Президент Премьер-Министр Олжас Бектеновті қабылдады
- авторjambylinfo.kz
- 17 желтоқсан, 2024
- 89
Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев үкімет басшысы Олжас Бектеновті қабылдады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.
Олжас Бектенов мемлекет басшысына экономикалық өсімді қамтамасыз ету және әлеуметтік саясатты жетілдіру бойынша Президент тапсырмаларының орындалу барысы туралы баяндады.
«Биылғы қаңтар-қараша айларында жалпы ішкі өнімнің өсімі 4,4 пайызды құраған. Экономиканы әртараптандыру аясында ауыл шаруашылығы (13,4 пайыз), құрылыс (10,3 пайыз), сауда (8,2 пайыз), көлік (8,1 пайыз), өңдеу өнеркәсібі (5,3 пайыз), соның ішінде металлургия (7,2 пайыз) және машина жасау (6,9 пайыз), химия өнеркәсібі (8,4 пайыз), ақпарат және байланыс (5,3 пайыз) салаларында өсім байқалған. Сондай-ақ биыл экономиканың өсіміне мұнайдан тыс салалардың дамуы есебінен қол жеткізілген. Соған қарамастан мұнайды игерудің болжамды көрсеткішінің орындалмауы экономика дамуының жалпы қарқынына әсер еткен»,- деді үкімет басшысы.
Сонымен қатар Олжас Бектенов президентке отандық өндірушілерді қолдау және терең өңдеуді ынталандыру бойынша қабылданған шаралардың нәтижесі жөнінде мәлімет берді.
«Өңделген тауар экспорты 10,2 пайызға өсіп, 23,3 миллиард долларға жетсе, тауар импортының көрсеткіші 3,3 пайызға кеміген. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 3,1 пайызға ұлғайды. Бұл орайда шикізаттық емес салаларда айтарлықтай өсім бар»,-деді ол.
Қасым-Жомарт Тоқаев Олжас Бектеновке өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, құрылыс және көлік салаларындағы оң динамиканы сақтау бағытындағы жұмысты жалғастыруды тапсырды. Сондай-ақ инвестиция тарту, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту, импорт алмастыру және әлеуметтік маңызға ие азық-түліктің бағасын тұрақтандыруды бақылау бойынша бірқатар тапсырма берді.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз