Жаңалықтар
Сенаторлар дайындаған заң жобасы мұқтаж жандарға қолдауды күшейтеді
- авторjambylinfo.kz
- 11 маусым, 2021
- 204
Сенаторлар дайындаған заң жобасы мұқтаж жандарға қолдауды күшейтеді
Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Жиын барысында сенаторлар бірқатар маңызды заң жобасын талқылады.
Атап айтқанда, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кәсіпкерлік, әлеуметтік кәсіпкерлік және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қабылданды. Оған Парламент депутаттары бастамашы болған. Құжатта еліміздегі әлеуметтік кәсіпкерлікті заңнамалық реттеу және дамыту тетіктерін жүйелеу көзделген.
Аталған мәселе бойынша баяндама жасаған сенатор Ерік Сұлтановтың айтуынша, алғаш рет заңнамалық деңгейде әлеуметтік кәсіпкерлік ұғымы анықталып отыр.
«Әлеуметтік кәсіпкерліктің негізгі үш міндеті заңнамалық түрде бекітілген. Біріншісі – әлеуметтік проблемаларды шешу, оның ішінде әлеуметтік инновацияларды енгізу және әлеуметтік қызметтер көрсетуге жәрдемдесу арқылы шешу. Екіншісі – халықтың әлеуметтік әлжуаз топтарын жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және олардың қоғамдық пайдалы қызметке қатысуы үшін басқа азаматтармен тең мүмкіндіктер жасау. Үшіншісі – әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері өндіретін тауарларды, орындайтын жұмыстарды, көрсететін қызметтерді нарыққа шығару», деді депутат.
Заң жобасындағы тағы бір жаңашылдық – халықтың әлеуметтік әлжуаз топтарын анықтау. Бұған 9 санат кірген. Олардың қатарында мүгедектер, мүгедек баланы тәрбиелеп отырған ата-аналар мен басқа да заңды өкілдер бар. Сондай-ақ тізімге зейнеткерлер және зейнеталды жастағы азаматтар, балалар ауылдарының тәрбиеленушілері және балалар үйлерінің, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мектеп-интернаттардың түлектері (29 жасқа дейін) кірген. Бұдан бөлек, қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінен жазасын өтеуден босатылған адамдар (босатылғаннан кейінгі 12 ай ішінде), белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдар әлеуметтік әлжуаз топқа жатқызылады. Аз қамтылған, көп балалы немесе толық емес отбасыларға жататын ата-аналар және басқа да заңды өкілдер, сондай-ақ «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен, «Батыр ана» атағымен немесе I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көп балалы аналар да осы тізімге енгізілді. Наркологиялық науқастарды медициналық-әлеуметтік оңалтудан немесе психикаға белсенді заттарға тәуелділікті емдеуден өткен адамдар (оңалту немесе емдеу жүргізілгеннен кейінгі 12 жыл ішінде) және қандастар да әлжуаз топ қатарына жатқызылады.
Сенатордың Е.Сұлтановтың айтуынша, мемлекеттік қолдау шаралары әлеуметтік кәсіпкерлер үшін үлкен демеу болмақ. Оларға қаржылық қолдау, гранттар беру және салық жеңілдіктері секілді қолдау шаралары қарастырылып отыр.
Заң жобасына сәйкес енді әлеуметтік кәсіпкерлер әлеуметтік жағынан аз қамтылғандар қатарына жататын өз қызметкерлерін оқытып, олардың біліктілігін арттыратын болса, салық жеңілдіктеріне ие болады. Сондай-ақ мемлекет әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерін қолдау мақсатымен оларды инфрақұрылыммен қамтамасыз етеді және осы саладағы кәсіпкерлерге қаржылық, ақпараттық, консультациялық, әдістемелік көмек көрсетеді.
«Мемлекет басшысы әлеуметтік мәселелерді шешуге, сондай-ақ аз қамтылған және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолдау көрсетуге үнемі баса мән беріп келеді. Бұл ретте әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытудың маңызы зор. Соның аясында заңдарға енгізілген өзгертулер мен толықтыруларға Сенат депутаттары бастамашы болды. Осы ретте отандық заңнамада алғаш рет әлеуметтік кәсіпкерлік деген бағытқа анықтама беріліп отырғанын айта кеткен жөн», деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар Сенат Төрағасы Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру мақсатымен заң аясында экономикалық өсімді қалпына келтіруге және пандемиядан зардап шеккен кәсіпкерлерді қолдауға арналған қосымша шаралар қарастырылғанын тілге тиек етті.
«Өңдеу өнеркәсібінің жаңа кәсіпорындары үшін қосылған құн салығын 70 пайызға азайту, өңдеу өнеркәсібінің жаңа негізгі қорларына қайта инвестицияланған табысты корпоративтік табыс салығынан босату сияқты шаралар қарастырылған. Сондай-ақ жеке кәсіпкерлікті қолдау үшін арнайы мобильді қосымшаны пайдалану арқылы жүргізілетін арнаулы салық режімі енгізілуде. Бұл жеке кәсіпкерлер қызметінің жекелеген процестерін және олардың салық органдарымен өзара іс-қимылын жеңілдетеді», деді Сенат Спикері.
Отырыс барысында Сенат депутаттары «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы» Қазақстан Республикасы заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе заң жобасын қабылдады.
Одан бөлек сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне инклюзивті білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қарап, қабылдады. Бұл заңға да Парламент депутаттары бастамашы болған.
Аталған заң ерекше білім беруді қажет ететін азаматтардың қолжетімді білім алуға құқықтарын іске асыруға және оқытудың барлық деңгейінде оларды инклюзивті білім берумен қамтамасыз етуге арналған.
Депутат Нариман Төреғалиевтің айтуынша, заң жобасында мүмкіндігі шектеулі балаларды әлеуметтік және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау мәселелерін мемлекеттік реттеу тұрғысынан құзыретті органдардың функциялары нақтыланады.
«Заң жобасында білім берудің барлық деңгейлерінде оқыту үшін арнайы жағдайлар жасау есебінен ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін мемлекеттік кепілдіктер қарастырылған.
Бұған қоса мемлекет ерекше білім беруді қажет ететін балаларға, білім алу нысандарын таңдау құқығын беруді қоса алғанда, білім беру жүйесі ұсынған шекте, олардың жеке даму ерекшеліктерін ескере отырып, олардың өзін-өзі жетілдіруіне, білім берудің барлық деңгейінде өмір бойы оқуын жалғастыруына, өздерінің қабілеттерін еркін дамытуға жағдай жасайды», деді сенатор.
Соған сәйкес бұдан былай ерекше қажеттіліктері бар балаларды оқытатын ұйымдар білім беру бағдарламаларын білім алушылар мен тәрбиеленушілердің жеке даму ерекшеліктеріне және әлеуетті мүмкіндіктеріне сай бейімдеуі тиіс. Мүмкіндігі шектеулі балаларды балабақшалар мен мектептерге қабылдау тәртібі заңмен нақтыланады.
«Мемлекет басшысы өз Жолдауында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға білім алу үшін тиісті жағдай жасауды тапсырды. Соның аясында Парламент депутаттары осы заңды арнайы әзірледі. Алдағы уақытта бұл заң мемлекеттің білім беру саясатын жетілдіреді және мүмкіндігі шектеулі азаматтардың кемсітусіз білім алуларына тең мүмкіндіктер туғызады деп сенеміз», деді Мәулен Әшімбаев.
Сенат отырысында депутаттар «1994 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы «Байқоңыр» кешенін жалға беру шартына өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» және «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы поляр маңындағы орбиталарға солтүстік бағытта ғарыш аппараттарын ұшыру үшін «Байқоңыр» ғарыш айлағынан «Союз-2» типіндегі тасымалдағыш зымырандарды ұшыруды жүзеге асыру жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобаларын қабылдады.
Бұл құжаттарда тараптардың халықтың және аумақтың экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемелері айқындалған. Заң жобалары бұрынғы міндеттемелерді үйлестіруге, сондай-ақ «Байқоңыр» кешенінің ғылыми-техникалық, өндірістік және әлеуметтік-мәдени әлеуеті мен инфрақұрылымын дамытуға мүмкіндік береді.
«Республикалық бюджетке жыл сайын Ресей тарапынан «Байқоңыр» кешенін пайдаланғаны үшін 115 млн доллар сомасында қаражат түседі. «Байқоңыр» кешенін жалға алған 27 жыл ішінде республикалық бюджетке шамамен 3,1 млрд доллар қаржы түсті. Тараптардың өзара мүдделерін ескере отырып, 2004 жылы «Байқоңыр» кешенін жалға алу мерзімі 2050 жылға дейін ұзартылды.
Бұл ретте 2004 жылғы 9 қаңтардағы «Байқоңыр» кешенін тиімді пайдалану жөніндегі ынтымақтастықты дамыту туралы мемлекетаралық келісімде Қазақстанның ғарыш айлағында бірлескен жобаларды іске асыруға қатысу мүмкіндіктері қарастырылған. Сондай-ақ ғарыш айлағын жаңғырту, жаңа экологиялық қауіпсіз ғарыш зымыран кешендері арқылы ғарыш айлағы қызметінің экологиялық қауіпсіздігін арттыру көзделген.
2020 жылғы қаңтарда қол қойылған Байқоңыр қаласын дамытудың ұзақ мерзімді бағдарламасы әзірленді. Оған сәйкес кәсіпкерлікті, туризмді дамыту, инженерлік инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту жөніндегі жұмыстарды жүргізу, қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету қарастырылған», деді заң жобасы жөнінде баяндама жасаған Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин.
«Союз-2» типіндегі тасымалдағыш зымырандарды ұшыру жөніндегі ынтымақтастық туралы Келісімде зымыранның бөліктері құлайтын арнайы аудан қарастырылған. Мұның өтемі ретінде 460 мың доллар төлемақы белгіленді. Бұл – үш рет ұшыру ақысының құны. Қосымша зымыран ұшырылса, 50 мың доллар көлемінде төлемақы беріледі.
«Байқоңыр – адамзатқа ғарыш әлемінің қақпасын ашқан алғашқы ғарыш айлағы. Қазіргі таңда да Байқоңырдың ғарышты игерудегі орны бөлек. Сондықтан оны тиімді пайдалану аса маңызды. Соған байланысты қабылданған бұл заң жобалары осы салада екі ел арасындағы ынтымақтастықты арттыруға мүмкіндік береді», деді Мәулен Әшімбаев заң жобасын талқылау кезінде.
Палата отырысында депутаттар Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьяларын сайлау және қызметінен босату туралы мәселені қарады. Ел Президентінің ұсынуы бойынша Қанат Мусин Жоғарғы Сот судьясы болып сайланып, ант берді. Сондай-ақ сенаторлар Мемлекет басшысының ұсынуы негізінде және Конституцияға сәйкес Жоғарғы Сот Кеңесінің Төрағасы қызметіне тағайындалуына байланысты Денис Шиппті Жоғарғы Соттың судьясы лауазымынан босатты.
Сенат отырысында депутаттық сауалдар да жолданды. Жолданған екі сауал да Атырау облысындағы мәселелерге қатысты болды. Сенатор Ғұмар Дүйсембаев өңірдегі екі балық өсіру зауытының материалдық-техникалық базасын қайта құру, жаңарту және олардың қызметкерлерінің жалақысын көтеру қажет екенін айтты. Депутат Сағындық Лұқпанов облысқа «Бизнестің жол картасы-2025» және «Қарапайым заттар экономикасы» мемлекеттік бағдарламалары аясында бөлінген қаражаттың жеткіліксіздігіне назар аударды.
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Келесі мақала