дүйсенбі, 23 желтоқсан, 2024 2:08

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Тараз – қолөнершілер қаласы» III халықаралық қолөнершілер фестивалі жалғасуда

Тараз – қолөнершілер қаласы» III халықаралық қолөнершілер фестивалі жалғасуда
Сурет: Тараз қаласы әкімдігі
Үш күнге жоспарланған халықаралық фестивальге Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Швейцария, Болгария, Моңғолия, Үндістан мемлекеттерінен келген қолөнершілер өз бұйымдарын ұсынған

Таразда  өтіп жатқан жәрмеңкеде түрлі қолданбалы өнер түрін дамытуға үлес қосып жүрген қолөнершілер қауымы өз туындыларын көпшілік назарына ұсынды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.

 Қолөнершілердің кәдесый бұйымдарына қала тұрғындары мен қонақтарының ықыласы ерекше. 

Әсіресе, сәндік бұйымдар мен қайталанбас дүниелерді жұртшылық тек тамашалап қана қоймай, өздеріне ұнаған затты сатып алып жатты.

Халықаралық көрменің ашылу салтанатына  Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Әбілхайыр Тамабек, шаһар басшысы Бақытжан Орынбеков, халықаралық қолөнершілер қауымдастықтарының,  туризм саласы бойынша мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың өкілдері мен сарапшылар қатысты.

Әуелі Әбілхайыр Ғалымұлы сөз алып, айшықты шараның маңызына кеңінен тоқталды.

– Ежелден Ұлы Жібек жолы бойындағы қолөнер және сауда орталықтарының бірі ретінде әлемге танымал болған тарихы терең Тараз қаласы 2022 жылдың 1 қазанында Дүниежүзілік қолөнершілер қалаларының тізіміне ресми түрде енгізілді. Бұл іс-шараны біздің өңірдің мәдени-туристік саласындағы ең ірі оқиғасы деп санауға болады!
Қолөнершілер қалаларының Дүниежүзілік тізімі 2014 жылдан бері қалыптасып келеді және бүгінгі таңда бұл тізімге әлемнің 25 мемлекетінің 65 қаласы енген. Ал біздің қасиетті Таразымыз осы тізімге 56 қала болып енгізіліп, Қазақстанның алғашқы қолөнершілер қаласы мәртебесін иеленді. Біздің сүйікті қаламыз осы тізімге өзінің үлкен туристік және қолөнершілік әлеуетінің арқасында еніп, осындай үлкен құрмет пен мәртебеге лайықты түрде ие болды.
Бүгінгі халықаралық көрмені өткізудегі негізгі мақсат – өңірдің әлемге танымалдылығы мен туристік имиджін көтеру, отандық қолөнершілерді халықаралық деңгейде танымал ету, шетелдік және жергілікті қолөнершілер арасында достық қарым-қатынас пен ынтымақтастық орнату, тәжірибе алмасу, жоғалып бара жатқан ежелгі қолөнер түрлерін сақтап қалу және қайта жаңғырту, танымал шеберлер мен  қолөнер әлеміне енді қадам басқан жас мамандардың таланттары мен талғамдарына қолдау көрсету, – деген Ә.Тамабек аталған фестиваль өңірдің мәдени-рухани және туристік салаларының дамуына жаңа серпін беріп, облыс көлемінде қолайлы туристік ахуал құруға ықпал ететінін баса айтты.

Ал Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков халықаралық фестивальдің маңыздылығына тоқталды. 

"2022 жылы  Ұлы даланың ұлағатты мәдениеті мен өнерінің негізгі бастауына айналған көне шаһар – Тараздың Дүниежүзілік қолөнершілер қалаларының тізіміне ресми түрде енуінің куәсі болған едік.  2014 жылдан бері қалыптасып келе жатқан қолөнершілер қалаларының Дүниежүзілік тізіміне бүгінде әлемдегі 25 мемлекеттен 65 қала енген. Ал бұл мерейлі мәртебеге Қазақстаннан тұңғыш рет Тараз қаласы қол жеткізді. Демек, бұл – тек өңіріміздің ғана емес, тұтас еліміздің рухани-мәдени оқиға деп санауға болады.Мәдениеті терең көне шаһарымыз үшін қолөнер саласын өркендету шағын өнеркәсіптік кәсіпкерлікті дамытуға үлкен серпініс береді деген ойдамын.  Шағын қолөнер ұйымдарының құрылуы және қолөнершілер санының өсуі нарықта тиімді бәсекелестікті дамыту үшін қолайлы алғышарттар жасайды. Тараз қаласында халқымыздың рухани құндылықтарын жаңғырту бағытында қолға алынған ауқымды жұмыстар да көңіл қуантады. Қазіргі таңда көне шаһарда қолөнермен айналысатын «Өшпес мұра», «Қолөнер-Тараз», «Қолөнершілер одағы», «Шебер Шаңырақ» қоғамдық бірлестіктері мен 190-ға жуық қолөнерші жұмыс істейді. Сондай-ақ ұлттық құндылықтарымызды ұлықтауға бағытталған тағылымға толы іс-шаралар жиі ұйымдастырылады. Осы бағытта жұмыс істеуге ниетті кәсіпкерлерге де жарқын жобаларын жүзеге асыруда жан-жақты қолдау көрсетілуде. Әсіресе, сан ғасырдан бері ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан ұлттық құндылығымызға жастарымыздың қызығушылық танытып, қолданбалы өнерді меңгеруге құштарлықтары күннен күнге  артып келеді"-деді шаhар басшысы. 

Сондай-ақ, ол  бұған дейін Тараз төрінде халықаралық қолөнершілердің бірінші, екінші фестивалі өткенін еске салып, айшықты шара аясында әлемнің түкпір-түкпірінен келген шеберлер өз туындыларын кеңінен насихаттауға мүмкіндік алғанын атап өтті. 

"Ағымдағы жылы да жалғасын тапқан халықаралық көрмеге  Өзбекстан, Кырғызстан, Тәжікстан, Ресей, Үндістан, Түркіменстан, Франция, Моңғолия, Қытай, Біріккен Араб Әмірлігінің қолөнершілері қатысуға ниет білдіріп, өз туындыларын ұсынып отыр. Осының өзі халықаралық көрме маңызының артып, көкжиегі кеңейгенін көрсетеді", - деді әкім. 

Үш күнге жалғасатын ауқымды фестиваль шеңберінде қолөнершілер көрмесі, кәдесый өнімдерін сату жәрмеңкесі, сән топтамаларының көрсетілімі, қолөнер шеберханаларының шеберлік-сыныптары мен гала-концерт сынды түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда. 

Келесі кезекте шара қонақтары «Қолөнершілер қалашығы», «Көрме галереясы» және киіз үйлерді аралап, шеберлердің қолынан шыққан тамаша туындылары қойылған. 

«Тараз – қолөнершілер қаласы» III халықаралық қолөнершілер көрмесі аясында «Аspara fashion» сән көрсетілімі қонақтар мен жиналған көпшілікке таңдаулы туындыларын ұсынды.

Сән әлемінде өзіндік бейнесін қалыптастырған «Аspara fashion» тағы да көрсетілім келушілерін таңғалдырды.

Сондай-ақ фестиваль аясында қолөнер бойынша шеберлік сабақтары, «Тараз сарыны» қолөнершілер байқауы, ғылыми-практикалық конференция, кәдесый бұйымдарын сату жәрмеңкесі және гала-концерт ұйымдастырылды. 

Бұған қоса, фестиваль аясында Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков және Дүниежүзілік қолөнершілер кеңесі өкілдерінің қатысуымен борт-митинг өтті.

Басқосуда әуелі шаһар басшысы сөз алып, қолөнер саласын дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

– 2014 жылдан бері қалыптасып келе жатқан қолөнершілер қалаларының Дүниежүзілік тізіміне бүгінде әлемдегі 25 мемлекеттен 65 қала енген. Ал бұл мерейлі мәртебеге Қазақстаннан тұңғыш рет Тараз қаласы қол жеткізді. Демек, бұл – тек өңіріміздің ғана емес, тұтас еліміздегі рухани-мәдени оқиға деп санауға болады.
Бүгінде қолөнерді дамыту мақсатында Таразда ілкімді істер қолға алынуда. Айталық, қазіргі таңда көне шаһарда қолөнермен айналысатын «Өшпес мұра», «Қолөнер Тараз», «Қолөнершілер одағы», «Шебер Шаңырақ» қоғамдық бірлестіктері мен 190-ға жуық қолөнерші жұмыс істейді. Сондай-ақ ұлттық құндылықтарымызды ұлықтауға бағытталған тағылымға толы іс-шаралар жиі ұйымдастырылады. Осы бағытта жұмыс істеуге ниетті кәсіпкерлерге де жарқын жобаларын жүзеге асыруда жан-жақты қолдау көрсетілуде. Сонымен қатар күні кеше шаһарда «Қолөнершілер үйі» өз жұмысын бастады.

 Мұнда қолөнер шеберлеріне барлық жағдай жасалған. Жастардың осында келіп, шеберлерден тәлім алуына да мүмкіндіктері мол. Осының нәтижесінде өскелең ұрпақтың қолданбалы өнерге қызығушылығы артып келеді, – деген Бақытжан Әмірбекұлы халықаралық көрменің жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан мәртебелі меймандарға алғысын жеткізді.

Сонымен қатар шара аясында дүниежүзілік қолөнершілер ұйымының 60 жылдығына орай қай мемлекеттің қай қаласы қолөнершілер тізіміне енетіні және Тараз қаласының аккредитациядан өткені туралы талқылануда. Шешімі бірер сәтте белгілі болады.

Еске сала кетсек, үш күнге жалғасатын көрме шеңберінде шеберлік сабақтары, кәдесый бұйымдарын сату жәрмеңкесі, Тараздың көрікті жерлеріне экскурсиялық тур ұйымдастырылады.

jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар