Қорғаныс министрлігі: Әскерге барудан жалтарғандарды полицияның көмегімен жеткіземіз
- авторjambylinfo.kz
- 7 маусым, 2025
- 299

Әлеуметтік желіде тарағандай, кейбір азаматтар күштеп әскери комиссариатқа жеткізілуде. Осыған қатысты Қорғаныс министрлігі мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
"Әскерге шақыру жыл сайын белгіленген тәртіппен жүргізіледі. Алайда іс жүзінде қиындықтар кездесіп жатады. Соның ішінде азаматтардың әскерден жалтаруы немесе шақырту қағазы бойынша уақытында келмеуі — жиі орын алатын мәселе. Бұл көбіне азаматтардың тіркеуде тұрған мекенжайда тұрмауы немесе нақты тұратын жері бойынша тіркелмегендігіне байланысты туындайды. Егер шақырту қағазын жеке табыстау мүмкін болмаса, онда шақырылушыны әкелуді ішкі істер органдары қамтамасыз етеді. Кей жағдайларда азаматтар полиция талабына бағынбай, қарсылық көрсетеді. Мұндайда оларды мәжбүрлеп жеткізуге тура келеді," – деді министрлік өкілдері.
Министрліктің өкілдерінің айтуынша, азаматтар әскери комиссариатқа жеткізілген соң, оны шақыруға жататыны немесе жатпайтыны сол жерде анықталады. Егер еш негіз болмаса – ол үйіне жіберіледі. Ал егер шақырылуға тиіс болса, заңға сәйкес медициналық тексеруден өткізіліп, тиісті рәсімдер жалғасады.
Сонымен қатар министрлік әскерге шақыртудан жалтарғаны үшін әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертті. Азаматтарды заңды сақтауға және жалған ақпарат таратудан бас тартуға шақырды.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз