сәрсенбі, 25 желтоқсан, 2024 18:44

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Облыстық «Знамя труда» гезетінің 105 жылдығына арналған конференция өтті

Облыстық «Знамя труда» гезетінің 105 жылдығына арналған конференция өтті
Сурет: Алтынбек Қартабай
Ең алғашқы саны 1919 жылдың тамыз айында «Аулиеатинский вестник» атауымен жарық көрген басылым содан бергі аралықта облыстың қоғамдық-саяси өмірін насихаттап келеді

Бүгін «Aulieata - media» серіктестігіне қарасты «Знамя труда» газетінің 105 жылдығына арналған "105 жыл - барлық жаңалықтан хабардар" атты  облыстық конференциясы өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz

Тараз қаласындағы «Достық үйінде» ұйымдастырылған басқосуға өңірдің ақпарат саласының  дамуына өлшеусіз үлес қосқан арадагер журналистер,  зиялы қауым өкілдері және ғасыр жасаған басылымның тұрақты оқырмандары қатысты.

Конференцияға қатысушылар назарына әуелі «Ғасырдан да ұзақ уақыт» атты фотокөрме ұсынылды. Мұнда «Знамя труда» газетінде әр жылдары абыройлы қызмет атқарған қатардағы корректордан бастап, бас редакторға дейінгі еңбек сатысынан өткен мамандардың жұмыс барысындағы ескі суреттеріқойылған. 

Мұнан кейін конференция өз жұмысын бастады. Дөңгелек үстелге жиналғандардың ішінде алғашқылардың бірі болып сөз алған облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек «Знамя труда» газетінің шығармашыл ұжымын аймақ басшысының атынан құттықтап, ізгі тілегін жеткізіп, бірқатар сала маманына облыс әкімінің Құрмет грамотасын табыстады.

Сондай-ақ, алқалы жиынға қатысқан ҚР Журналистер Одағы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Жаңабай Милллионов ғасыр шежіресіне айналған орыстілді басылымның  әрлі-берлі тарихына кеңірек тоқталып, технократтық заманда да өзінің шығармашылық әлеуетін түсірмей келе жатқан басылымның жанқиярлық жұмысына оң бағасын берді. Сонымен қатар үлкен ұйымның өңірдегі өкілі Жамбыл облысының 2024 жылғы «Үздік журналисі» арнайы меделімен Лариса Губашеваны марапаттады.  

Жиын барысында аталмыш редакцияда табан аудармай ұзақ жыл қызмет атқарып, зейнет демалысына шыққан Көкен Оршабеков те сөз алып, газеттің шежіресіне қысқаша шолу жасады. Және де келесі сөз кезегін алған «Знамя труда» газетінің қазіргі Бас редакторы Людмила Мельник осындай кең көлемді іс-шараны ұйымдастыруға мұрындық болған серкістестіктің Бас директоры Данияр Асқарұлына үлкен азаматтық алғысын білдірді.

Конференция барысында Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі – Президенттің Баспасөз хатшысы Берік Уәли құттықтауы хаты оқылды. Сондай-ақ,, «Знамя труда» газетінің реакциясы қызметкерлеріне Алғыс хаттар табысталып, облыс өнерпаздарының концерттік бағдарламасы ұсынылды.

Технократтық заманда ақпараттық ағынның маңыздылығы уақыт өткен сайын арта беретіндігі түсінікті. Мұндайда даңқты француз қолбасшысы Наполеон Бонапарттың «Төрт дивизияң болғанша, төрт газетің болсын» деген сөзі еріксіз ойға оралады. Қазақ журналистикасының алғашқы қарлығаштары ретінде «Түркістан уәлаяты», «Дала уәлаяты», «Қазақ газеті» мен «Айқап» журналдарын елестететіндігіміз сөзсіз. Ал, өңір тарихында өз бастауын азаматтық соғыс жылдарынан тарқататын «Знамя труда» газетін айрықша атап өтуге болады. Кеше ғана ғасырлық мерейтойын атап өткен басылым бүгінде 105 жылдыққа батыл қадам басып отыр.

1919 жылы «Аулие-Атинский вестник» атауымен Әулиеата уездік комитеті мен уездік атқару комитетінің органы ретінде құрылған басылымның алғашқы редакторы кеңестік жазушы Анна Алматинская болды. Әр жылдары газет атауы «Вольная Беднота», «Профессиональный вестник Аулие-Атинского уезда», «Дехканин», «Радиограммы РОСТА», «За пятилетку », «Сталинский путь» болып ауысып, 1939 жылы Жамбыл облысы құрылғаннан кейін газет «Коммунист» атауын алып, облыстық комитеттің баспа органы атанды. Ал, 1963 жылдың 1 маусымынан бастап газеттің қазіргі атауы қалыптасты.

Осы аралықт а басылым облыстағы еңбек адамдарының тұрмыс-тіршілігі мен мақсатмүддесін алдыңғы қатарға шығарып, билік тарапынан орын алған кемшіліктерді журналистиканың нәзік мақамына салып, сатира, мысалдар мен фельетондар арқылы сынап отырды.

Тіпті, осы кезеңде Иван Перов деген жалпы лақап атпен әртүрлі авторлардың жарияланымдары жарық көріп отырды. Сол арқылы журналистер жергілікті атқарушы органдардың, кәсіподақ ұйымдары мен түрлі деңгейдегі бастықтардың жұмысындағы кемшіліктер мен орындалмаған жоспарларды нысанаға алды. Газеттегі мұндай тың стиль 60-шы жылдардың аяғына дейін сақталды.

1979 жылы газет «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. Ал, 2019 жылы жүз жылдық қарсаңында басылым ұжымы өңірлік журна листиканың дамуына қосқан үлесі үшін Қазақстан Республикасы Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы алғысына ие болды.

Араға жыл салып басылым аймақтағы бұқаралық ақпарат құралдарын бір ортаға біріктірген «AulieataMedia» ЖШС құрамына кірді. Облыстық газеттің халыққа кең таралып, оқырман көзайымына айналуына шығармашылық топтың айрықша ықпал ететіні анық.

Бұл мәртебелі міндетті әр жылдары Иван Попашенко, Георгий Фоменков, Ба лла Иордания, Мария Чернова, Владимир Шпак, Светлана Соболева, Светлана Манько, Владимир Стебелев, Владимир Козыренко, Альфред Славутский, Амантай Айзахметов, Лариса Чепкасова, Мыңайдар Мырзагужинов, Любовь Фоминская, Наталья Перфильева, Көкен Оршабеков, Василий Мазур, Михаил Те, Лариса Қонысбаева, Сәуле Сейдахметова, Жарылқасын Нұралиев секілді қаламы қарымды журналистер абыроймен атқарды.

Олардың әрқайсысы газет пен аймақтың дамуына баға жетпес үлес қосты. Басылымның жүз жылдан астам тарихында белгілі журналистер – Г.Череватов, Дмитрий Рябов, Лев Негрышев, Николай Токарев, Бенджамин Чундеров, Ирина Маликова, Людмила Перекольская, Игорь Неволин, Бекет Момынқұл, Татьяна Борисенко бас редактор болды. Бүгінгі таңда Людмила Мельник басқаратын ұжым оқырмандар үшін еліміздегі ең өзекті және маңызды саяси оқиғалар мен өзгерістер жайын уақтылы әрі тұрақты түрде таратып келеді. Мұнда Индира Боташева, Лариса Губашева, Лола Нурматова, Камила Полякова, Алексей Поляков, Юрий Ефимов, Ляйлим Досембекова, Ринал Рахматуллин, Дионисий Пляшешник секілді тілшілер тобы сан салада қалам тербеп, объективті ақпараттың сенімді көзін қалыптастырып келеді.

Газеттің әрбір жаңа нөмірін дайындауға бас редактордың орынбасары Гүлжан Асанова, жауапты хатшы Валентина Прокофьева, компьютерлік цех меңгерушісі Станислав Манько, дизайнерлер Елена Дунаевская мен Татьяна Колбинцева, корректорлар Инна Клименко мен Светлана Гладкова елеулі үлес қосса, фототілші Юрий Ким өзінің сапалы суреттері арқылы өңір тарихының өшпес шежіресін қалыптастырып, жамбылдықтардың жарқын сәттерін таспа бетіне басып келеді.

Бүгінгідей жаңа ақпараттық технологиялар дәуірінде оқырмандар қатарын арттыру мақсатында 10 жылдан астам уақыт бойы «Знамя труда» сайты жұмыс істеуде. Бұдан бөлек, басылым бетіндегі материалдар Instagram және Facebook әлеуметтік желілерінде де таралып, жаңа медианың талаптарына сай конвергенцияланады.

Ұзақ жылдар бойы облыстық газет жамбылдықтардың бірнеше буынына, туған өлкенің және жалпы республиканың тарихына шежіре жасақтады. Қазір де нөмірден нөмірге дейін газет жерлестерінің жетістіктерін жариялап, жемісті еңбек пен қуанышын бөлісіп, өзекті мәселелерді өткір көтеріп, адамгершілік және патриоттық тәрбиеге ықпал етіп жүр.

Сапалы журналистиканың, баспа нарығы мен интернеттің жаңа технологияларын пайдаланудың арқасында облыс баспасөзінің рейтингін қалыптастыруға айрықша үлес қосуда. Қазіргі таңда ғасырдан астам тарихымен танылған «Знамя труда» еліміздегі ең беделді орыс тілді басылымдардың бірі саналады.

jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар