дүйсенбі, 23 желтоқсан, 2024 12:00

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Таразда Халықаралық қолөнершілер көрмесі өтеді

Таразда Халықаралық қолөнершілер көрмесі өтеді
Сурет:Ашық дереккөзден алынды
Халықаралық қолөнершілер көрмесі осымен үшінші рет ұйымдастырылмақшы

Көрме 27-29 қыркүйек күндері «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінде «Тараз – қолөнершілер қаласы» атты III Халықаралық қолөнершілер көрмесі
өтеді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.

Көрмеге еліміздің үздік қолөнершілері, жақын-алыс шетелдерден келген қонақтар, еліміздің мәдениет және өнер саласының майталмандары, колөнершілерді қолдау қорлары мен ұйымдары, Ресей Федерациясы, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Швейцария, Болгария, Моңғолия, Үндістан мемлекеттерінің қолөнершілері қатысады деп күтілуде. 

Үш күнге жоспарланған іс-шара аясында қолөнершілер көрмесі, кәдесый өнімдерін сату жәрмеңкесі, сән топтамаларының көрсетілімі, қолөнер шеберханаларының мастер-класстары және өнерпаздардың қатысуымен гала-концерт болады.

Бұл көрменің маңызы зор. Себебі, ежелден Ұлы Жібек жолы бойындағы қолөнер және сауда орталықтарының бірі ретінде әлемге танымал болған тарихы терең Тараз қаласы 2022 жылдың 1 қазанында Дүниежүзілік қолөнершілер қалаларының тізіміне ресми түрде енгізілді. 

Бұл іс-шараны біздің өңірдің мәдени-туристік саласындағы ең ірі оқиға деп санауға болады. Қолөнершілер қалаларының Дүниежүзілік тізімі 2014 жылдан бері қалыптасып келеді және бүгінгі таңда бұл тізімге әлемнің 25 мемлекетінің 65 қаласы еніп отыр.

Азия-Тынық мұхиты қолөнершілерінің Дүниежүзілік Кеңесінің (WCC-APR) штаб-пәтері Эль-Кувейтте орналасқан. Президенті Саад-аль Каддуми. 
Ал біздің қасиетті Тараз қаласы осы тізімге 56 қала болып енгізіліп, Қазақстанның алғашқы қолөнершілер қаласы мәртебесіне ие болды. Тараз өзінің үлкен туристік және қолөнершілік әлеуетінің арқасында еніп, осындай үлкен құрмет пен мәртебеге лайықты түрде ие болып отырғанын ерекше атап өткен жөн. 

"1964 жылы Бельгияда халықаралық ұйым ретінде тіркелген, құрамында әлемнің 20 елінің өкілдері бар, Дүниежүзілік қолөнершілер кеңесінің талаптарына сәйкес, Тараз қаласында жыл сайын Халықаралық қолөнершілер көрмесі өткізілуі тиіс. Оның үстіне, ағымдағы жылы Тараз қаласы 2 жылдық аккредитациядан өтуі қажет. Халықаралық көрмені өткізудегі негізгі мақсат – өңірдің әлемге танымалдылығы мен туристік имиджін көтеру, отандық қолөнершілерді халықаралық деңгейде танымал ету, шетелдік және жергілікті қолөнершілер арасында достық қарым-қатынас пен ынтымақтастық орнату, тәжірибе алмасу, бәсекелестікке төтеп беру, жоғалып бара жатқан ежелгі қолөнер түрлерін сақтап қалу және қайта жаңғырту, танымал шеберлер мен  қолөнер әлеміне енді қадам басқан жас мамандардың таланттары мен талғамдарына қолдау көрсету" - дейді ұйымдастырушылар. 

Айта кетейік, көрмеге еліміздің үздік қолөнершілері, жақын-алыс шетелдерден келген қонақтар, еліміздің мәдениет және өнер саласының майталмандары, колөнершілерді қолдау қорлары мен ұйымдары, жалпы алғанда 200-ден астам қолөнершілер қатысады. 

Сонымен қатар Тараз қаласының тарихи орындары мен көрікті жерлерін аралау бойынша ақпараттық турлар ұйымдастыру қарастырылған. Бұл ауқымды оқиға өңірдің мәдени-рухани және туристік салаларының дамуына жаңа серпін беріп, облыс көлемінде қолайлы туристік ахуал құруға ықпал етеді.

 

jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар