Сенат депутаты: "Айыппұл төлеудегі 50 пайыздық жеңілдікті алып тастау керек"
- авторjambylinfo.kz
- 13 ақпан, 2025
- 1.6k

Премьер-Министрге депутаттық сауал жолдаған Марат Қожаевтың айтуынша жол жүру ережесін жиі және қасақана бұзатын көлік иелері үлкен мәселе туындатып отыр,- деп хабарлайды Jambylinfo.kz.
Қайта-қайта жол ережесін бұзған жүргізушілерді қайта емтихан тапсыруға міндеттемейді. Арнайы құралдар бұзылған ережені ғана тіркейді. Ал жүргізушінің тәріп бұзуға бейімділігін, қауіпті әрекеттерге жиі баратынын есепке алмайды.
Мысалы ел бойынша бір басында миллиондаған айыппұлы бар, жүздеген мәрте ереже бұзған жүргізушілер бар. Олар бір мәрте ереже бұзған соң, жауапқа тартылғанымен істеген әрекетінен сабақ алмайды.
"Престижді автокөлік маркалары мен ерекше нөмірлерге қарағанда, бұл мәселе жол қозғалысы ережелерін елемей, әдейі апатты жағдайлар тудырып, жолдарда қауіпті маневр жасап, қауіпсіздік нормаларын өрескел бұзатын ауқатты отбасылардан шыққан жас адамдар туралы болып отыр. Айыппұлдарды төлеу кезінде 50 пайыздық жеңілдікті пайдалана отырып, олар заңды өрескел бұзуды жалғастырып, көшелерді қауіпті ойын алаңына айналдыруда", – деді Марат Қожаев.
Оның пікірінше, жолдағы тәртіпті қамтамасыз ету үшін айыппұл жеткіліксіз. Бірқатар елдерде тәртіп бұзушыларды сабасына түсірудің қосымша тетіктері қолданылады және олардың тиімділігі дәлелденген. Мысалы, Германияда айыптық балл жүйесі бар. Ережені өрескел бұзған жүргізушілерге балл беріледі, ал белгілі бір межеге жеткен жағдайда олар автоматты түрде көлік жүргізу құқығынан айырылады.
Францияда арнайы техникалық құралдар арқылы тіркелген қайталанған заң бұзушылықтар айыппұлмен ғана шектелмей, жүргізуші куәлігінің белгілі бір мерзімге тоқтатылуына әкеледі. Ал Сингапурда айыптық балл жүйесі жол қозғалысы ережелерін қайта оқытумен және аса ауыр заң бұзушылықтар үшін көлікті тәркілеу жазасымен қатар қолданылады.
"Қазақстанға бұл тәжірибені қабылдап, айыппұлды жай ғана формальдылық ретінде қабылдайтын өрескел құқық бұзушыларға қосымша жазалау тетіктерін енгізу қажет екені анық", – деп атап өтті сенатор.
Ол Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер енгізіп, техникалық құралдар тіркеген 10 және одан да көп құқық бұзушылығы бар жүргізушілер үшін жол қозғалысы ережелері бойынша теориялық емтиханды қайта тапсыруды міндеттеуді, сондай-ақ камералар арқылы тіркелген қайталанған заң бұзушылықтар үшін жауапкершілікті күшейтіп, тіпті жүргізуші куәлігін уақытша тоқтату шарасын қарастыруды ұсынды.
"Үшіншіден, белгілі бір мерзім ішінде жасалған құқық бұзушылықтардың санына қарай дифференциалды жаза қолдану механизмін әзірлеу қажет және, ең бастысы, жүйелі түрде ереже бұзатындар үшін айыппұл төлеуге берілетін 50 пайыздық жеңілдікті алып тастау керек", – деп қорытындылады Марат Қожаев.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз