Қордайда ауыл шаруашылығы саласы серпінді дамып келеді
- авторjambylinfo.kz
- 5 ақпан, 2025
- 130

2024 жылы ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 83,6 млрд теңгені құрап, нақты көлем индексі 104,8%-ға жетті, - деп хабарлайды jambylinfo.kz. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда өсім бар екенін айғақтайды (2023 жылы – 81 млрд теңге, НКИ – 82,9%).
Егін және мал шаруашылығындағы өсім
Ауданда егін шаруашылығы өнімінің көлемі 49,9 млрд теңгені құрап, 109,3%-ға орындалды. Өткен жылмен салыстырғанда (48,8 млрд теңге, НКИ – 74,4%) айтарлықтай өсім байқалады. Бұл салада жаңа технологияларды енгізу, су үнемдеу әдістерін пайдалану және мемлекеттік қолдау шараларының ықпалы зор.
Мал шаруашылығы өнімінің көлемі 33,5 млрд теңгені құрады (НКИ – 98%). Бұл өткен жылмен салыстырғанда (31,6 млрд теңге, НКИ – 96,8%) тұрақты даму динамикасын көрсетеді.
Ауыл шаруашылығына салынған инвестициялар
2024 жылы Қордай ауданының ауыл шаруашылығы саласына 2,86 млрд теңге инвестиция тартылды. Оның ішінде:
Мал қора салуға – 2,53 млрд теңге;
Су үнемдеу технологиясы мен жаңа техника алуға – 333,7 млн теңге.
Бұл қаржылық қолдау аудандағы ауыл шаруашылығы инфрақұрылымын нығайтуға, өндіріс тиімділігін арттыруға бағытталған.
Ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту
Қордай ауданында 2 092 ауыл шаруашылығы техникасы бар. Биыл 209 жаңа техника сатып алынды, оның ішінде:
Комбайн – 1 дана;
Трактор – 90 дана;
Басқа техникалар – 118 дана.
Осылайша, техника жаңарту көрсеткіші 10%-ды құрады. Бұл ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін арттырып, өнім сапасын жақсартуға ықпал етеді.
«Ауыл аманаты» жобасының дамуы
«Ауыл аманаты» жобасы 2019 жылы Қордай ауданының Жамбыл ауылдық округінде пилоттық жоба ретінде басталып, кейіннен Кенен, Қаракемер, Қарасу, Сарыбұлақ, Қақпатас ауылдық округтерінде жүзеге асырылды. Жоба аясында аудан бойынша:
6016 бас ірі қара мал,
10 879 бас қой,
405 бас жылқы сатып алынды.
Сондай-ақ, 4 өндірістік кооператив құрылып, 25 жаңа техника мен құрал-жабдықтар сатып алынды. 690 тұрғын өз кәсібін ашып, ауыл шаруашылығы саласында тұрақты табысқа қол жеткізді.
2024 жылы «Ауыл аманаты» жобасының 5-ші бағыты бойынша 1,2 млрд теңгеге 171 жаңа жоба дайындалды. Қаражат бөлінген жағдайда, бұл бастама 331 адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.
Өнім көлемінің артуы, техника жаңарту көрсеткішінің өсуі, инвестиция тарту және «Ауыл аманаты» жобасының жетістіктері – осы саланың болашағының жарқын екенін көрсетеді. Аудан шаруалары жаңа технологияларды енгізу арқылы өнімділікті арттырып, ел экономикасының дамуына үлес қосуда.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз