Ал Әбілхайыр, Сұмқайты, Қосапан, Тойқұдық, Мамыртөбе, Аққайнар секілді елді мекендерді кешенді блокты модульдік қондырғы орнату арқылы ауызсумен қамту жоспарланыпты. Өткен жылы Әбілқайыр және Сұмқайты ауылдарына облыстық бюджеттен 76,650 миллион теңге бөлініп, кешенді блокті модульдік қондырғы орнатылған екен.– Биыл қалған Қосапан, Тойқұдық, Мамыртөбе, Аққайнар елді мекендеріне кешенді блокты модульдік қондырғы орнату үшін аудандық бюджеттен 30,2 миллион теңге және облыстық бюджеттен 90,7 миллион теңге қаржы қарастырылып, тиісті жұмыстарды жүргізу қолға алынды. Қосымша тиісті су желілерін жүргізуге 39,2 миллион теңге қаржы қажеттігі туындауына байланысты аудандық бюджеттен тағы қаржы қарастырылды. Осылайша жалпы 4 ауылға кешенді блокты модуль орнатуға 160,2 миллион теңге қаржы бөлінді.
Сонымен қатар 2024 жылы Сөгеті ауылына 569,436 миллион теңгеге, Мамай ауылына 511,617 миллион теңгеге, Шөңгер елді мекеніне 534,656 миллион теңгеге жаңадан ауызсу жүйесі құрылысын жүргізу бойынша мемлекеттік сатып алу жұмыстары атқарылуда. Маусым айында құрылыс жұмыстары басталады деп күтілуде.Құлан ауылындағы «Арай» тұрғын үй алқабын таза ауызсумен қамту ісі өткен жылдан өтпелі болатын. Аталған тұрғын алқаптың да қалған ауызсу құрылысы жұмысы жүргізіліп жатыр. Жыл соңына дейін құрылыс жұмыстарын аяқтау жоспарлануда, – дейді Т.Рысқұлов ауданы әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жасұлан Өмірқұлов.
Бүгінге аудандағы 35 елді мекеннің 66,6 мың тұрғыны табиғи газбен қамтылған. Тұрғындар санымен есептегенде көрсеткіш 99,5 пайызға жеткен. Өткен жылы Шолақ-Қайыңды ауылын газдандыруға республикалық бюджеттен 186,7 миллион теңге қаржы қарастырылып, ауыл толығымен газдандырылыпты. Қорағаты ауылын газдандыруға жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу мақсатында аудандық бюджеттен 22,6 миллион теңге қаржы қаралып, оның жобасын әзірлеуге қазір мемлекеттік сатып алу жұмыстары ұйымдастырылу үстінде екен.Кезінде ауыл-ауылға газ құбыры тартылғанда кейбір тұрғындар дер кезінде қаражаты болмай, көппен бірге үйіне көгілдір отын кіргізе алмай қалған еді. Жұрттан оқшауланып қалып қойғандар кейін қажетті қаржыны тауып, газ жүйесіне қосылғысы келсе де материалдың қымбаттауы есебінен оған кететін шығын жұмыс құнымен қоса еселеп өсіп, қаржы жетіспеушілігі тұрғындардың қолын байлаған болатын. Бүгінде ауданда мұндай мәселелер шешімін тауып, газ тартылған ауыл тұрғындары түгелдей көгілдір отынның қызығын көріп отыр десе де болады. Одан бөлек бүкіл бір ауылға өз қаражаты есебінен газ құбырын тартып беріп жатқандар баршылық. Соның бірі – «Шәушен» шаруа қожалығы.
Аталған шаруашылықтың демеушілігімен Сұмқайты ауылын газдандыруға жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу жұмыстары бүгінде қызу қолға алынғанын айта кетуіміз керек. Бұл ретте аталған шаруа қожалық иесінің әрекеті қарамағындағы адамдарға жұмыс тауып берумен ғана шектелмей, қоғамның мәселесі, оның ішінде Сұмқайты ауылы тұрғындарына ортақ мәселені шешуге ерікті түрде үлес қосуын үлкен азаматтық деп білеміз. Қолында кірі бар мұндай адамдардың айналасына, туған ауылына көмектесіп, жомарттық жасауы маңайында жағымды пікір, қажет болса, қоғамдық ортада ел үлгі аларлық мінез-құлық қалыптастыратыны анық.«Жол азабын тартқан біледі» деген сөз бар қазақта. Әйтсе де ел еңсесі тіктелгелі бері халық ойдым-ойдым шұқыры көп жолдардан, жол азабынан біртіндеп құтыла бастады. 2023 жылы жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының үлесі 98 пайызға жетіпті.
