жексенбі, 24 қараша, 2024 22:19

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Құланда тоңазытқыш шығарылуда

Құланда тоңазытқыш шығарылуда
ашық дереккөз
Жуырда Т.Рысқұлов ауданының әкімі Ернар Есіркепов әлеуметтік желідегі парақшасында жергілікті кәсіпкердің тоңазытқыш шығарып жатқанын сүйіншілеп жазды. «Жақсыны көрмекке» деген ниетпен ерекше жобаны қолға алған кәсіпкердің кім екенін білуге, жақынырақ танысуға тырыстық.

«Туған жерге туыңды тік!» демекші, жеке кәсіпкер Қуандық Өтеғұловтың Т.Рысқұлов ауданынан «MOOZTAU» атты тоңазытқыш цехын ашқанына көп болмапты. Негізі кәсібін 2022 жылы Алматы қаласынан ашқан Қуандық кіндік қаны тамған жерден де өз ісін дөңгелетуге ниетте. – Бәрі белгілі бір себеппен басталады ғой. Кәсіпкерлікке бала күнімнен жақын болдым. Ауылда шағын дүкеніміз болатын. Әлі есімде, ішінде ескі тоңазытқыш тұратын. Жұмыс істеп тұрғанынан бұзылғаны көп еді.

Бұзылған сайын жөндей бергеннен шаршап, «Болашақта ешқашан бұзылмайтын тоңазытқыш шығарамын» деп айтатынмын. Армандар орындалады деген осы емес пе? Құлан өңірінде өндіріс орны аз. Әрі ата-анам ауылда тұрады. Бәрібір қарашаңырақтың орны бөлек. Ал біз Алматы қаласында тұрамыз. Аудан әкімі хабарласып, қандай да бір инвестициялық жобаны жүзеге асыру туралы ұсыныс жасаған соң ойланып, туған жерге пайдамды тигізейін деп шештім.Аудан әкімдігі тарапынан қажетті ғимарат, жер берілді. Барынша қолдау көрсетуде. Алдағы уақытта қолдаудың қайтарымы да болады деп нық сеніммен айта аламын. Бастаған бизнесімізді дамыту үшін Түркияға, Қытайға барып келдім. Түркиялық, қытайлық кәсіпкерлерге әріптес болып жұмыс істеу туралы ұсыныс та жасадым. Алайда шетелдік кәсіпкерлер жобамның болашағына сеніңкіремеді. «Ақыры серіктес болудың жөні келмеді, ендеше мүмкіндігімізді көрсетейін, оларға бәсекелес боламын» деп алдыма мақсат қойдым. Сөйтіп, қарамағымдағы қызметкерді Түркияға жіберіп, оқыттым. Өзім де Мәскеуге барып, білім алып, тәжірибемді толықтырып қайттым. Әлемнің қай түкпірінде көрме өтсе де ешқайсысынан қалмадым, – дейді Қуандық Маханбетұлы.


Қуандық Өтеғұлов 1983 жылы 10 қазанда Т.Рысқұлов ауданының Көкдөнен ауылында дүниеге келген. Кәсіпкерлікке бет бұрғанына 18 жылға жуықтапты. Көкдөнен ауылындағы А.Байтұрсынов атындағы мектепті тәмамдап, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде «Автоматтандыру және басқару» мамандығы бойынша білім алған. Бала күнінен-ақ кәсіпкер болуды ойлаған кейіпкеріміз бастапқыда «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде екі жыл, «BI Group» құрылыс компаниясында 11 жыл жұмыс істепті. – Тоңазытқыш – температурасы қоршаған ортаның температурасынан төмен болатын, жоғарғы температурада микроорганизмдер әсерінен жылдам бұзылатын азық-түлік өнімдері мен тағамдарды сақтауға арналған құрылғы. Тоңазытқыштың түрі көп. Тұрмыстық, сөрелік деген секілді. Біздің өндіретініміз – дүкендерге, тауарларға арналған түрі. Болашақта үлкен зауытты іске қосып, мұздатқыштың, тоңазытқыштың түр-түрін шығарамыз деп отырмыз. Шикізаттың бәрі шетелден әкелінеді.

Тек Қазақстанның темірін ғана пайдаланамыз.Біздің  дүкендерге, гипермаркет, супермаркеттерге арналған сөрелі тоңазытқыштарымыздың артықшылығы – тоқты аз қажет етеді. Бағасы нарықтағы тоңазытқыштардан екі есе арзан. Әрі сапасы өте жоғары.Мені ойлантатын мәселе – жұмысшы, кәсіптік мамандарды көптеп даярлау керек. Құланда іс ашып, қызметкерлерді жұмысқа аларда бір таңғалғаным, агротехникалық колледжде тек орыс сыныптары көп екен. Қазақ тобы біреу-ақ. Ешқайсысы жұмыс істеймін, кәсіп қыламын деп құлшынып тұрған жоқ. Үйретуге тура келді. Жұмысшы мамандарды дәріптеп, оларды оқыту қажет. Алдағы уақытта колледж студенттерін шақырып, шеберлік сағаттарын ұйымдастыру керек деп шештім, – дейді ол.


Қуандықтың жары Индира Әбиірбекқызы да кәсіпкер. Ол Алматыда ойыншықтар дүкенінің иесі. Екеуі 4 бала тәрбиелеп отыр.Цех әзірге екі жерде орналасқан. Алматы қаласындағы цехта 5 адам, Құланда 6 адам жұмыспен қамтылған. «MOOZTAU» тоңазытқыштары бұл күні Қазақстанның барлық өңіріне тасымалдануда. 3 метрлік, 9 метрлік, яғни тапсырысқа сай етіп жасалынады. Тіпті құрып, орнатып береді. Халықтың алғысына бөленген Қуандық әр істің басы-қасында өзі жүреді. Сенбегендіктен емес, жауапкершіліктің мықтылығынан. 12 айға сапа кепілдігін ұсынады. Электр энергиясын үнемдейтін тоңазытқыштары 520 мың теңгеден басталып, шаршы метріне қарай миллионға дейін бағаланады. Қазақстан бойынша жеткізу тегін. Тапсырыс берушінің қалауымен шаршы метрі, ұзындығы, ішкі купе орны, бәрі есептеледі. Бөліп төлеу де, несие де қарастырылған.Сала таңдау – салмақты шешім. Немесе дұрыс сала – табыстың кілті десек болады. Сұрай беретін емес, бере білетін Қуандық сынды кәсіпкерлеріміздің ісіне береке тілейміз. Тоңазытқыш шығарып, табысын еселеп отырғаны, туған елге пайдасын тигізгісі келетіні бізге ұнады. «MOOZTAU» тоңазытқыштарының ғұмыры ұзағынан болғай. Халық игілігіне қызмет ете берсін деп тілектестік білдіреміз!

jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар