дүйсенбі, 23 желтоқсан, 2024 7:55

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Kundelik туралы күдік көп

Kundelik туралы күдік көп
Сурет:Ашық дереккөзден алынды
Білім саласындағы цифрлы жүйе қандай?

Цифрлы дәуір – ақыл-ой дәуі­рі. Білім мен ғылым ғасыры. Елімізде білім саласын цифр­лы жүйеге көшіруге қатысты реформа жүргізіліп жатқанына біраз жыл болды, деп жазады Jambylinfo.kz. Аikyn.kz- ке сілтеме жасап. 

Kundelik.kz бағдарламасы 2016 жылы қолға алынып, 2018 жылдан бастап қолданысқа енгізілді.

 «11 жылда өзін-өзі ақтап шығады» деп сенім артқан жүйе бүгінге дейін өз соқпағына түсе алмады. Тіпті, kundelik еліміздің ақпараттық қауіпсіздігіне қатер төндіретіні туралы депутат Ермұрат Бапи мәселе көтерді.

– Kundelik жүйесінің түп-тамыры ресейлік Дневник.ру платформасының кіндігіне байланған. Яғни, Қазақстандағы 3 миллионға жуық оқушының, олардың ата-анасының барлық ақпараттық-цифр­лық дерегі – Ресейдегі тиісті органдардың қолында отыр деген сөз. Цифрлық ақпараттар 6 жылдан бері Ресейге кетіп жат­қан­ына неге жайбарақат қарап отырмыз? Kundelik-ке тіркелген ата-аналар мен жет­кіншек ұрпақтың барлық дерегі мен дәйегін Ресейдің «ФСБ» органы алақандағыдай көріп отырғаны – біздің ұлттық қауіпсіздігімізге төнген қатер емес пе?» –  деп атап өткен еді ол.

Цифрлы әлемде ақпараттық қауіпсіздік пен жеке адамның деректерін қорғай білу  мемлекеттің де қауіпсіздігін қорғай білу екені даусыз. Ал электронды Kundelik-тің озықтығы қандай, олқылығы не деген сұрақ­қа әзірге ешкім де толымды жауап берген жоқ. Электронды жүйенің мақсат-міндеті – мұғалімдерді қағазбасты­лық­тан құтқару деген қарабайырлау қа­ғи­да ғана. Былтыр жоба жетекшісі Мұх­тар Ілиясов онлайн брифингте: «Қазір kundelik жобасында 6 200-дей мектеп жұмыс істеп жатыр. Нақтырақ айтқанда, 332 601 мұғалім мен 2 238 563 оқушыға, 2 016 990 ата-анаға қызмет көрсетіп жатырмыз» деп мәлімдеген болатын. Де­генмен ата-аналар мен мұғалімдер та­рап­ынан kundelik-тің техникалық мүмкіндіктеріне қатысты шу толастаған емес. Электронды күнделіктің халықты әбігерге салған басты машақаты негізінен интернет желісінің ақаусыз жұмыс істеуі­не байланысты екені белгілі. Яғни, кей­бір алыс ауыл-аймақтар сапалы интернет желісіне толық қосылмаған. 

Цифрлы білімге ортақ мемлекеттік бірыңғай жүйе керек 

Жақында БАҚ бетінде «Қостанай облысының мектептері kundelik-тен бас тартты» деген ақпарат тарады. Облыстық Білім басқармасының мәлімдемесінен түсінгеніміз, жергілікті ведомство Прези­дент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «барлық оқушының сапалы оқыту контенті бар озық цифрлық платформаларға қолжетім­ді­лігін қамтамасыз ету» тапсырмасын BilimClass электронды журнал және күн­делік модуліне көшу арқылы жүзеге асыруды мақсат етіп отыр. Облыстық Білім басқармасы мен Bilim Land ЖШС ынтымақтастық меморандум аясында BilimClass модуліне барлық білім беру ұйымының, мұғалімдер, оқушылардың және олардың ата-аналарының деректерін автоматты түрде жүктегеннен кейін құжаттар қоймада тегін сақталады. 2024 жылдың 1 қыркүйегінен бастап барлық жал­пы білім беру ұйымдарын қамтығаннан кейін отандық цифрлы портал арқылы оқушылар біліктілікті арттыру курстарынан өту кезінде мониторингі мен сертификаттауы бар PISA, TIMSS, PIRLS, МОДО халықаралық зерттеулеріне қосыла отыр­ып, дайындық барысында функцио­нал­дық сауаттылықты қалыптастыруға және ба­­ға­лау­ға қол жеткізетін болады деп жос­­парланған.

Дегенмен біз Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне хабарласып, «Қостанай облысы Білім басқармасының kundelik жүйесінен  BilimClass-ке ауысып жатқанын Оқу-ағарту министрлігі қолдай ма, әрбір жергілікті орган білім саласындағы цифрлы жүйені өзі таңдауға құқығы бар ма?» деп сұраған едік. Құзырлы органның баспасөз қызметінің бізге берген жауабында ««Білім туралы» заңның 6-бабының 2-тармағы 10-1) тармақшасына сәйкес жергілікті атқарушы органдар бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын мем­лекеттік білім беру ұйымдарын (қылмыстық-атқару жүйесінің түзеу мекемелеріндегі білім беру ұйымдарын қоспағанда) материалдық-техникалық қамтамасыз етуге қолдау көрсетеді. Осыған байланысты мектептер үшін бағдарламалық шешімдерді, ақпараттық жүйелерді таңдау жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне жатады. Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдар «Күнделік» АЖ және басқа да нарықта бар балама шешім­дерді таңдауға құқылы» деп жазылыпты.

Қазір елімізде электронды білім беру нарығы қарқынды дамып, бәсекеге қабілеттілік артып отыр. Бұл мектептердің таңдау мүмкіндігіне жол ашатыны сөзсіз. Кез келген білім беру ұйымына қай жүйе­мен жұмыс істеп, қандай платформаға қосылатынын өздері таңдай алуының да белгілі бір артықшылықтары бар шығар. Бірақ цифрлы білімге ортақ мемлекеттік бірыңғай жүйе керек екені даусыз.

Республикалық «ҚазБілім» орталығының директоры Аятжан Ахметжанұлының айтуынша, Bilim онлайн, BilimClass, mektep.edu, Bilimal сияқты нарықта жүр­ген kundelik.kz-ке балама болатын әртүрлі платформа бар. Олардың әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері болуы мүмкін. Десек те, мемлекеттік деңгейде цифрлы білім бірыңғай жүйеге жинақталуы керек.

– Негізгі айтатын мәселе, білім саласындағы цифрландыру еліміз бойынша біртұтас болса, қолдануға жеңіл және ың­ғайлы еді. Қазір 20 өңір 4-5 түрлі пл­ат­формаға көшіп кетті. Бұл белгілі дең­­гейде қолдануға ыңғайсыз. Бір қала­дан бір қалаға көшетін бала, бір өңір­ден бір өңірге ауысатын мұғалім жаңа бір дүниені қабылдауға тура келеді. Содан кейін базалардан мәліметтерді алу қиынға түсіп жатыр. Былай қарасаңыз, платформалар бір-бірінен артықшылығы жоқ дүниелер. Мәселен, кейбір функтар бір платформада көлденеңінен, біреуінде тігінен тұруы мүмкін деген сияқты сәл-­пәл айырмашылық бар. Жұмыс іс­тейтін функциясы бір. Сондықтан мемлекеттік деңгейде ала-құла ету тиімсіздікке ұрындырады, – деді ұстаз.

BilimClass-тың артықшылығы не?

Жұмыс істеу функциясында айырмашылық болмаса да әрбір жергілікті орган өзіне қолайлы платформаны өзі таңдай алатынын түсіндік. Алайда неге мемлекеттік деңгейде бірыңғай платформаға көшуге болмайды деген сұрағымыз басы ашық күйінде қалды. Ал BilimClass kundelik жүйесін қаншалықты алмастыра алады, оның кемшіліктерін қайталамауға қауқарлы ма? Артықшылығы қан­дай?» деген сұрағымызды BilimLand ЖШС-на жолдаған едік.

– BilimСlass жүйесіне қосылу мұғалімдерге қолайсыздық тудырмай, ыңғайлы әрі тиімді болуын қадағалаймыз. Мектеп әкімшілігі мен мұғалімдерге жаңа платформаны қолдану нұсқаулығы жан-жақты түсіндіріліп, оқыту және анықтамалық материалдар кешені дайындалды. Қолдау қызметі де іске қосылды. Мұғалімдер тара­пынан жиі айтылатын ұсыныстарды ескеріп, жалпы IT-индустриясының тала­бына сай,  BilimСlass-тың тиімділігін арттыруға тырыстық. Бұл электронды журналын қолданудың бірнеше тиімді тұсы бар. Біріншіден, толықтай тегін, сайт интерфейсі мен функциялары ыңғайлы әрі өте түсінікті. Бұл өз кезегінде, мұғалімдерге күнтізбелік-тақырыптық жоспарлау, үй тапсырмалары мен бағалау жүйесін толтыруды жеңілдете түседі. Екіншіден, платформада ата-аналар мен сынып жетекшілеріне барлық қажетті ақпаратты, атап айтқанда, оқудың кез келген кезеңіндегі деректерді, үлгерім, оқушының пәндер бойынша жетістіктері мен үй тапсырмаларын бақылау мүмкіндігін береді. Үшіншіден, BilimClass аналитикалық құралдардың кең ауқымын және түрлі білім беру платформасымен интеграция ұсынады. Педа­гогтер қауымының уақытын, қаржысын үнемдеп, олардың жұмысын мейлінше жең­іл­детуді көздейді, – деді BilimClass жобасының жетекшісі Нәзір Азаматұлы.

Оның айтуынша, BilimClass педагогтердің жұмысын жеңілдетеді. Жалпы, «Мұғалімдердің жұмысын жеңілдетеді деген шарт­тың (критерийдің) өлшемі қандай? Бұл да мұғалімдерді қағазбастылықтан арыл­та­ды деген мақсатта жұмыс істей ме?» деп сұрадық Нәзір Азаматұлынан.

– Платформа мұғалімдерге цифрлық оқыту кешендерін еркін қолданып, интерактивті сабақтар мен тапсырмалар құрастыру, оларды өзгерту және өзгелермен бөлісуді қамтамасыз етеді. Бұл платформада жарнамалық контент жоқ. Ата-аналар мен оқушыларға арналған тегін мобильді қолданбасы бар. Платформа үздіксіз әрі тұрақты жұмыс істейді. Сондай-ақ мұғалімдерге біліктілікті арттыру курстарын тегін өту мүмкіндігін ұсынады. Ерекше атап кететін мәселе, kundelik жүйесімен салыстыратын болсақ, BilimClass толықтай Қазақстанда жасалған, отандық өнім, – деді ол.

Цифрлы өркениет интеллектуалды өре өлшемі болмақ 

Қостанай облысы Білім басқармасының kundelik-тен BilimClass-қа ауысуын мұғалімдер қалай қабылдап жатқанын білу үшін жергілікті білім ұйымдарының мамандарына да хабарластық. «BilimClass-­қа отандық өнім болғаны үшін ғана ауы­с­ып жатқан болар, әйтпесе kundelik жүйесі қазір мүлтіксіз жұмыс істеп тұр» деген ойын айтқан ұстаз атын атағысы келмеді.

– kundelik жүйесіне үйреніп қалдық. Бірақ ол ресейлік платформа болатын. Дегенмен BilimClass-қа ауысқаннан не өзгеретінін білмедім. Электронды журналмен жұмыс істеу басында біртүрлі болғаны рас. Интернетке кіруде қиыншылықтар болды. kundelik-ті ата-ана да, басшылық та кез келген уақытта ашып қарап, қадағалап отыра алады. Қағаз жу­р­налды ешкім де іздеп келіп қарамайды. Сондықтан электронды жүйенің тиімділігі, артықшылығы көп. Білім бас­­қармасы BilimClass-қа отандық өнім болғаны үшін көшіп жатқан болар. Басында kundelik-пен жұмыс істеуге кедергілер болды, сайт ашыла қоймайтын, техникалық ақау сал­дарынан уақытында толтыра алмайтынбыз. Қазір kundelik жүйе­сі жетілді. BilimClass-тың сапасы қалай болар екен? – деді қостанайлық мұғалім.

Көріп отырғанымыздай, бүгінде білім нарығын цифрландыру бағытында бәсекеге төтеп бере алатын түрлі платформа қалыптасып үлгерді. Отандық ІТ саласында білікті жастар легі өсіп келеді. Елде цифрландыру қарқынды жүріп жатыр. Төң­іректі торлаған төртінші өнеркәсіптік төң­керіс тегеурініне төтеп беру үшін ци­ф­р­лы әлеует сапалы болу керегі де түсінікті... Ал ол үшін мыңдаған шақыр­ымға оптикалық-талшықты кабельдер жүргізіп, кең­жолақты интернетке қос­ылуды айт­пағанда, цифрлы өркениетте интеллектуалды өреміздің өсуі, білім-ғы­лымға байланған экономика құру, эл­ек­тронды технологиялардың заманауи қуатын толық меңгере білу үлкен сы­нақ болғалы тұр. Сондықтан заман талабына жауап бере алатын білім нәріне қанып, ғылым жолында ғұмырын сарп ететін на­ғыз ғалымдар тәрбиелеу, ұлттық ғы­лымның абыройын көтерер нағыз Қа­н­­ыш­тарды өсіру –  ендігі міндет десек болады.

Авторы: Тілекгүл Есдәулет

jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар