
Конституциялық сот президент Юн Сок Ёлге жарияланған импичментті заңды деп танып, оны қызметінен шеттетті. Бұл шешім дереу күшіне енді, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz Yonhap агенттігіне сілтеме жасап.
Өткен жылдың 3 желтоқсанында Юн Сок Ёл оппозицияны "мемлекетке қарсы әрекетке барды" деп айыптап, елде әскери жағдай енгізген еді. Ол әскер мен полицияны Ұлттық жиналыс ғимаратына жіберіп, депутаттардың бұл шешімді кері қайтаруына кедергі жасауға тырысты. Сондай-ақ бірқатар саясаткерлерді қамауға алуға бұйрық берді. Алайда депутаттар, тіпті билік партиясының өкілдері де, шұғыл жиналып, бірауыздан әскери жағдайды тоқтатуға дауыс берді. Кейін, желтоқсанның ортасында, Ұлттық жиналыс президентке Конституция мен ел заңдарын бұзды деген айыппен импичмент жариялады.
Сот Юн Сок Ёлге тағылған айыптардың басым бөлігін негізді деп тапты. Атап айтқанда, оның әскери жағдай енгізуге заңды құқығы болмағанын және әскерді парламент жұмысына кедергі келтіру үшін пайдаланғанын анықтады.
Қазір 64 жастағы экс-президенттің үстінен қылмыстық іс қозғалды. Ол "бүлік жасауға ұмтылды" деген айыппен сот алдында жауап береді. Осылайша, Юн Сок Ёл – қызмет үстінде қамауға алынған алғашқы оңтүстіккореялық президент атанды.