дүйсенбі, 23 желтоқсан, 2024 7:13

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Қоғамдық кеңес – қоғамдық сенім бастауы

Қоғамдық кеңес – қоғамдық сенім бастауы
ашық дереккөз
Жамбыл облыстық қоғамдық кеңес жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдарының, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің азаматтық қоғаммен өзара іс-қимыл жасауын дамытумен, олардың ашықтығын қамтамасыз етумен, нысаналы индикаторларға қол жеткізуін талқылаумен, қоғамдық бақылауды ұйымдастырумен айналысатыны белгілі. Осы орайда біз Жамбыл облыстық Қоғамдық кеңес төрағасы Марат Абдраимовпен ауылшаруашылығы, сушаруашылығы, балықшаруашылығы салаларында қандай кемшіліктер қалпына келтіруді қажет ететіні жөнінде сұхбаттасқан едік.

– Марат Жаңабекұлы, жалпы облыстық қоғамдық кеңестің құрамына кімдер енген?– 2023 жылғы 12 қазандағы №39 хаттамаға сәйкес қоғамдық кеңестің шешімімен бекітілген үшінші құрамда 31 адам бар.Оның ішінде азаматтық қоғамның өкілдері – 24 адам. Мемлекеттік органдардың өкілдері жетеу болса, гендерлік құрамы бойынша әйелдер де – жетеу. Қоғамдық кеңес мүшелерінің ішінде екеуі 35 жасқа дейінгі, 18-і 35-59 жасқа дейінгі, 11-і 60 жастан асқандар.
– Қоғамдық маңызы бар мәселелерге қатысты шешім қалай шығарылады?
– Қоғамдық кеңестер – мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам арасындағы негізгі диалог алаңы. Осы ретте өзара тығыз іс-қимыл халық пен азаматтарды бірлесіп атқарған қызмет туралы кеңінен хабардар ету жолымен жүзеге асырылады. Мұндай іс-шаралар оқыту семинарларын, консультацияларды өткізу, тәжірибе алмасу, бірлескен отырыстар өткізу, қоғамдық бақылау нысандарын іске асыру, азаматтардың өтініштерін қарау, сұрау салу және өзге де тәсілдер арқылы жүргізіледі. Қоғамдық кеңестің мониторингтік топтары денсаулық сақтау мекемелерінде жүргізілетін мемлекеттік қызмет көрсету сапасына, 2023 жылға арналған акваөсіру, яғни балық өсіру шаруашылығына қатысты өнімінің өнімділігі мен сапасын арттыруға мән берді.Есепті мерзім ішінде жүргізілген 15 қоғамдық мониторингке және қоғамдық қабылдауға 540 адам қатысты.


– Жалпы қоғамдық кеңес өз жұмысын атқару барысында қай салада қандай олқылық орын алып жатқанын анықтай алады. Мәселен, облыс әкімдігі ауылшаруашылығы саласында жүйелеуді қажет ететін қандай да бір мәселе бар ма?

– Бар. Мысалы, «Асылтұқымды малшаруашлығын дамыту, малшаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау» қағидаларына субсидия алғанға дейін «субсидия алуға үміткер тауар өндірушілерге арналған мониторинг жүргізу» тармағын қосу қажет деп есептейміз. Нақты айтқанда, бұл жерде шаруаларға субсидия беруде алдымен мониторинг жүргізіліп, сол арқылы оны кімге беру қажеттілігі анықталуы керек.

Мысалы, қолында қаржысы бар, мыңғыртып мал айдаған шаруаларға жылда субсидия беріп, қорасында азын-аулақ малы бар, мемлекеттен қолдау күту арқылы мал басын көбейткісі, асылдандырғысы келетіндердің осы көмектен шеттетіліп қалуы әділетсіздік деп есептейміз. Жылда белгілі бір ірі шаруашылықтардың қайта-қайта субсидия алып, өзгелердің бұл жеңілдікке іліге алмауы ойланарлық мәселе.

Асылтұқымды малдарды сатып алу бағытын инвестициялық субсидиялау жүйесіне қосу керек. Өйткені ол жерде тауар өндіруші өз қаржысы болмаса, несие алу арқылы көлемді қаражатын экономиканы дамытуға салады. Инвестициялық салымдар статистика органдары тарапынан арнайы есепке алынуы тиіс. Бұдан бөлек инвестициялық субсидиялау бағдарламасында өтінімдердегі деректерді алдын ала зерделеу функциясы бар.

Бұл жерде облыста малды асылдандырудың артында жылына ет және сүт өнімін екі пайызға арттыру мәселесі тұр.Ол статистика бүгінде ойдағыдай жүргізіліп отырған жоқ. Мәлімет тараптардың біріне-бірі телефон шалу арқылы берілуімен статистика жай ғана қағаз жүзінде жүргізіліп отырған болуы да мүмкін.

Субсидия негізі адамға емес, малға беріледі. Аталған асылтұқымды айғыр шаруаның малын асылдандыруға шамасы келе ме, келмей ме, ол жағы неғайбіл, сондықтан біз осыған мән беруіміз керек. Сол себепті ветеринариялық пункттерге асылтұқымды малдың ұрығы әкелініп, шаруаның малы сол арқылы қолдан ұрықтандырылуы керек те, субсидия сол малдан алынған төлге төленуі қажет. Асылтұқымды малды көбейтудің заңды жолы – осы. Біз осы жолды таңдасақ, бір ғана шаруа емес, бүкіл ауылдың малы асылдандырылар еді.

Заңның осы талабы дәл қазіргі жағдайда орындалып жатқан жоқ. Бізде заңға қатысты мәселе көп, мысалы, бізде Ұлттық қор бар, бірақ Ұлттық қор туралы заң жоқ. Қысқасы, қазақша шатып-бұтып жазылған заңның арқасында шаруалар субасидия алудың оңай жолына көшіп алған. Міне, біздің ауылшаруашылық саласын дамытуға қатысты субсидияның қазіргі рөлі. Субсидияны әрбір шаруаға жеткізу – бүкіл малды асылдандыру. Біз осыны түсінуіміз керек.Сонымен қатар қазіргі таңда шаруалар «мал бағатын шопан жоқ» деп мәселе көтереді.

Шаруашылықтардың ішінде мемлекеттен 25 миллион теңгеге дейін субсидия алып отырғандар бар. Осындай шаруашылық иелері 25 миллион теңге субсидияның екі жарым миллион теңгесін малшыға төлеуге қимайды.Мемлекеттен қомақты субсидия алып отырған шаруа малшыға айына кем дегенде 300-500 мың теңге аралығында ақы төлесе, жұмыссыз жүргендер қой бағу үшін кезекке тұрар еді.Соңғы жылдары шаруа қожалықтар тарапынан жалған мәліметтер ұсыну арқылы субсидия алу фактілері көптеп кездесуде.

Ауылшаруашылық малдарын өсіру, иемдену, пайдалану, емдеу жұмыстарын цифрландырып, олар туралы ақпараттарды салаға жауапты негізгі мекемелерге ортақ және өзара қолжетімді ортақ базаға орналастырудың қажеттілігі бар. Субсидияға тіркеуге арналған цифрлы қолтаңба бойынша ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаментімен бірлесе отырып, екіжақты бақылау және түсіндіру жұмыстарын жасауға мүмкіндік беретін жүйе қалыптаспаса болмайды.Қазіргі таңда тыңайтқыш шығаратын «Каз-Азот» мекемесіне шаруашылықтарға байланысты жұмысты жүйелеуді ұйымдастыру керектігі байқалады.

Осы секілді мәселелерді жіпке тізе берсек, жетіп артылады.

– Қоғамдық кеңес көтерген мәселелер қазір орындалып жатыр ма?– Жоғарыда сөз еткен мәселелер қоғамдық кеңесте қозғалып, былтыр сол кездерде облыс әкімі болған Нұржан Нұржігітовке, облыс әкімі аппараты, тиісті басқармалар секілді тараптарға ұсыным ретінде жолданған.

 Әңгімеңізге рақмет!
 
 

jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар