Таразда халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне арналған жастар форумы өтті
- авторСадуақас Айсұлу
- 9 желтоқсан, 2024
- 375
Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне арналған «Адал жастар – парасатты қоғам кепілі» форумы өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Жастар жиылған форумда Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Серік Сәлемов сөз сөйлеп, адалдық ұғымының мағынасы терең, қоғамға ең керек қасиет екенін атап өтті.
- Бүгінгі күні біздің қоғамға ең керек нәрсе ол - адалдық. Әсіресе жастарды шыншылдыққа тәрбиелеп, туған жерге қалтқысыз қызмет етуге баулу басты назарда. Қазір ғылым мен білімнің заманы. Сол үшін талапты, дарынды, адал, еңбекқор, білімді жастар заманауи Қазақстанның жарқын келбеті. Әр салада адалдық басты орында тұрса, әділ қоғам орнайтыны сөзсіз,- деді Серік Сәлемов.
Биыл өңірде сыбайлас жемқорлыққа қарсы 200-ден аса іс-шаралар мен кездесулер өткізілген. Бұл туралы жиында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департамент басшысының бірінші орынбасары Дәурен Омаров айтты. Оның сөзінше, жемқорлықпен күрес мәселесі күн тәртібіндегі маңызды проблеманың бірі. Сол үшін бұл бойынша атқарылатын жұмыс аз емес.
Сонымен қатар Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының ректоры Махметғали Сарыбеков студенттер арасында жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталды.
- Бүгінгі форумның тақырыбы өте өзекті. Бұл жайлы халқымыздың әдебиет өкілдері өз шығармаларында жазған. Президентіміз де Жолдауларында айтып отырады. Сыбайлас жемқорлықпен күрес кешенді түрде жүргізілуі керек. Осыны біз қолға алдық,- деді Махметғали Сарыбеков.
Жастар форумында «Адалдық сағаты» акциясы аясында әзірленген «Тау тұлғалы Тұрар» бейнедәрісі көрсетілді. Сондай-ақ Тараз қаласы №39 мектеп-гимназиясының «Адал ұрпақ» клубы «Заң бәріне ортақ» сахналық қойылымын қойып, Жамбыл жоғары медициналық колледжінің студенті Смайл Бақтияр «Жемқорлық жетер түбімізге» атты шығармасын оқыды. «Жас шерханшылар» клубының «Ақиқаттың алдаспаны» композициясы да көрініс тапты.
Жиын соңында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыруға үлес қосқан қоғам белсенділерін марапаттау рәсімі өтті.
Ұқсас жаңалықтар
Ербол Қарашөкеев: «Тойымыз кішігірім асханада өтті»
- авторСадуақас Айсұлу
- 18 желтоқсан, 2024
Қайсар Бекенов ҚФФ басқарушы директоры қызметіне тағайындалды
- авторСадуақас Айсұлу
- 18 желтоқсан, 2024