“Ә, маған да өлім тілейтіндер бар екен ғой, а? Не үшін?". Серік Әбікенұлы марқұм Бейсен Құранбек жайлы әсерлі жазба жариялады
- авторjambylinfo.kz
- 18 мамыр, 2024
- 4.6k
Марқұмның досы, журналист, жазушы Серік Әбікенұлы Бейсен Құранбек жайлы facebook-тағы парақшасына әсерлі естелік жариялады, - деп жазады jambylinfo.kz.
Ол Бейсен марқұм ауырып жатқанда біреулер жиі-жиі жалған ақпарат таратқанын жазған.
"Ең әуелі бір жігіт “Б.Құранбек қайтыс бопты” деп елді шу еткізді. Жұмыста отырғанбыз, аккаунты арқылы жабыла іздеп, әлгі жігітті тауып едік “ойбай, кешіріңіздер, жалған ақпаратқа сеніп қалыппын” деп жазбасын алып тастады.
Одан бірде Нұрлан апаның үйіне барып, сонда ем қабылдап жатқан Бейсекеңмен бір-екі сағат әңгімелесіп үйге келе жатыр едім телефон шыр етті. Інісі Сәрсен. “Аға, рас па?” дейді даусы дірілдеп. “Не рас па?” Мен Бейсекеңмен сау бол десіп көлікке отырғалы жарты сағаттың шамасы шығар, сол аралықта біреулер әлеуметтік желіні шулатып жіберіпті. Сәрсен ұшақтан түсе сала әлдекімдер қосылған телефонға қоңыраулатып, көңіл айтып үлгеріпті. Өтірік, тірі, - дедім. Уһ!. Көлікті жол бойына тоқтатып, інісіне де, уатсапқа жазып жатқан біраз адамға да жалған ақпар екенін түсіндіруге тура келді.
Енді бірде, ақпан айы болуы керек, таңғы 4-те Көксудан Нұри (марқұм) ақсақал қоңырау шалып тұр. Ұйқылы-ояу көзбен телефонды жұлып алсам “Рас па?” дейді. Сөйтсе ардагерлер ансамблінің уатсап-чатына біреу түнгі екіде “Бейсен балаларың бақилық болды” деп жазып жіберіп, ансамбльдегі әжелер аңырап жатыр екен… Ағамыз таң атқанша шыдамай, маған қоңырау соққан. Солай, жалған ақпар көп болды. Бейсен бірін біліп қалыпты, “Ә, маған да өлім тілейтіндер бар екен ғой, а? Не үшін?” - деді. Досан екеуміз”Ұзақ өмір сүреді екенсің” - деп көңілін ауладық. Еті кетіп аруаққа айналған досқа бұл гу-гулер қалай ауыр тигенін көзқарасынан сездік. Біреулер атақты ұлдың атынан хайп жасады, біреулерге ол кетсе өзіне ел мейірінің бір тамшысы бұйыратындай көрініп тағатсыздана күтті. Қай ортада да осы бір жайсаң ұлға бар ықылас ауып кететінін көп адам көтере алмайтын. Содан қауесет қаптайды. Құласа екен деп жарты жыл шұқыған құзғын-пейілді көріп жүру де, қарсы тұру да қорқынышты екен. Бұл пиғылдың бір сұрауы болатын шығар деп күйінетінбіз. Бейсеннің жүрегі 18- мамырдың таңында, осыдан 4 жыл бұрын тоқтады. Қауесет таратушылар тасада қала берді, ал Бейсекеңнің мәңгі өмірі басталды. Шәкірттер тұлғасын зерттеп, оның есімін иеленген ғимарат орталықта ел игілігіне қызмет етіп тұр. Жақсыдан шарапат деген сол болар. Жатқан жерің жайлы болсын, бауырым!", -деп жазыпты Серік Әбікенұлы
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Ұқсас жаңалықтар
Анаға тағзым орталығында жеңімпазбен кездесу өтті
- авторСадуақас Айсұлу
- 25 желтоқсан, 2024
25 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды
- авторСадуақас Айсұлу
- 25 желтоқсан, 2024