Мемлекет басшысы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованы қабылдады
- авторjambylinfo.kz
- 9 шілде, 2024
- 490
Мемлекет басшысы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованы қабылдады. Министр Президентке ведомствоның жұмысы және денсаулық сақтау жүйесін дамыту жоспарлары туралы баяндады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.
Ақмарал Әлназарова министрліктің жұмысына қатысты Президент тапсырмаларының орындалуы жөнінде есеп берді.
Оның айтуынша, медициналық қызметтің сапасын және қолжетімділігін арттыруға баса назар аударылып отыр. Алғашқы және стационарлық медициналық көмекті ұйымдастырудың тәсілдері қайта қаралуда. Сондай-ақ диагностикалық және емдеу стандарттары жаңартылып, саланың кадрлық әлеуеті нығайып келеді.
«Дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарды сатып алу жүйесінің тиімділігі мен ашықтығы қамтамасыз етілуде. Бұдан бөлек, медициналық мекемелер жұмысының тиімділігін арттырып, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға бақылауды жақсарту үшін заманауи цифрлық технологиялар әзірленген. Олар қолданысқа енгізіліп жатыр»,-деді министр.
Сондай-ақ министр Президентке қазіргі уақытта болжамды өмір сүру ұзақтығының көрсеткіші 75 жастан асатыны жөнінде айтып, жыл басынан бері инфекциялық аурулардың 21 түрі бойынша, соның ішінде коронавируспен сырқаттану көрсеткіштері төмендегенін, вакцинациялау және профилактикалық іс-шараларды жүргізу жұмыстары жалғасып жатқанын атап өткен.
Сонымен қатар Президентке жаңа медициналық нысандар салу және сала қызметтерінің сапасын одан әрі арттыру мәселелері қамтылған Денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың 2025-2030 жылдарға арналған стратегиялық жоспары туралы ақпарат берілді. Қабылданған осы тұжырымдама аясында денсаулық сақтау ұйымдарының оңтайлы және тиімді желісін құруға бағытталған 34 негізгі жобаны іске асыру жоспарланып отыр.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы ана мен бала өлімінің көрсеткіштерін төмендету бойынша жұмысты жалғастыру қажет екенін атап өтіп, медициналық көмек көрсетудің мейілінше нәтижелі болуына назар аудара отырып, денсаулық сақтау жүйесін сапалы түрде қайта құру керектігіне тоқталған.
Сондай-ақ Президент салаға, оның ішінде дәрі-дәрмекке бөлінетін қаражаттың ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз ету жөнінде міндеттер жүктеді.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз