бейсенбі, 17 сәуір, 2025 21:57

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Президент Павлодар облысының әкімін қабылдады

Президент Павлодар облысының әкімін қабылдады
Фото: Ақорда
Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлімдеді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановты қабылдады, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz

Кездесу барысында облыстың 2024 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму нәтижелері мен алдағы жоспарлары туралы есеп берілді.

Әкім өткен жылы Павлодар облысының экономикасында барлық негізгі салаларда өсім байқалғанын баяндап, өңірлік жалпы өнім 5,8 пайызға артқанын атап өтті. Сонымен қатар, аймаққа 1,1 триллион теңге көлемінде инвестиция тартылғаны туралы мәлімет берілді, бұл – рекордтық көрсеткіш.

Президентке өңірдегі екі ірі жобаның жүзеге асырылатыны туралы айтылды: құрамында алтын бар концентратты қайта өңдеу және ферроқорытпа өндірісі. Екібастұзда қуаттылығы 460 мың тонна болатын үш ферроқорытпа зауытының құрылысы жоспарланған. Бұл жобалар іске қосылғанда Қазақстан ферроқорытпа өндірісі бойынша әлемде екінші орынға шықпақ.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа әлеуметтік міндеттемелердің жүйелі түрде орындалып жатқаны туралы мәлімет берілді. 30 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылып, 40 жаңа нысан пайдалануға берілген. Сонымен қатар, 83 әлеуметтік ғимарат жаңғыртудан өтіп, білім беру саласында 1800 оқушыға арналған «Жайлы мектептер» салынып, апаттық жағдайдағы мектептерді алмастыру үшін үш жаңа нысан бой көтерді.

Облыс әкімі жылумен жабдықтау желілерінің тозу деңгейі 1,3 пайызға төмендегенін және қоғамдық көліктің 80 пайызға жаңартылғанын мәлімдеді. Сонымен қатар, трамвай паркі жаңарып, биыл қыркүйекте 25 жаңа вагон жеткізілуі жоспарланған.

Президент инвестиция тартуды, «Жайлы мектеп» ұлттық жоспарын сапалы және уақтылы жүзеге асыруды және инфрақұрылымды жаңғыртуды одан әрі жалғастырудың маңыздылығын атап өтті.

Кездесу соңында мемлекет басшысы облыс экономикасын әртараптандыру, әлеуметтік саланы дамыту және көктемгі егіс жұмыстарына дайындық бойынша бірқатар тапсырмалар берді.

Садуақас Айсұлу
Автор

Садуақас Айсұлу

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар