жексенбі, 11 мамыр, 2025 3:00

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

ӘМСҚ өкілдері Меркі аудандық көпбейінді орталық аурухананың ұжымымен кездесті

ӘМСҚ өкілдері Меркі аудандық көпбейінді орталық аурухананың ұжымымен кездесті
Фото: Jambylinfo.kz
Кездесуде мамандар ұжымдағы қызметкерлердің көкейіндегі сауалдарға кеңінен жауап берді.

Меркі аудандық көпбейінді орталық ауруханасында зейнетақы және өзге де міндетті аударымдардың кешіктірілуіне байланысты ұжыммен кездесу ұйымдастырылды, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Кездесу барысында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының (ӘМСҚ) өкілдері Қор тарапынан медициналық қызметтер үшін төлемдер уақытылы жүргізіліп отырғанын, сондай-ақ еңбек қатынастарына араласуға құқығы жоқ екенін түсіндірді.

ҚР Денсаулық сақтау министрі мен ӘМСҚ Басқарма төрағасының тапсырмасына сәйкес, Қордың орталық аппаратының өкілдерінен құрылған делегация Меркі аудандық ауруханасына арнайы барды.

Меркі ауданы әкімінің орынбасары Өмірбек Мейірхан орталық аудандық аурухананың қазіргі жағдайына тоқталып, мекемеде қаражатты жоспарлау мен басқаруға қатысты, яғни менеджментке байланысты мәселелер туындап отырғанын атап өтті.

Аурухана басшысының міндетін атқарушы Әнел Мухаева Қор тарапынан төлемдердің уақытында түсіп отырғанын, бұл қаражат ең алдымен қызметкерлерге жалақы төлеуге бағытталғанын айтты.
 Оның сөзінше, еңбекақы заңда белгіленген мерзімде – келесі айдың 10-ына дейін төленіп келген. Ал зейнетақы аударымдары бойынша 2024 жылдың қазан-желтоқсан айларына арналған төлемдер 2025 жылдың қаңтар айында жүзеге асырылған.
Жамбыл облысы бойынша филиал директоры Ғайни Аймағанбетованың мәліметінше, 2024 жылы ӘМСҚ мен Меркі аудандық ауруханасы арасында жалпы сомасы 5,15 млрд теңгеге медициналық қызметтерді сатып алу туралы келісімшарт жасалған.

Өткен жылдың желтоқсан айында Қор өз міндеттемелерін толық көлемде орындаған.

2025 жылға 4,69 млрд теңгеге келісімшарт жасалып, соның 1,3 млрд теңгеден астамы төленіп үлгерген: қаңтар айында – 675 млн теңге, наурызда – 327 млн теңге, ал сәуірде – 335 млн теңге аударылған.

Осыған байланысты Қор өкілдері жалақы, зейнетақы және басқа да міндетті төлемдерге қажетті қаражаттың толық көлемде медициналық ұйымдарға, соның ішінде Меркі аудандық ауруханасына да аударылатынын атап өтті.
Кездесу барысында ӘМСҚ өкілдері медицина қызметкерлеріне Қордың қызметі туралы: қаржыландыру кезеңдері, жарналар мен аударымдарды жинақтау, медициналық қызметтерді сатып алу мен төлеу тәртібі туралы кеңінен ақпарат берді.

Сонымен қатар, қаржыландыру процесінің ашықтығы мен бақылауын күшейту мақсатында Қор филиалы пилоттық жоба аясында Меркі аудандық ауруханасының «1С бухгалтерия» ақпараттық жүйесіне интеграциялау жұмыстарын бастап кетті.

 Бұл жүйе медицина қызметкерлеріне еңбекақы мен әлеуметтік төлемдердің уақытылы төленуін бақылауға мүмкіндік береді.
Айта кету керек, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры медициналық қауымдастықпен ашық әрі сындарлы диалог жүргізуге әрдайым дайын.

Садуақас Айсұлу
Автор

Садуақас Айсұлу

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар