
Осындай жанұялардың бірі – Омаровтар әулеті. Отағасы Серікбай Омаров саналы ғұмырын мал шаруашылығына арнаған, адал еңбегімен елге танылған азамат. Ал оның жары Рымкүл Қойлыбекқызы отбасына береке кіргізіп, серігімен бірге өмірдің талай сынағынан сүрінбей өткен еңбекқор жан.
Бұл отбасы үшін еңбек – тек күнкөріс көзі ғана емес, атадан балаға жалғасқан дәстүр, өмір сүру салты.
Біз Омаровтар әулетімен сұхбаттасып, олардың өмір жолы, көрген қиындықтары мен жеткен жетістіктері туралы әңгімелескен едік. Бұл – маңдай термен келген бақыттың, табандылық пен адал еңбектің тарихы.
Серікбай Тайжанұлы 1954 жылы 2 желтоқсанда қазіргі Түркістан облысы, Леңгір қаласында дүниеге келген. 1958 жылы әкесінің қызмет ауыстыруына байланысты Жамбыл облысы, Сарысу ауданына қоныс аударады. Әкесі мал бағып, балалары да еңбекке ерте араласады. Серікбай Тайжанұлы да бала кезінен еңбекке жақын болып, қой соңында жүріп ержеткенін айтады.
Орта мектепті Калинин совхозында тәмамдап, 1972 жылы әскер қатарына шақырылып, екі жыл Отан алдындағы борышын өтеген. 1974 жылы туған жеріне оралып, қайтадан мал шаруашылығымен айналысады.
1980 жылы отбасымен бірге Ұлытау облысы, Жаңаарқа ауданына көшіп барады. Бұл – ата-бабасының кіндік қаны тамған мекен. Ол жақта біраз жыл еңбек етіп, кейін әкесін туған жеріне көшіріп әкелген.
Серікбай Тайжанұлының айтуынша, мал бағу оңай кәсіп емес. Қырық үш күн бойы толассыз жаңбыр жауған кездер де болған. Алпыс қойшының жұмысын ұйымдастырып, мыңдаған малды аман алып қалу қажырлы еңбекті талап еткен. Бірақ олар мойымай, төзімділік пен еңбекқорлықтың арқасында барлық қиындықты еңсерген. Сонымен қатар, 1990-1995 жылдар аралығында Жаңаарқа ауданында «заготовитель» болып жұмыс істеген.
1995 жылы Жаңаарқадан Жамбыл облысына, Жаңатас қаласына қоныс аударады. Оның сөзінше, жасы 45-тен асқаннан кейін жұмыс табу қиынға соққан. Бірақ еңсесін түсірмей, сауда- саттықпен айналысып, балаларын оқытып, тіршілігін жалғастырған. Кейін қайтадан сүйікті ісі – мал шаруашылығына бет бұрып, жүзден астам жылқы өсірген.
2014 жылы зейнетке шықса да, еңбек етуден қол үзбегенін айтады. Жазда бие байлап, қыста мал бордақылаумен айналысқан. Бір кездері Жаңатаста жүргенде екі жүзге жуық қой бордақылаған кездері де болған.
«Ата-анамыз бізге еңбектің қадірін түсіндіріп өсірді. Біз де осы тәрбиені балаларымызға, немерелерге сіңіруге тырысып келеміз. Қандай жағдай болмасын, адал еңбек етуден тайынбау керек. Еңбектің берекесін көру үшін табандылық қажет. Біздің ата-бабамыз малмен күн көрді, біз де солай жетілдік. Қазір көбісі дайынға үйреніп кеткендей көрінеді. Бірақ еңбектен қашпайтын адам ешқашан жаман болмайды», – дейді Серікбай Тайжанұлы.
Рымкүл Қойлыбекқызы да отағасының жанында жүріп, төрт түліктің бабын тауып, үй шаруасын дөңгелетіп, ұрпақ тәрбиеледі. Ол 1959 жылы Сарысу ауданы, Жайылма совхозында дүниеге келген. Әке- шешесі қарапайым еңбек адамдары болған. Орта мектепті бітірген соң, 1977 жылы Серікбай Тайжанұлымен шаңырақ көтеріп, сол жылдан бастап еңбекке араласады.
1980 жылға дейін Сарысу ауданында мал баққан, кейін 1980-1990 жылдары Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданы, Ералиев совхозында еңбек еткен. Осы жылдар ішінде екі ұл, екі қызды дүниеге әкеліп, тәрбиелеп өсірді.
Балаларының әрқайсысы өз алдына түтін түтетіп, немерелері өсіп келеді. Үлкен қыздары Перизат Қарағанды облысында, ұлы Ниязәлі Астанада, үшінші қызы Таразда, ал кенжесі Есенгелді Алматыда тұрады.
«Төрт түлік малдың ортасында жүріп, өмірдің мәнін түсіндік. Бәрін де өмір үйретті. Туа бітті білген жоқпыз, еңбектеніп жүріп үйрендік. Бастысы – еңбек етсең, берекесі келеді», – дейді Рымкүл Қойлыбекқызы.
1992-1993 жылдары елдегі саяси өзгерістерге байланысты кеңес өкіметі тарады, партиялық жүйе өзгерді. Осындай маңызды кезеңде Рымкүл Қойлыбекқызы ауылдық, аудандық және облыстық деңгейде депутаттық қызмет атқарды. 1986 жылы алғаш рет ауылдық кеңестің депутаты болып сайланып, кейін аудандық кеңесте белсенді жұмыс істеді. Халықтың сеніміне ие болған ол Жаңаарқа ауданында депутаттық міндет атқарды. Сол уақытта Жаңаарқа Жезқазған облысының құрамында болғанымен, кейін Қарағанды облысына өтті. Осылайша, Рымкүл Қойлыбекқызы Қарағанды облысында да өз қызметін жалғастырып, ел игілігі жолында еңбек етті. Бұл жылдар оның өміріндегі үлкен жауапкершілік пен сын-қатерге толы кезеңдердің бірі болды.
«Өкіметтің, партияның жұмысын да көрдік, депутаттыққа да сайландық. Өміріміздің әр кезеңі еңбекпен өрілді. Ол кезде бәрі жақсы болды, жастық шақтың өз ерекшелігі бар еді. Бәрін де көрдік, өткердік», – деп еске алады ол.
Серікбай Тайжанұлы мен жұбайы үшін мал бағу – жай кәсіп емес, ата дәстүрге деген адалдық пен еңбекке деген құрметтің көрінісі. Олардың қажырлы еңбегі – кейінгі ұрпаққа үлгі.
Бүгінде жастар арасында мал шаруашылығына қызығушылық танытатындар азайып барады. Бірақ Серікбай ақсақал сияқты еңбек адамдары дәлелдеп отырғандай, бұл сала – адалдық пен төзімділікті талап ететін, бірақ жемісі мол кәсіп.
2025 жылдың Жұмысшы мамандықтар жылы болып жариялануы – қарапайым еңбек адамдарының мәртебесін көтеруге, олардың ел дамуына қосқан үлесін мойындауға арналған игі бастама.
Омаровтар отбасы – нағыз еңбекқорлықтың, төзімділік пен адалдықтың үлгісі. Олардың өмір жолы – маңдай тердің, төзім мен қажыр-қайраттың шежіресі.
Бақытжан БЕКБОЛАТ,
журналист