– Аудандағы жолдар мен елді мекен көшелерінің жағдайы жақсаруына түрлі мемлекеттік бағдарламалар сеп болғанын айта кетуіміз керек. Мысалы, 2023 жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде республикалық бюджеттен 462,8 миллион теңге қаралып, ұзындығы 24 шақырым 20 көше және «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» бағдарламасы арқылы 15 шақырым 1 аудандық маңызы бар жол жөнделді. Облыстық бюджеттен 171 миллион теңге және аудандық бюджет есебінен 314,7 миллион теңге қаржы бөлініп, нәтижесінде жалпы алғанда 948,5 миллион теңгеге 1 аудандық және 28 көше жолдарының 44,67 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Көше жолдарының құрылысын «Құлан жолдары», «Монтажник» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері жүргізсе, «Кантри-М» ЖШС авторлық қадағалаушы, «Акгем-Строй» ЖШС техникалық қадағалаушы міндетін атқарды.Аудандық бюджет есебінен бөлінген 82,2 миллион теңгеге 8 көшенің 5,77 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Т.Рысқұлов ауданы аумағындағы 42 елді мекеннің 337,4 шақырымды құрайтын 352 көше жолдарының жақсы және қанағаттарлық жағдайдағы 328 көше жолдарының 316,95 шақырымы жөнделіп, индикаторлық көрсеткіш үлесі 93,9 пайызға жетті.Ауданның жолдарын, ауылішілік көшелерді жөндеуде іс ойдағыдай аяқтала бермейтіні белгілі. Кейде мердігерлердің жауапсыздығы тапсырыс берушілерді ұятқа қалдырып жататын кездер болады. Мысалы, атап айтсақ, аудандық маңызы бар жолдардың жөнделуі – «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» бағдарламасының жемісі. Ол бойынша 352,7 миллион теңгеге «Ақыртөбе-Тереңөзек-Қайыңды» бағытындағы 15 шақырым аудандық маңызы бар жолды жөндеу жұмыстарына қаржы қаралды. Оның 170,9 миллион теңгесі облыстық, 181,8 миллион теңгесі аудандық бюджет есебінен қаралды. Мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізіліп, мердігер «Құлан жолдары» ЖШС-мен 341,6 миллион теңгеге келісімшарт жасалып, құрылыс мерзімі 5 айға жоспарланып, құрылыс жұмыстарына техникалық қадағалаушы ретінде «Тараз-ТехноПроект» ЖШС танылды. Тиісті жұмыстарды дер кезінде аяқтау жоспарланған болатын. Алайда құрылыс нысаны өндірістік кестеден кешікті. Осыған орай мердігер мекеме өндірістік кестеден кешіккен 30 күнге келісімшартқа сәйкес 0,1 пайыз мөлшерінде игерілмеген қаржыдан 1,2 миллион теңге тұрақсыздық айыбын төледі, – дейді Жасұлан Бейшенқұлұлы.
Ауданның жол саласына биыл да айрықша көңіл бөлініп отыр екен. «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша республикалық бюджеттен 589,6 миллион теңге, аудандық бюджет есебінен 65,5 миллион теңге, барлығы 655,1 миллион теңге қаржы қаралып, 24 көшенің 25,2 шақырымын орташа жөндеу жоспарланыпты. Ауылдық округтер бойынша, атап айтқанда, Құмарықта – 2, Құланда – 5, Қайыңдыда – 2, Ақыртөбеде – 4, Тереңөзекте – 1, Көкдөненде – 4, Қарақыстақта – 1, Жаңатұрмыста – 1, Ақбұлақта – 3, Өрнек ауылында 1 көше жолы орташа жөндеуден өтпек. Бүгінгі таңда мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізіліп, келісімшарт жасалуда.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Ұқсас жаңалықтар
Анаға тағзым орталығында жеңімпазбен кездесу өтті
- авторСадуақас Айсұлу
- 25 желтоқсан, 2024
25 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды
- авторСадуақас Айсұлу
- 25 желтоқсан, 2024