дүйсенбі, 5 мамыр, 2025 22:54

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Несие ауыртпалығын жеңілдетудің тәсілдері

Несие ауыртпалығын жеңілдетудің тәсілдері
Pixabay.com
Кредит – өмірде күтпеген жағдайлар туындағанда немесе маңызды жоспарларды жүзеге асыру кезінде ақшаны жедел алудың қолайлы тәсілі.

Алайда кез келген қарыздың арты оны өтеумен аяқталатынын, әрі оған қосымша пайыздар мен комиссиялар қосылатынын ұмытпаған жөн. Несие жүктемесі дұрыс есептелмесе, бұл отбасы бюджетіне айтарлықтай ауырлық түсіреді, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz fingramota.kz-ке сілтеме жасап.

Сондықтан кредиттік міндеттемелерді алғанға дейін өзіңіздің қаржылық мүмкіндігіңізді нақты бағалау – маңызды қадам.

Борыш жүктемесінің коэффициенті деген не?

Несие алушылар үшін ең басты көрсеткіштердің бірі – борыш жүктемесінің коэффициенті (БЖК). Бұл – қарыз алушының барлық ай сайынғы төлемдерінің оның орташа табысына қатынасы. Яғни сіздің ай сайын төлеуге тиіс қарыз сомасы табысыңызбен салыстырылады.

Формуласы:

БЖК = (Ай сайынғы барлық төлемдер / Орташа айлық табыс) × 100%

Қазақстанда банктер мен микроқаржы ұйымдары бұл коэффициенттің 50%-дан аспауын талап етеді. Яғни сіздің табысыңыздың жартысынан көбі қарыз төлеуге кетпеуі керек.

Мысал ретінде:

Егер адамның ай сайынғы табысы 600 000 теңге болса және ол кредит бойынша 180 000 теңге төлеп отырса, онда оның БЖК-і – 30%. Бұл – қауіпсіз және банк үшін қолайлы деңгей.

Егер бұл көрсеткіш 50%-дан жоғары болса, жаңа кредит алуға деген өтініштің мақұлданбау ықтималдығы жоғары.

Кредиттік жүктемені қалай азайтуға болады?

Қарыз жүктемесін азайту – бұл бір сәттік қадам емес, бірақ дұрыс әрі жүйелі әрекет ете білсеңіз, оған қол жеткізу әбден мүмкін. Ол үшін барлық кредиттерден бірден құтылу шарт емес, керісінше, төмендегі әдістерді қолдану жеткілікті:

1. Қолданылмайтын кредиттік карталарды жабу немесе лимиттерін азайту

– Жиі пайдаланылмаса да, қолданыстағы кредиттік карталар БЖК-ны көтеруі мүмкін.

2. Қарыздарды қайта қаржыландыру

– Бірнеше кредитті бір жеңілдетілген несиеге біріктіру арқылы ай сайынғы төлем мөлшерін азайтуға болады.

3. Ұсақ қарыздарды мерзімінен бұрын өтеу

– Ай сайынғы жүктемені төмендетудің тиімді жолы.

4. Табысты ресми ету

– Егер сізде қосымша бейресми табыс көзі болса, оны заңдастыру арқылы жалпы табысты арттыра аласыз. Бұл төлем қабілеттілікті бағалауда оң нәтиже береді.

5. Бюджетті қайта қарастыру

– Қажетсіз шығындарды қысқартып, үнемделген қаражатты қарызды жабуға бағыттаңыз.

Қаржылық тұрақтылық – өз қолыңызда

Несие жүктемесін төмендету арқылы сіз тек банк алдындағы мүмкіндіктеріңізді арттырып қана қоймай, жеке және отбасылық бюджетіңізге де кеңістік бересіз. Ең бастысы – бұл қадамдар сіздің қаржылық тұрақтылығыңызды нығайтып, болашақта еркін жоспар құруға жол ашады.

 

 

Бөлісу:
Бақытжан Бекболат
Автор

Бақытжан Бекболат

Бақытжан Бекболат

Ұқсас жаңалықтар