Қордай ауданында жаңа саябақ халық игілігіне берілді
- авторИндира Тәліпқызы
- Бүгін, 09:25
- 94
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» акциясы аясында Жамбыл облысы Қордай ауданында демалыс орны ашылды, хабарлайды Jambylinfo.kz.
Аумағы 2,57 гектарды құрайтын аллеяның маңайына қиыршық тас төселіп, жарықтандыру тіректері орнатылған. Сонымен бірге тұрғындарға демалатын арнайы орындықтар да бар. Мұнда қырық түп шырша және отыздан аса «катальпа» сәндік ағаш көшеттері отырғызылған. Бұдан бөлек, айналасын көгалдандыру жұмыстары назардан тыс қалмаған. Су қойманың жағажайына пирс жасалып, серуендеуге ерекше көңіл бөлінген. Кішкентай балақайларға арналып ойын алаңшасы да салынды.
Саябақтың ашылуына қатысқан аудан әкімі Бегзат Болатбеков аудан тұрғындарын жаңа демалыс орнының ашылуымен құттықтап, тұрғындардың денсаулығын нығайтып, салауатты өмір салтын насихаттауда саябақтың атқарар рөлі орасан зор екенін алға тартты.
Ашылу салтанатына қатысқан тұрғындар аудандық өнер мектептерінің суретші, шахматшы, әнші, күйшілердің өнерін тамашалап, алған әсерімен бөлісті.
- Міне, бүгін ауыл тұрғындарының тілегі ескеріліп, Қордай ауылында ерекше мәні бар жаңа аллеяның ашылу рәсіміне жиналып отырмыз. Ауданымыз соңғы жылдары күннен-күнге көркейіп келеді. Біз өте қуаныштымыз. Бұл демалыс орнының қызығын ұрпағымыз көрсін! Баршаңызға тек жақсылық тілеймін,-деп Жамбыл облысының және Қордай ауданының Құрметті азаматы Сүгірбай Төле өзінің қуанышын жеткізді.