Түркістан облысында құны 200 млрд теңгеден асатын мақта-тоқыма кластері құрылмақ
- авторjambylinfo.kz
- 24 наурыз, 2025
- 166

Олжас Бектенов Xinjiang Lihua компаниясының басшысы Чжан Цихаймен Түркістан облысында мақта-тоқыма кластерін дамыту жөнінде кездесу өткізді, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Кездесу барысында TURAN арнайы экономикалық аймағында іске асырылып жатқан инвестициялық жоба талқыланды.
«Жоба мақта өсіруден бастап дайын өнім – жіп, мата және киім шығаруға дейінгі толық өндірістік циклді қамтитын агроөнеркәсіп кешенін құруға бағытталған», – делінген хабарламада.
Кластерге 50 мың гектардан астам жер бөлініп, он зауыт салу жоспарланып отыр. Олардың төртеуі мақтаны өңдеуге, екеуі заманауи су үнемдеу технологияларын қолданатын тамшылатып суару жүйелерін өндіруге, тағы төртеуі – тігін және бояу-көркемдік фабрикаларын қоса алғанда, тоқыма өнімдерін шығаруға арналған.
Жоба аясында 4 мыңнан астам жұмыс орны ашылып, оның 3 мыңы тұрақты жұмыс орны болады.
Кластер қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін ПВХ құбырларын шығаратын зауыт іске қосылды, ал тоқыма фабрикаларының құрылысы басталды. Сондай-ақ инвестор суару инфрақұрылымын, соның ішінде каналдар желісі мен сорғы станциясын салуда.
Алғашқы дайын өнімді шығаратын өндіріс 2025 жылдың қазан айында іске қосылады деп жоспарланған.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз