дүйсенбі, 12 мамыр, 2025 19:40

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Таразда даңқты батыр Бауыржан Момышұлының музейі ашылды

Таразда даңқты батыр Бауыржан Момышұлының музейі ашылды
Jambylinfo.kz
Жамбыл облысында Ұлы Жеңістің 80 жылдығы мен Кеңес Одағының Батыры, жазушы және даңқты қолбасшы Б.Момышұлының 115 жылдығына арналған «Бауыржан Момышұлы» музейінің ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.

Салтанатты шараға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев арнайы қатысып, көрмеге қойылған шежірелі заттардың тарихымен танысты. Батырдың ұрпақтарымен сұқбат құрды.

Облыс орталығындағы «Даңқ залы» кешені аумағында орналасқан жаңа музейде Бауыржан Момышұлының шежіресімен танысуға бар жағдай жасалған. Көрмеге Баукең өмірінің әр кезеңіндегі деректер – балалық шағы, әскери өмірі, отбасы, жеке заттары, құжаттары қойылған. Сондай-ақ, Бауыржан Момышұлының полковник шеніндегі шинелі, батырдың өзі салған карта, «Ұшқан ұя» және «Артымызда Мәскеу» шығармаларын жазған қалам мен сия сауыты да музейдің төрінен табылған.

Сонымен қатар көрмеден Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану мұражайына Бауыржан Момышұлының өзі тарту еткен жеке маузерін, Кеңес Одағының Батыры Алтын Жұлдызының және Ленин орденінің, полковниктің айдаһар бейнеленген қылышының көшірмелерін, кітаптар мен фотосуреттерін көруге мүмкіндік бар. Сонымен қатар бейбіт уақытта киген киімдері, жеке заттары (ыдыс, күміс қасықтар мен шанышқылар, қымыз бен шұбат құятын ағаш тостаған, ағаш қасық пен шөміш, шай ыдыстары мен шәй қасық), батырдың өзі ойып алған өрнектер альбомы, Құрмет грамотасы, Кеңес Одағының Батыры атағын беру туралы Жарлық, сол сияқты «Ғасыр саңлағы» мен «Ғасыр қаһарманы» атақтарын беру туралы жарлық пен құжаттар, домбыра, Куба сапарынан әкелінген заттарды көруге болады.

Сонымен бірге соғысқа дейін, соғыс кезінде және соғыстан кейінгі кезеңде батырмен бірге болған құнды екі зат та көрмеден орын алған. Оның бірі – Момышұлының 1932 жылы Қызыл Армия қатарына алғаш рет аттанған, 1956 жылдың басында запасқа шығарылған соң туған жері Қазақстанға оралғандағы чемоданы. Сондай-ақ, соғыс кезінде Бауыржан ата басқарған батальон, полк, дивизияның құпия құжаттары сақталған темір сейф. Көрмеден шинель, етік және папаха қалпақ, маузер де орын алған. Маузерге Момышұлының есімі қашалып жазылған. Жалпы соғыстан кейін Бауыржан ата шығармашылыққа, сурет салуға, ою-өрнек салуға бет бұрған-ды. Мұнда 70-тен астам бірегей оюланған фигуралар сақталған.​Көрмеде Бауыржан ата кабинетінің монтажы. Түпнұсқада Т.Ақтанов, Ә.Тәжібаев сынды дара тұлғалар отырған үстел, соғыс жылдарында да қолынан тастамаған үстел шамы, компас, сонымен қатар сағат пен фортепиано бар.

Айта кетейік, жуырда ҚР Бас прокуроры Берік Асылов пен аймақ басшысы Ербол Қарашөкеевтың қатысуымен, даңқты батырдың мерейтойына орай Жамбыл облысы және Жуалы аудандық прокуратурасында мемориалдық тақтаның салтанатты ашылу рәсімі өткен болатын.

Арайлы Жақсылық
Автор

Арайлы Жақсылық

Арайлы Жақсылық

Ұқсас жаңалықтар