сенбі, 27 сәуір, 2024 13:42

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыныз

Байланыс

Рамазанның екінші онкүндігі: Неге ерекше мән беру керек?

Рамазанның екінші онкүндігі: Неге ерекше мән беру керек?
коллаж jambylinfo.kz.
Рамазан айының екінші онкүндігінде отырмыз. Әз пайғамбар өзінің бір хадисінде Рамазан айының үш бөліктен тұратынын, оның біріншісі – Алланың мейірімі болса, екінші бөлігі – Алланың кешірімі, соңғысы – тозақтан құтылу екендігін айтқан, хабарлайды jambylinfo.kz.

Рамазан айының әрбір минуты үлкен маңызға ие болуы тиіс, себебі адам баласының сауапқа кенелуі үшін, кешірімге ие болуы үшін, дұғасының қабыл болуы үшін небір мүмкіншіліктердің есігі ашылады.

Рамазан айының ортасы – Алланың кешіріміне ие болуға ең сәтті кезең. Бұл кезде Алла Тағала Өзінің кешірімін еселей түседі. Айдың ортасы болғанда әр түні, әр күні мыңдаған құлдарын тозақ отынан азат етіп, жәннатпен сүйіншілейді.

Бұл айдағы кез келген құлшылық адам баласына ой салып, өзін-өзі есепке алып, тәубе етуіне көп көмек береді. Тәубе мен кешірімге құлшылық арқылы ғана қол жеткізе аламыз. Иман келтірген жан үшін құлшылықтың қай түрі болса да еш қиындық тудырмайды. Ықыласты жан қашанда жасаған қателіктері мен күнәларына өкініп, барынша көп  құлшылық жасап қалуға тырысады.

Рамазан айының ортасы болғанда алғашқы кездегі ықылас пен жалынды жаңартып, бұл күндері де уақытымызды тиімді пайдалануға тырысу керек.

Алла Тағала қасиетті Құранда: «Мен олардың тәубесін қабыл алып, күнәларын кешіремін. Мен тәубелерді қабыл етуші һәм ерекше мейірімдімін»,- дейді. («Бақара» сүресі, 160-аят)

Күллі әлемнің Раббысы, Есеп күнінің Иесі болған Алла Тағаланың уәдесі осы. Әрқайсымыздың қате-кемшілігіміз бар, біреуді ренжітсек, әлдекімнің жанына жара салдық, қолымызда бола тұра жәрдем бермедік, кей кезде өтірік айта салдық, осындай күнә-кемшіліктерді тізбектеп санар болсақ, санына жетпесіміз анық. Бұл күнәлардың қайыры жоқ, олар біздің иманымызға сын, арымызды ауыр жүк болып басып тұр. Олар бізді таза әрі пәк көңіл мен амалдардан тосуда. Дей тұрғанмен, Раббымыз ерекше мейірімді. Бұл күндері Жаратушымыз әрбір күнәмізді кешеді.

Кез келген жұмыр бас пенде Рамазан айында Раббысына тәубесін келтіріп, талмай дұғасын жасар болса, міндетті түрде Оның кешіріміне қол жеткізеді.

 

Индира Тәліпқызы
Автор

Индира Тәліпқызы

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар