенін айтып отыр. Бүгінге дейін бүлінбей сақталуына діңінің тасқа айналуы себеп болған. Өйткені құрамының 50 пайыздан астамы кварц-карбонатты цементтен тұрады. Тағы бір таңғаларлығы, кенішті бойлай қалыңдығы жарты метрден 3 метрге дейін жететін көмір қабаты түзілген. Демек ежелгі ағаш Мезозой флорасына жатады және реликтік гинкго немесе биіктігі 110 метрге жететін әлемдегі ең биік ағаш кипаристік секвойяның қалдығы болуы мүмкін.
Қазір жер қойнауынан табылған алып ағаш Қашар кенішіне кіреберістегі стелаға қойылды. Кеніш мамандары ағаштың бір бөлігін Рудныйдағы кәсіпорын басқармасының музейіне жеткізуді жоспарлап отыр.
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Ұқсас жаңалықтар
Жаңалықтар
Педагог категориясының өсуі жалақыға қаншалықты әсер етеді?
- авторjambylinfo.kz
- 24 қараша, 2024