Шымкенттік дәрігерлер 4 айлық сәбидің бүйрегін сақтап қалу үшін бірегей ота жасады
- авторjambylinfo.kz
- 18 ақпан, 2025
- 211

Шымкент қалалық балалар клиникалық ауруханасында 4 айлық нәрестеге күрделі хирургиялық ота сәтті жасалды. Сәби тума сол жақты гидронефроздың 3-дәрежесі диагнозымен ауыр жағдайда ауруханаға түскен, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Антенаталды кезеңнен бастап дәрігерлердің бақылауында болған бала толық медициналық тексеруден өтіп, жоспарлы түрде отаға дайындалды. Диагностика нәтижесінде оның сол жақ бүйрегіндегі зәр шығару жолдары қатты тарылып, органның қызметі айтарлықтай төмендегені анықталды.
Сәбиге хирургиялық жолмен сол жақты люмботомия жасалып, несепағар-түбекше сегменті резекцияланды, сондай-ақ Хайнц-Андерсон әдісі бойынша зәр шығару жолдарына пластикалық түзету енгізілді. Ота сәтті өтіп, бала қанағаттанарлық жағдайда үйіне шығарылды.
Бұрын мұндай күрделі урологиялық оталар тек республикалық деңгейдегі орталықтарда – Астана мен Алматы қалаларында жасалатын. Алайда, соңғы бір жылда Шымкенттегі балалар ауруханасының мамандары жоғары технологиялық урологиялық оталарды өздері сәтті орындап, кішкентай науқастарға сапалы медициналық көмек көрсетуде. Осы уақытқа дейін ауруханада 60-қа жуық осындай ота жасалған.
Дәрігерлердің айтуынша, туа біткен бүйрек ақауы бар нәрестелер босану үйінен бастап бақылауға алынады. Денсаулық жағдайына қарай шұғыл түрде ота белгіленіп, қажет болған жағдайда ерте жаста хирургиялық ем жүргізіледі. Бұл операциялардың басты мақсаты – бүйрек қызметін қалпына келтіру. Қазіргі таңда жоғарғы зәр жолдарының туа біткен патологиялары жиі кездесуде. Сондықтан ерте диагностикалау және уақтылы ем қолдану – балалардың денсаулығын сақтаудың маңызды шарты.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз