дүйсенбі, 23 желтоқсан, 2024 7:05

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Жамбылда нашақорлықпен күрес қалай жүріп жатыр

Жамбылда нашақорлықпен күрес қалай жүріп жатыр
Ашық дереккөз
Нашақорлық – ұрпақты қарусыз жоятын кесел

Жамбыл облыстық соттың судьясы Азамат Тлепов нашақорлық – адамзат баласының денсаулығы мен еліміздің ұлттық қауіпсіздігіне төнетін үлкен қатер екенін, сол себепті, онымен жүйелі түрде күрес жалғасады береді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.

Есірткі мен нашақорлыққа қарсы алдын-алу жұмыстарын атқару, жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, үгіт насихат жұмыстарын жүргізу, еліміздің болашағы — жастарды нашақорлық індетінен аластату барлық мүдделі органдардың міндеті.

Бұл тұтас ұлттың тамырына балта шабатын, халықты қарусыз жоятын кеселдің бірі. Соған орай есірткімен күрес бүгінде кез келген елді алаңдататын, ең өзекті, әлеуметтік мәселенің біріне айналды. Нашақорлық – адамзат баласының денсаулығы мен еліміздің ұлттық қауіпсіздігіне төнетін үлкен қатер дейді – Жамбыл облыстық соттың судьясы Азамат Тлепов.

Жыл сайын есірткімен күрес жұмыстары жүргізіледі. Және зиянын да қанша алдам айтып жүрсе де құлақ аспай жүргендер табылады. Есірткіні саудаға салып сату да тұтыну да заңсыз. Деседе бұндай заңсыздықтар тиылар емес. Сондай заңсыздықтардың бірі Жамбыл облысы Шу ауданынан ұсталды.

Сот тәжірибесінде есірткімен байланысты қылмыстың түрі көп. Мысалы, бірер ай бұрын М.К. есімді азаматтың ісі қаралды. Ол қылмысын өте мұқият дайындалып жасаған. Нақты айтсақ, 2022 жылдың қазан айында аса ірі мөлшердегі есірткі затын өткізуге жасырын әрекеттенген. Осы ретте айта кетсек, Н.К. есімді бір азамат арам ойын жүзеге асыру мақсатында Шу қаласынан Меркі ауылына қарай шығаберіс тасжолдың қасынан өтетін теміржолдың жағасында өсіп тұрған жабайы қарасораны жинап, оны сол жерде кептіріп, әлгі кептірілген есірткіні заңсыз иемденген. Содан кейін кептірілген марихуана есірткі затын бірнеше қапқа салып, Шу ауданы, Шу қаласындағы өз үйінің аумағында орналасқан қорасына жинап, сақтаған. Н.К. аса ірі мөлшердегі гашиш есірткі затын өткізуге бағытталған қылмыстық ойын ақырына дейін жеткізу мақсатында Меркі ауданының Жамбыл ауылындағы танысына, яғни біз сөз етіп отырған М.К. деген азаматқа 700 000 теңгеге аса ірі мөлшердегі 15 килограмм гашиш есірткі затын сатып алуға ұсыныс білдірген. Өз кезегінде М.К. Н.К.-нің ұсынысына келісіп, сатып алатынын айтқан. Сөйтіп, 2022 жылғы 14 қараша күні, 22 сағат 20 минутта М.К. аса ірі мөлшердегі гашишті сатып алу мақсатында Шу қаласындағы Н.К.-нің үйіне келген. Ары қарай Н.К. М.К.-ны аталған үйдің жатын бөлмесіне кіргізіп, 2 сөмке және пакетке аса ірі мөлшердегі 15 килограмм гашиш салынған 7 орам-брикетті салып, М.К.-ға өткізген. Ал М.К. аса ірі мөлшердегі гашиш есірткі затын өткізу мақсатында заңсыз иемденген. Содан кейін М.К. аталған сөмкелер мен пакетті көшеде тұрған өзінің «Тоyota Camry» автокөлігіне салып, заңсыз сақтаған. Сол сәтте Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті облыс бойынша департаментінің қызметкерлері Н.К. мен М.К.-ні қылмыс үстінде ұстаған. Оқиға болған жерді қарап-тексеру барысында жалпы салмағы 19 105 грамм болатын аса ірі мөлшердегі гашиш есірткі заты табылса, Н.К.-нің Шу қаласындағы үйіне, үйінің ауласына тінту жүргізу кезінде жалпы салмағы 4 965 грамдық аса ірі мөлшердегі гашиш табылған. 2023 жылы 18 қазандағы облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен М.К. ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабы, 3-бөлігінің 3-тармағымен кінәлі деп танылып, 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Реті келгенде айта кетсек, өткен жылдың 11 айында облыс соттарына 424 іс түсіп, 365 қылмыстық іс бойынша үкім шығарылды. Барлығы 389 қылмыстық іс аяқталды, 11 іс прокурорға қайтарылды, одан қалғаны – 35 іс. Сонымен бірге есепті кезеңде 383 адам сотталды. Бұл сот тәжірибесіндегі санаулы ғана мысал. Кептірілген есірткілік шөптен, синтетикалық заттар және олардың прекурсорларын жеке пайдалану және оларды тарату жастардың арасында кеңінен таралып, оңай ақша табудың көзі болып отыр. Осыған байланысты жастар арасында нашақорлықтың алдын алу жұмыстарын көбірек жүргізіп, әрбір ата-ана үйіндегі баласына бұл дерттің өзектілігі мен арты қандай жамандыққа алып келетіндігін түсіндіруі тиіс.

