Үндістан Кашмирдегі шабуылдан кейін Пәкістанмен байланысын үзді
- авторСадуақас Айсұлу
- 24 сәуір, 2025
- 147

23 сәуір күні Кашмирдегі Пахалгам шипажайы маңындағы Байсаран жайлауында туристерге жасалған қарулы шабуылдан кейін Үндістан Пәкістанмен көлік және дипломатиялық байланыстарын тоқтатты, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Шабуылдан кейін Үндістан 1960 жылдан бері күшінде болған Инд өзендерінің суын бөлу туралы келісімді тоқтатты. Екі ел арасындағы жалғыз құрлық шекара бекеті жабылды, тек 1 мамырға дейін кететіндерге рұқсат берілді. Сонымен қатар, Пәкістан азаматтарының визаларының барлығы жойылып, 48 сағат ішінде елден кетуі талап етілді. Делидегі Пәкістан елшілігіндегі барлық әскери кеңесшілер елден шығарылып, Индияның Исламабадтағы елшілігіндегі қызметкерлер саны екі есеге дейін – 30 адамға дейін қысқартылды.
Үндістан сыртқы істер министрі Викрам Мисридің айтуынша, бұл шаралар қауіпсіздік кеңесінің отырысынан кейін қабылданған. Отырыста шабуылды ұйымдастыруда Пәкістанның ықтимал рөлі талқыланған. Үнді тарапы тек орындаушыларды ғана емес, шабуылды ұйымдастырушыларды да жазалауды көздеп отыр.
Ал Пәкістан премьер-министрі Шахбаз Шариф 24 сәуір, бейсенбі күні таңертең ұлттық қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысын өткізетінін мәлімдеді.
Қайғылы оқиғадан кейін аймақта наразылық толқыны басталды. Жергілікті халық "Кінәсіздерді өлтірмеңдер", "Туристер – тірегіміз" деген ұрандармен көшеге шықты. Джамму мен Кашмирдің бұрынғы басшысы Мехбуба Муфти: "Біз ұяламыз. Кашмир ұялады", – деп мәлімдеме жасады.
Шабуыл кезінде Байсаран жайлауында шамамен 1000-ға жуық турист болған. Көпшілігі келесі күні-ақ аймақтан кетіп қалған.