Жаңалықтар
«Самғау» журналистер байқауы: Бейсен Құранбек атындағы сыйлық иегері анықталды
- авторjambylinfo.kz
- 23 желтоқсан, 2021
- 218
«Самғау» журналистер байқауы: Бейсен Құранбек атындағы сыйлық иегері анықталды
Алматы облысында «Самғау» журналистер байқауының жеңімпаздары анықталды. Байқауда Бейсен Құранбек атындағы номинация жеңімпазының да есімі аталды
Бұл құрметке облыстық «Жетісу» телеарнасы «Жаңалықтар» бөлімінің бас редакторы Гүлжанат Мақұлжанова ие болды. Марапаттау рәсімінде облыс әкімі Қанат Бозымбаев өңірдің дамуына үлес қосып жүрген журналистер қауымын құттықтап, еңбектеріне табыс тіледі. «Сіздер, журналистер, қоғамдық өмірдегі маңызы ерекше әрі жауапкершілігі мол кәсіптің иесісіздер. Уақытпен санасуды білмейтін, өзекті мәселелердің, төтенше оқиғалардың бел ортасында жүретін тілшілердің еңбегі әрдайым бағалауға лайық. Тәуелсіз Қазақстанның, соның ішінде Алматы облысының да мерейлі шаралары, өсу кезеңдері бұқаралық ақпарат құралдарында үздіксіз жарық көріп келеді. Объективті байланыс арнасы бола отырып, сіздер халықты ғана емес, облыс басшылығын да ақпараттармен хабардар етіп отырсыздар, сөйтіп бізге тұрғындардың өзекті мәселелерін шешуге көмек етіп келесіздер. Сондықтан біз үшін журналистер Жетісу аймағын дамыту жолында әрдайым сенімді әріптес деп санаймын. «Самғау» байқауы — жақсы дәстүр. Дегенмен келесі жылы конкурсты ұйымдастыруда жаңашылдық енгізіп, сыйлық көлемін ұлғайтуға уәде беремін. Ел Тәуелсіздігінің мерейлі 30 жылдығындағы сіздер үшін бұл марапаттың орны ерекше болады деп ойлаймын», - деді Қанат Бозымбаев. Жалпы бұл байқау биыл 5-ші рет өткізіліп отыр. Байқауға 120-дан астам өтініш келіп түскен. Соның ішінде БАҚ-тың 33 өкілі жеңімпаз атанды. Бірінші орын иегерлері ретінде «Кербұлақ жұлдызы» газетінен Азамат Ақылбеков, «Заман жаршысы» басылымының тілшісі Бұрым Орынбасар, «Жетісу» телеарнасының қызметкерлері – редактор Жадыра Маратова, оператор Ризат Қыдыралин, продюссер Әділбек Абилов, ардагер фотограф Нұрманбет Қизатұлы, «Егемен Қазақстан» интернет сайтының редакторы Динар Керім, «Karasayinfo.kz» желілік басылымының редакторы Атлана Исаева, «Жетісу» газетінің дизайнері Сақып Төкеева, блогер, Панфилов ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Нұрбол Қанағат марапатталды. Жүлдегерлердің бәріне арнайы статуэткалар, дипломдар мен ақшалай сыйлықтар берілді. «Облыс журналистикасы саласына қосқан үлесі үшін» номинациясын «Огни Алатау» газетінің бас редакторы Атсалим Идигов иеленіп, журналистер атынан ризашылық тілегін білдірді. Бейсен Құранбек атындағы жүлденің иегері, журналистикада 30 жылға жуық еңбек өтілі бар журналист Гүлжанат Мақұлжанова өзінің толқынысты әсерін жасырған жоқ. «Бейсен Құранбекпен көзі тірісінде әріптес, сыйлас, замандас болдық. Бейсеннің атындағы номинацияның тұңғыш иегері болу - мен үшін бір жағынан қуаныш, екіншіден, үлкен жауапкершілік. Ол бізге әрі басшы әрі тәлімгер болды. Салмақты жобаларды, түрлі фильмдер мен хабарларды бірге жасадық. Оның сенім артқаны мені үнемі алға жетелейтін. «Самғау» байқауына Бейсен Құранбек атындағы номинацияның қосылғаны – бәріміз үшін де зор мәртебе, - деді Гүлжанат Мақұлжанова. Еске салсақ, 2020 жылы 18 мамыр күні белгілі журналист Бейсен Құранбек 49 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Кейін Бейсен Құранбек атындағы «Жігер» байқауы жарияланып, жеңімпаздары анықталды.
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Келесі мақала