«Нан мен сүттің бағасын жазбаймыз ғой»: Сүлейменов валюта бағамы көрсетілген тақтайшаларды сынға алды
- авторБақытжан Бекболат
- 11 сәуір, 2025
- 225

Тимур Сүлейменовтың қатысуымен өткен баспасөз мәслихатында Ұлттық банктің валюта бағамы тақтасын ілуге тиым салу себебін түсіндірді, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
"Көшеде шетел валютасының бағамын көрсетіп тұратын айырбастау пунктерінің болуы – бұл 90-жылдардың сарқыншағы. Экономика, қоғам, мемлекет дамыған сайын біз кейбір дүниелерден өстік. Бірақ кейбір нәрселерде әлі сол кездегі деңгейден аса алмай келеміз. 90-жылдары қаржылық жүйе жоқ болды, жинақ жасау мүмкіндігі болған жоқ – депозиттер де болмады. Жалақыңнан 300 теңге алсаң, соның 100 теңгесін сақтап қалудың жалғыз жолы – доллар сатып алу еді. Сондықтан ол кезде айырбастау орындары халық үшін маңызды болатын. Оның үстіне интернет те жоқ еді", – деді Сүлейменов брифингте.
Ол сол кезеңде көп адамның «челнок» бизнеспен айналысқанын, ұлттық валютаның құнсыздануы мен жоғары инфляцияға байланысты долларсыздандыру мүмкін болмағанын еске салды. "Қазір ондай жағдай жоқ, тіпті соған ұқсас емес", – деді ол.
"Егер солай болса, барлық дүкендер де сүт – 450, нан – 150, картоп – 300 деп сыртқа жазып қойсын. Бұл – күнделікті тұтынатын тауарлар. Мен де білгім келеді, картоп қай жерде 300, қай жерде 350 немесе 280 теңге. Бірақ ешкім ондай жасамайды. Ал айырбастау пункттеріндегі тақтайшалар – жалғыз қалған анахронизм. Қазір бәрін қоғам мен экономиканың даму деңгейіне сай реттейтін кез келді", – деді Ұлттық банк төрағасы.
Сүлейменовтің пікірінше, бүгінде адамдар валюта бағамын көру үшін қаланы шарлап жүрмейді, банктердің қосымшасынан не түрлі сайттардан қарап алады.