Бұл – қазіргі қоғамның ең өзекті проблемаларының бірі. Бүгінгі таңда, есірткіні ғаламтордан немесе түнгі клубтардан оңайшылықпен сатып алуға болады. Әдетте, алғашқы кезде сатушы есіркіні тегін ұсынады, ал тәуелділік пайда болған соң, көп ақша талап ете бастайды. Сондықтан, нашақорлар жаңа дозаға қол жеткізу үшін ұрлық немесе тонау сияқты қылмыстық әрекеттерге баруға мәжбүр болады. Нашақорлық жастардың есірткіге деген қызығушылығынан басталады. Іші пысқан немесе жаңа эмоция сезінгісі келген жасөспірім, бір рет дәмін татып көрген соң, бұл әсерді тағы да сезінгісі келеді. Осылайша, тәуелділік туындайды. Жақын адамдардың тарапынан махаббат пен жылулықтың болмауы және ата-ана мен бала арасындағы түсінбеушілік, осы дертке әкелуі мүмкін. Жас балалар есірткінің көмегімен, жанұядағы проблемалардан және жағымсыз эмоциялардан арылғысы келеді. Депрессия, бақытсыздық, мазасыздық және өз күшіне сенбеушілік. Бұл белгілер өз-өзі төмен бағалайтын және басқаларды өзінен жоғары санайтын адамдарға тән. Олар ештенеге қызығушылық танытпай, тұйық өмір сүреді. Ішкі ауруын басатын жолдарды іздеу барысында алкоголь, есірткі сияқты «көмекшілер» сахнаға шығады. Жүйке жүйесі, жүрек және бауыр қатты зардап шегеді. Ұзақ уақыт пайдалану ішкі ағзалардың жұмысын бұзады. Есірткіні қабылдауды тоқтатқаннан кейін депрессия, қатты шаршау және ұйқышылдық басталады. Ағзаны қалпына келтіру үшін уландырғыш затты қайтадан қолдану керек болады. Нашақордың өмірі түбегейлі өзгереді. Ол өтірікші, дөрекі, қатал және өзімшіл адамға айналады. Бірте-бірте оның ойлау қабілеті төмендейді. Достарының сенімін жоғалтып, жақындарынан айырылады бастайды. Жанында тек өзі сияқты нашақорлар ғана қалады.

Денсаулығын қорғай білуі, адамдық қасиетін жоғалтпауы деп есептеймін. Біздің тәуелсіз мемлекетіміздің тірегі болатын ол қазіргі жас ұрпақ, сол мемлекетімізді биік шыңдарға жеткізу, халқына қызмет ету тек қана дені сау жастарымыздың қолынан келеді.

Нашақорлық туралы қаншама айтылып, көрсетіліп жүрсе де, оның азаймағаны рас. Сондықтан бұл дертпен жалғыздықта күреспей, ел болып,халық болып біріге күрессек ғана оның алдын ала аламыз. Нашақор жандардан дүниеге дені сау перзент келуі екі талай, себебі есірткі дүние есігін әлі ашпаған,іште жатқан сәбидің ағазаларың улайды, сондықтан жастар ойланайық, болшақ ұрпағымыздың өміріне балта шаппайық.

Нашақорлыққа қарсы күрес жүргізу,оның алдын алу — біздің қолымызда, себебі біздер жаңа дәуірде елімізді сақтайтын жігерлі, мықты, денсаулығы зор ұрпақ жалғастыратын қазақ елінің салауатты ұрпағымыз. Кішкентай ғана аз ғұмырымызда тұңғиық түбіне батпай, ата-бабаларымыз бізге аманат еткен тәуелсіз еліміздің көк туын төмен түсірмей, біріге көкке көтерейік.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар