сейсенбі, 18 наурыз, 2025 16:13

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Ұлттық ұлан – ел қорғаны

Ұлттық ұлан – ел қорғаны
Фото: Jambylinfo.kz
Туған жерге деген сүйіспеншілік, елге адал қызмет ету – әр азаматтың қасиетті борышы.

 Осы ұлы мұратты бойына сіңіріп, Отан қорғау ісіне қызығушылық танытқан жас ұрпақтың қатарын толықтыру мақсатында 2025 жылдың 14 наурызында Байзақ ауданы №1 мектеп-гимназиясында «Ұлттық ұлан батырлары» атты салтанатты жиын өтті, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz

Бұл шара еліміздегі әскери-патриоттық тәрбиенің маңыздылығын айқындап, жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік рухты сіңіруді көздеді.

Шара дәстүрге сай саптық алаңда ұйымдастырылып, сағат 15:00-де басталды. Салтанатты жиынға 10-сынып оқушылары, ұстаздар қауымы және арнайы шақырылған мәртебелі қонақтар қатысты. Мектеп оқушыларының саптық түзілімнен өтуі олардың әскери тәртіпке деген құрметін байқатты.

Жиын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туының енгізілуімен басталып, Әнұран орындалды. Осыдан кейін мектеп директоры Жаманова Гүлпаш Рамазанқызы шараның ашылу сөзін сөйледі. Ол өз сөзінде «Жас бүркіт» қозғалысының 22 жылдық тарихына тоқталып, бұл ұйымның жасөспірімдерге әскери-патриоттық тәрбие берудегі маңызын ерекше атап өтті.

Мерекелік жиынның құрметті қонақтары қатарында:
    •    ҚР Ұлттық ұланы 5513 әскери бөлімі командирінің техника және қару-жарақ жөніндегі орынбасары, Айбын орденінің иегері подполковник Конысбаев Мерей Танатович,
    •    5513 әскери бөлімі Тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар бөлімшесінің бастығы майор Сарсимов Алтынбек Мейрамович,
    •    Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы, Байзақ ауданының білім бөлімінің басшысы Мамырбаев Нұрболат Серикович,
    •    Байзақ ауданы билер кеңесінің төрағасы Сәлімбаев Исағали Бошқайұлы,
    •    Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыру және жастар ұйымдарымен жұмыс бөлімінің басшысы Уалиев Нұртас Дулатұлы,
    •    Қазақстан ардагерлері «Айрықша тәуекелді ардагерлер мүгедектері» аймақтық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қуантаев Сейтхан Муратович және басқа да азаматтар болды.
Қонақтар өз сөздерінде жас ұрпақтың ел қорғаны болуға деген қызығушылығын жоғары бағалап, олардың болашақта Отан алдындағы борышын абыроймен атқаратынына сенім білдірді.
Жиынның басты бөлімі – 10-сынып оқушыларының «Жас бүркіт» ұйымының қатарына қабылдану рәсімі болды. Олар салтанатты түрде ант беріп, Отанға адал қызмет етуге серт етті. Бұл – олардың жауапкершілік жүгін сезініп, ел қорғаны болуға деген алғашқы қадамы еді.
Салтанатты жиын барысында оқушылар өз өнерлерін ортаға салып, патриоттық рухтағы қойылымдар қойды.
    •    Қоян-қолтық ұрыс: 8-сынып оқушылары жауынгерлік шеберліктерін көрсетіп, қоян-қолтық ұрыс тәсілдерін орындады. Бұл көрініс жас сарбаздардың физикалық дайындығының жоғары екенін байқатты.
    •    Көркемсөз оқу: Республикалық және халықаралық байқаулардың жеңімпазы Сүндет Ұлпан ел мен ерлік туралы жүрек тебірентер жырларын оқыды.
    •    Ән мен би: Ізбасқан Жанасыл «Атамекен» әнін орындаса, оқушылар тобы «Мен қазақпын» әнін хормен шырқады. Сондай-ақ, қазақтың ұлттық биі қойылып, көрермендерге ерекше әсер сыйлады.
Бұл жиынның маңызы ерекше болғаны – Тараз қаласындағы 5513 әскери бөлімі мен Байзақ ауданы №1 мектеп-гимназиясы арасында өскелең ұрпақты әскери-патриоттық тәрбиелеу мақсатында меморандумға қол қойылды. Бұл келісім болашақта жастардың әскери тәртіпке жақын болуына, олардың Отанға деген сүйіспеншілігін арттыруға жол ашады.
Салтанатты жиынның соңында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы шығарылып, шара өз мәресіне жетті. Жүргізушілер қатысушыларға алғыс айтып, еліміздің тыныштығын қорғау жолында әрбір жас буынның үлес қосуы маңызды екенін атап өтті.

Осындай әскери-патриоттық іс-шаралар жастардың бойында елге деген сүйіспеншілікті арттырып, оларды жауапкершілікке, тәртіпке тәрбиелейді. «Жас бүркіт» ұйымының қатарына қосылған жас сарбаздарға сәттілік тілейміз! Олардың жүректерінде әрдайым Отанға деген адалдық пен қайсар рух мәңгілік орнасын!

 

Бөлісу:
Садуақас Айсұлу
Автор

Садуақас Айсұлу

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар