Құтқарушылар күні: Төтенше жағдайлар саласының қызметкерлері марапатталды
- авторjambylinfo.kz
- 19 қазан, 2024
- 224
Бүгін ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінде Құтқарушы күніне орай, салтанатты жиналыс өтіп, сала мамандарының марапатталды. Бұл туралы ТЖМ-нің баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Jambylinfo.kz.
Салтанатты шараға министрліктің басшылығы, жеке құрамы, азаматтық қорғау органдарының ардагерлері мен қонақтар қатысты.
Іс-шараны Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов құттықтау сөзімен ашып, құтқарушыларды кәсіби мерекемен құттықтады.
«Бүгін Сіздердің қызметке деген адалдықтарыңыз бен батылдықтарыңызды көрсететін күн. Күнделікті ерліктеріңіз қоғам үшін баға жетпес іс және әрқайсыларыңызды осы үшін мен мақтан тұтамын. Төтенше жағдайлар министрлігі қызметтеріңізді жоғары бағалап, Сіздерді әлеуметтік, тұрғын үймен және материалдық-техникалық қамсыздандыруға бағытталған бағдарламаларды жүзеге асыруды жалғастырады. Құтқарушы күні Сіздерге және отбасыларыңызға шын жүректен зор денсаулық, бақ-береке мен маңызды істеріңізде жетістіктер тілеймін! Еліміздің қауіпсіздігі үшін атқаратын қызметтеріңіз табысты болсын!», - деп атап өтті министр.
ТЖМ, мемлекеттік органдар мен ұйымдардың 571 қызметкері кәсіби мереке құрметіне лайықты марапаттарға ие болды. Құтқарушыларға медальдар, төсбелгілер және алғыс хаттар табыс етілді.
Сонымен қатар ТЖМ құрылымдық бөлімшелері арасында шағын футбол, волейбол және үстел теннисінен жарыстар өткізілді. Оның қорытындысы бойынша кубоктар бірінші орын - ТЖ жою департаментіне, екінші орын – «Резерв» РМК және үшінші орын – Стратегиялық жоспарлау және жедел басқару командалық орталығына табысталды.
Мерекелік іс-шаралар еліміздің барлық өңірлерінде өтті.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз